Мыңжылдықтарға мызғымастан ұласатын Мәңгілік ел құру – халқымыздың әрқашан аңсарлы арманы болған. ХХ ғасыр түгесілер тұста тәуелсіздігін қалпына келтіріп, Елбасының басшылығымен жаңа мемлекеттілігінің негізін қалаған Қазақстан өз алдына ірі, тарихи, өршіл міндет қойып отыр: қазақ елі ХХІ ғасырда жаһандық отыз көшбасшының қатарына қосылуы керек. Бұл ретте Тұңғыш Президенттің бес институционалдық реформасы ұлттық арман асуын алуға, биік мұраттың белесіне көтерілуге жол ашады.
Жүз қадамның 72-сі жүзеге асты
– Бес институттық реформа – ел дәл осындай бірізділікпен өтуі тиіс бес қадам! Тек осындай жағдайда ғана реформаларымыз тиімді, ал қоғам мен мемлекет біртұтас және тұрақты болады. Нақ осындай жолдан барлық табысты мемлекет өткен, – деді Елбасы, партия Төрағасы Нұрсұлтан Назарбаев «Nur Otan» партиясының XVI съезінде сөйлеген сөзінде. 2015 жылғы 11 наурыздағы сол съезде Қазақстанның Тұңғыш Президенті 5 институттық реформасын жария еткен болатын. Еске сала кетсек, бірінші реформа – экономикалық бағдарламаларды табысты жүзеге асыруды және мемқызметтерді сапалы ұсынуды қамтамасыз ететін заманауи, кәсіби мемлекеттік аппаратты қалыптастыру. Екінші реформа – меншік құқығына кепілдік беретін, кәсіпкерлік қызметке, келісімшарттық міндеттемелерді қорғауға жағдай жасайтын, түптеп келгенде экономикалық өсім үшін негіз болатын заңның үстемдігін қамтамасыз ету. Үшінші реформа – индустрияландыру және әртараптандыруға негізделген экономикалық өсім, төртіншісі – болашағы біртұтас ұлт, бесіншісі – транспарентті, есеп беруші мемлекет. Елбасы тұрақты өсімге қол жеткізу және Қазақстанды дамыған елдер санатына қосу үшін елде институционалдық орта жағдайын жақсартатын терең реформалар қажет екенін айтты. Осы бес реформа жинала келіп, Қазақстанның мемлекеттілігін нығайту, әлемдегі дамыған 30 елдің қатарына ену үшін жағдайлар жасайды. Бұл – «Қазақстан-2050» Стратегиясын орындауға бастар жол. Бес институттық реформаның әрқайсысы – «ел үшін орасан зор сын-тегеурін және үлкен жұмыс». Мұндай реформаларды тек билік пен халықтың мықты ерік-жігері ғана ілгерілете алады. Әлемдік тәжірибе паш еткендей, күшті мемлекет, дамыған және либералды қоғам қалыптасуы үшін елдің алға 40-50 жыл бойы тұрақты қозғалысы қажет. Тиісінше, 2030 жылға қарай Қазақстан өзі үшін шешуші 40 жылдық межеге жетеді. Осы орайда 2015 жылғы 20 мамырда «Н.Назарбаевтың Бес институционалдық реформасын жүзеге асырудың 100 қадамы» Ұлт жоспары жарияланды. Ол институционалдық реформаларды нақтылай түсті және реформалар өмірге жолдама алуы үшін қандай жобалар мен бастамалар жүзеге асырылуы тиістігін айқындады. Нәтижесінде, 2016 жылғы 1 қаңтарда осы жүз нақты қадамнан құралған Ұлт жоспарын орындаудың практикалық кезеңі басталды. Үкіметтің дерегінше, 2021 жылғы қыркүйектегі жағдай бойынша Ұлт жоспарындағы 100 қадамның 72-сі іске асырылды. Салыстырсақ, 2019 жыл қорытындысында жүз қадамның 58-і орындалған болатын. Атап айтқанда, қазіргі кезде «Кәсіби мемлекеттік аппаратты қалыптастыру» бағыты бойынша 15 қадамның – 13-і, «Заң үстемдігін қамтамасыз ету» бағыты бойынша барлық 19 қадам, «Индустрияландыру және экономикалық өсім» бағыты бойынша 50 қадамның – 27-сі, «Болашағы біртұтас ұлт: бірегейлік және бірлік» бағыты бойынша 6 қадамның – 3-еуі, «Есеп беретін мемлекетті қалыптастыру» бағыты бойынша 10 қадамның бәрі орындалды.Бес реформа жаңа мазмұнмен толығуда
Биыл 5 реформаны орындау жөніндегі 100 нақты қадамның «Кәсіби мемлекеттік аппаратты қалыптастыру» және «Индустрияландыру және экономикалық өсім» бағыттары бойынша 9 қадамның іс-шаралары жүзеге асырылып жатыр. Бұл реформалар мазмұны бүгінде өзге де іс-шаралармен толықтырылып отыр. Атап айтқанда, Үкімет құрылыс саласындағы жобаларға мемлекеттік сараптаманы бәсекелі ортаға беру, қатты пайдалы қазбалар мен көмірсутек шикізаты қорлары бойынша есептілік стандарттарының халықаралық жүйесін енгізу, Технологиялық даму орталықтарын құру, ЭЫДҰ стандарттарына сәйкес монополияға қарсы органның қызметін одан әрі жетілдіру, АХҚО және Қазақстандағы капитал, қор нарықтарын дамыту мәселелерін пысықтап жатыр. Елбасының Ұлт жоспарын ел Президенті Қ.Тоқаевтың Жолдауларымен ұштастырған Үкімет барлық тірек және серіктес ауылдық елді мекендерді фельдшерлік-акушерлік пункттермен және дәрігер амбулаторияларымен қамтамасыз етуге, студенттер жатақханаларын салуға, мемлекеттік органдар мен квазимемлекеттік сектордың деректер базасының интеграцияланған жүйесін құруға қатысты жұмысты қолға алды.Кәсіпкерлік қызмет саласында жаңа реттеушілік саясатты енгізуге ерекше мән берілуде. Тиісті заң жобасын Үкімет әзірлеп, Мәжіліс қарауына енгізді. Кәсіпкерлік қызметті реттеудегі жаңа тәсілдерді іске асыру бизнеске жүктемені түбегейлі азайтуға және жаңа экономикалық шынайылықта іскерлік белсенділікті дамытуға мүмкіндік береді.Стратегиялық инвесторларды, бірінші кезекте жаңа жұмыс орындарын құруды қамтамасыз ететін экономиканың басым секторларындағы жаңа ірі жобаларға тартуға күш салынады. Яғни, бірінші бесжылдықтың өзінде біраз іс тындырылған, қомақты нәтижелерге қол жеткізілген. Дегенмен жеткенге тоқмейілсіп қалуға болмайды. Билік Ұлт жоспарын толық әрі сапалы жүзеге асыруға ниетті. Сондықтан Премьер-Министр барлық меморганға «Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың бес институционалдық реформасын іске асыру жөніндегі 100 нақты қадам» Ұлт жоспарын және Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың биылғы Жолдауын толық және сапалы орындау бойынша белсенді жұмысты жалғастыруды жүктеді. Жалпы, бес реформаның әрбір бағыты бойынша жалпы міндеттер емес, нақты тапсырмалар белгіленген. Олардың ұйымдастырушылық және заңнамалық тұғырын түзу үшін орасан зор жұмыс атқарылды. Бұл жұмысқа арнайы орган – 2017 жылы құрылған Жаңғырту жөніндегі ұлттық комиссия жетекшілік етеді, ал орындалу барысы оның селекторлық отырысында қаралады.
Бес реформа ел өмірін қалай өзгертті?
Бес институционалдық реформа және 100 нақты қадам Ұлт жоспары аясында қолға алынған жұмыс шынымен де ауқымды. Мысалы, кәсіби мемлекеттік аппаратты қалыптастыру және жергілікті өзін-өзі дамыту аясында ауылда әкімдер сайлауы өткізілді, ауылдықтар сайлау және жергілікті қоғамдастықтың жиналысы арқылы биліктегі шешім қабылдау процесіне кеңірек қатыса бастады. Алда «Кеңестер» құрылып, ол ауылдың өзіндік «Парламентіне» айналмақ. Сондай-ақ ел тарихында алғаш рет, 2020 жылы бюджеттің төртінші деңгейі – ауылдық округ, ауыл, кент және аудандық маңыздағы қала бюджеті құрылды. Таяуда, 28 қазанда Сенат «Кейбір заңнамалық актілерге мемлекеттік басқару деңгейлері арасында өкілеттіктерді қайта бөлу мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын бірінші оқылымда қабылдады. Ондағы жаңа нормаларға сәйкес, Үкіметтің біраз өкілеттігі – 63 функциясы министрліктерге беріледі. Өз кезегінде министрліктердің бірқатар өкілеттігі әкімдіктерге табысталады. «Жоба – алдыңғы әкімшілік реформалардың қисынды жалғасы. Орталық және жергілікті деңгейдегі мемлекеттік функцияларды талдау бойынша ауқымды жұмыс жүргізілді. 46 заңнамалық актіге, оның ішінде 2 кодекс пен 44 заңға түзетулер қарастырылды. Үкіметтен министрліктерге 63 функция тиеді, 5-еуін жергілікті атқарушы органдарға беру жолымен 68 функция қайта бөлінеді. Бұл ретте 4 меморган қосымша өкілеттіктерге ие болады», – деді Ұлттық экономика министрі Әсет Ерғалиев. Заң мембасқарудың тиімді жүйесін құрудағы кезекті қадам және оның дербестігін одан ары арттыруы тиіс. Бес реформаның болашаққа бағдарланған жоба екенін дәлелдей түсетін жайт бар. Мысалы, «100 нақты қадам» Ұлт жоспарының 20-қадамында: «Барлық сот процестерін видео және аудиотіркеу міндетті түрде енгізілсін. Судьяның бейнежазуды тоқтатуға немесе аудиожазу материалдарын редакциялауға мүмкіндігі болмауы тиіс» деп жазылған. Бұл тапсырма орындалып, барлық дерлік сот залы аудио, видеоқұрылғылармен жабдықталды. Мұның пайдасын ел пандемия заманында көруде. Бүгінде сот отырыстарының көбі онлайн режимде өтеді. Нәтижесінде, бұрынғыдай астанада өтетін сот процестеріне еліміздің өзге өңірлерінде тұратын куәгерлерді тегіс алдыртып жатудың немесе бір залға барлық қатысушыны жинаудың қажеттілігі қалмады. Осылайша, індетке қарсы шектеу шаралары да сақталады әрі бұл сот процесіне қатысушы тараптарға да әлдеқайда жеңіл. Заң үстемдігін орнату бағытында салмақты ілгерілеушілік бар. Қазақстанда 2015 жылдан бастап, жаңа Азаматтық процестік, Қылмыстық, Қылмыстық-процестік, Қылмыстық-атқару кодекстері күшіне енді. Олардың қабылдануы қылмыстық және азаматтық заңнама жүйесін өзгертіп, оны адам құқығын қорғау саласындағы халықаралық стандарттарға жақындатты. 2015 жылғы 29 қазанда «Бизнестің конституциясы» аталған Кәсіпкерлік кодекс өмірге жолдама алды. Бес реформа аясында сыбайлас жемқорлықпен күрес жүргізілуде: саладағы жаңа саясат коррупциялық бұзушылықтардың алдын алуға бағдарланған. Бұған қоса, сот жүйесі реформалануда, судьяларды іріктеудің біліктілік талаптары қатайтылды. Бұл істегі жетістіктер де мемлекетті басқарудың бүкіл жүйесінің тиімділігін арттыруға ықпал етеді. Заманауи жаңа дәуір әр мемлекеттің алдында маңызды таңдау қойды: не трансформацияланып, жаңғыру, не консервацияланып, құлдырау. Өзгерістер кезеңінен реформаларды табысты жүргізуге қабілеттілер ғана лайықты өте алады. Қазақстанда құрылымдық жаңғырулар жалғасуда. Елбасы Н.Назарбаевтың бес институционалдық реформасы Президент Қ.Тоқаевтың бастамалары аясында сабақтастығын сақтап қана қоймай, жаңа серпін алды. Бес реформаны жүзеге асыру «алдағы 10-15 жылға арналған бірінші кезекті жалпыұлттық міндет» ретінде белгіленген болатын. Демек, 2030 жылға қарай Қазақстан әлемдегі ең озық отыз ұлттың қатарынан орын алуға жақын қалуы, тіпті мұратына жетуі мүмкін. Бәрі еліміздің бес реформаны қаншалықты жылдам әрі тиімді іске асыра алғанына байланысты болмақ. Қалай болғанда да, ұлы реформаларды бастай отырып, Қазақстан Мәңгілік елге жол салды.Айхан ШӘРІП