Жамбыл облысы Қаратау қаласында «Қазфосфат» ЖШС-ның демеушілігімен «Тәуелсіздікке 30 жыл» атты саябақ ашылды. Саябақтың ашылу салтанатына Жамбыл облысының әкімі Бердібек Сапарбаев қатысып, көпшілікті қуанышымен құттықтады.
– Биыл еліміз үшін мерейлі жыл. Ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығын атап өтудеміз. Тұңғыш Президент – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың салиқалы саясатының арқасында Қазақстан тәуелсіздік жылдарында барлық салада елеулі табыстарға қол жеткізді. Ол жетістіктердің негізі – қоғамдағы бірлік пен келісім. Елбасының сарабдал саясатын Президент Қасым-Жомарт Тоқаев лайықты жалғастырып келеді. Біз осы бағытта әрі қарай да ілгерілей беретін боламыз. Жергілікті билік мемлекеттік бағдарламалардың мүмкіндіктерін пайдаланып, бизнеспен тығыз ынтымақтастық орната отырып, азаматтардың әл-ауқатын арттыру үшін қолдан келгеннің бәрін жасауы тиіс, – деді облыс әкімі. Сондай-ақ аймақ басшысы «Қазфосфат» ЖШС-ның бас директоры Нұрхан Нұрланов пен мердігер «Интеграл Строй» ЖШС-на тәуелсіздік мерейтойына орай тамаша тарту жасағаны үшін алғысын білдірді. «Қазфосфат» ЖШС саябақ құрылысына 80 миллион теңге бөлсе, мұнда әткеншектер, сырғанақ, шағын футбол алаңы мен «стрит воркаут» алаңшалары қойылған. Сондай-ақ саябақ аумағына шыршалар отырғызылған. – Мен Қаратауда 2005 жылдан бері тұрамын. Қалада қазір оң өзгерістер байқалады. Бүгін біз үшін үлкен мереке. Өйткені жыл сайын шаһар тұрғындарының саны өсіп келеді десек, олардың бір мезгіл тынығуына саябақтың пайдасы орасан болып тұр. Кейінгі жылдары қаладағы жолдар мен тротуарлар күрделі жөндеуден өтіп, тұрғын үйлер құрылысы жүріп жатыр. Бұл үшін мемлекет, облыс басшылығына айтар алғысымыз шексіз, – дейді қала тұрғыны Ольга Стурова. «Қазфосфат» ЖШС Қаратау қаласындағы көппәтерлі тұрғын үйді қайта құруға да 1,2 миллиард теңге бөліп отыр. Оның да игілігін тұрғындар алдағы уақытта көретін болады.Саятхан САТЫЛҒАН, Жамбыл облысы