Экология министрлігі Қоғамдық тыңдауларды интернетте пікір білдірумен ауыстыруға тырысуда – Nur Otan
Экология министрлігі Қоғамдық тыңдауларды интернетте пікір білдірумен ауыстыруға тырысуда – Nur Otan
166
оқылды

Суды үнемдеп пайдалану, қалдықтарды қайта өңдеу және аймақтардағы қоршаған ортаны қорғау проблемаларын шешу. Осы және өзге де түйінді мәселелер «Nur Otan» жанындағы Экологиялық кеңестің отырысында талқыланды деп хабарлайды партияның баспасөз қызметі.

Экология, геология және табиғи ресурстар вице-министрі Ахметжан Пірімқұлов партиялықтарды «Жасыл Қазақстан» Ұлттық жобасын жүзеге асыру жоспары туралы хабардар етті. Оның айтуынша, суару кезіндегі су шығынын қысқарту үшін 401 каналды реконструкциялау және тағы 212-сін цифрландыру жоспарланып отыр. «Сырдария өзенінің проблемаларын шешу және Арал теңізінің солтүстік бөлігін сақтау жұмыстарын жалғастырамыз. 4 көл – Бурабай, Шортанды, Қопа, Шалқар қалпына келтіріледі. Тұрмыстық қатты қалдықтарды кәдеге жарату үлесі қалдықтарды энергетикалық утилизациялау нысандарын салу есебінен 18-ден 34%-ға дейін өседі. Жалпы, ұлттық жобаны іске асыру арқылы 60 мыңға жуық жұмыс орны ашылады», - деді вице-министр. Ведомствоның қалдықтарды өңдеуге қатысты кемшіліктеріне Кеңес төрағасының орынбасары, Мәжіліс депутаты Еділ Жаңбыршин назар аударды. Оның айтуынша, көптеген өңірлерде қоқысты бөлек жинау процесі жолға қойылмаған. «Біздегі тұрмыстық қатты қалдықтарды жинау және тасымалдау операторлары, полигондардың иелері және қайта өңдеуші компаниялар бір-бірінен мүлдем бөлек салада жұмыс істеп жатқандай. Құрамында сынабы бар қалдықтарды жинауға арналған контейнерлердің жағдайы ше? Кезінде мұндай контейнерлер Ақтауда қойылып еді. Бірақ олар әлдеқашан сынған. Мұндай қалдықтар қазір қайда тасымалданады, оларды кім жояды? Тек контейнер орнатумен мәселе шешілмейді»,- деді Еділ Жаңбыршин. Сонымен қатар, Кеңес мүшесі, Мәжіліс депутаты Дүйсенбай Тұрғанов Жайық өзенінің жайын қозғады. «Талқылаумен айналысып келе жатқанымызға 10 жылдан астам уақыт болды. Әлі күнге дейін нақты іс-әрекет жоқ. Тек қана зерттеу. Жайықты ерекше мемлекеттік маңызы бар су нысандарының қатарына қосуды сұрап, бір жыл бұрын ресми сауал жолдадым, бірақ әлі күнге дейін ештеңе жасалмады», - деді халық қалаулысы. Экология министрлігі жұмысының жабықтығына «Nur Otan» партиясының Батыс Қазақстан облыстық филиалы жанындағы экокеңес төрағасы Дархан Сариев назар аударды. «Қазақстан-Ресей комиссиясының Жайық бойынша жұмысы жасырын жүргізілуде. Ешқандай ақпарат жоқ. Жалпы, біздегі суға қатысты проблемалар – гидрологиялық аналитиканың әлсіздігінің салдары. Мәселен, облыстағы жеке компаниялардың бірінде 18 гидрологиялық бекет бар, ал мемлекетте бүкіл өңір бойынша бар болғаны 20 ғана. Олар барлық негізгі су нысандарына жетпейді. Жер асты сулары бойынша да зерттеулердің бар-жоғы түсініксіз», - деді Дархан Сариев. Өз кезегінде «Nur Otan» партиясы Қарағанды облыстық филиалы жанындағы экологиялық кеңестің мүшесі Дмитрий Калмыков Экология министрлігінің Қоғамдық тыңдаулар өткізудің жаңа ережелері жобасын сынға алды. «Құжат толыққанды қоғамдық тыңдауларды ecoportal.kz-те қаралатын құжаттарға біржақты пікір білдіруге ауыстыруды қарастырады. Сонымен қатар, мұнда тұрғындардың сұрақ қоюға және оларға жауап алуға мүмкіндігі жоқ. Уәкілетті орган азаматтардың ақпаратқа және шешім қабылдау рәсіміне қол жеткізу құқықтары мен мүмкіндіктерін едәуір қысқартуды ұсынатыны ереже жобасын талдаудан анық көрінеді», – деді Дмитрий Калмыков. Отырыс барысында нұротандықтар партияның өңірлік филиалдары жанындағы Экологиялық кеңестер жұмысының аралық қорытындысын шығарды. Мысалы, Солтүстік Қазақстан облысында Айыртау және Ғ.Мүсірепов атындағы аудандарда уран кен орындарына қатысты мәселелердің түйіні тарқауға таяу. Қазіргі уақытта аудандық әкімдіктермен өңделген уран кеніштері коммуналдық меншікке қабылданып, ауылдық округтер әкімдіктерінің балансына бекітілді. Биыл 100 мыңнан астам ағаш отырғызылған Қызылорда облысының экологиялық проблемалары да өз шешімін табуда. Алматы қаласында партия мүшелерінің белсенді жұмысының арқасында қоқыстарды шығару және барлық бей-берекет қоқыс орындары жойылды. Кеңес төрағасы Елдос Абақанов атап өткендей, партияның сайлауалды уәделері аясында Алматыда ЖЭО-2-ні газға көшіру және 1 млн. ағаш отырғызу қарастырылған. Тұрмыстық қатты қалдықтарды қайта өңдеу және кәдеге жарату үлесі 8-ден 14%-ға дейін өсті.

Жиын қорытындысында Экология министрлігіне бірқатар ұсынымдар әзірленді. Атап айтқанда, «Жасыл Қазақстан» Ұлттық жобасының іске асырылуына партиялық мониторингті қамтамасыз ету, қалдықтарды басқару саласында озық технологияларды одан әрі енгізу. Сонымен қатар, Жайық өзенінің проблемаларына қатысты Кеңес арнайы отырыс өткізеді.