«Тәуелсіздікке 30 жыл» саябағы ашылды
«Тәуелсіздікке 30 жыл» саябағы ашылды

Жамбыл облысы Қаратау қаласында «Қазфосфат» ЖШС-ның  демеушілігімен  «Тәуелсіздікке 30 жыл» атты саябақ ашылды. Саябақтың ашылу салтанатына Жамбыл облысының әкімі Бердібек Сапарбаев қатысып, көпшілікті қуанышымен құт­тықтады.

– Биыл еліміз үшін мерейлі жыл. Ел Тәуелсіздігінің 30 жылды­ғын атап өтудеміз. Тұңғыш Президент – Елбасы Нұрсұлтан Назар­баев­­тың салиқалы саясаты­ның арқасында Қазақстан тәуел­сіздік жылдарында барлық салада елеулі табыстарға қол жеткізді. Ол жетіс­тік­тердің негізі – қоғамдағы бірлік пен келісім. Елбасының сарабдал саясатын Президент Қасым-Жомарт Тоқаев лайықты жалғас­тырып келеді. Біз осы бағыт­та әрі қарай да ілгерілей беретін боламыз. Жергілікті билік мемлекеттік бағ­дар­ламалардың мүмкін­дік­терін пай­даланып, бизнеспен тығыз ын­тымақтастық орната отырып, азамат­тардың әл-ауқатын арттыру үшін қолдан келгеннің бәрін жасауы тиіс, – деді облыс әкімі. Сондай-ақ аймақ басшысы «Қазфосфат» ЖШС-ның бас директоры Нұрхан Нұрланов пен мердігер «Интеграл Строй» ЖШС-на тәуелсіздік мерейтойына орай тамаша тарту жасағаны үшін алғы­сын білдірді. «Қазфосфат» ЖШС саябақ құрылысына 80 миллион теңге бөлсе, мұнда әткеншектер, сыр­ғанақ, шағын футбол алаңы мен  «стрит воркаут» алаңшалары қо­йыл­ған. Сондай-ақ саябақ аума­ғына шыршалар отырғызылған. – Мен Қаратауда 2005 жылдан бері тұрамын. Қалада қазір оң өзгерістер байқалады. Бүгін біз үшін үлкен мереке. Өйткені жыл сайын шаһар тұрғындарының саны өсіп келеді десек, олардың бір мезгіл тынығуына  саябақтың  пайдасы орасан  болып тұр. Кейінгі жылдары  қаладағы жолдар мен тротуарлар күрделі жөндеуден өтіп, тұрғын үйлер құрылысы жүріп жатыр. Бұл үшін мемлекет, облыс басшылығына айтар алғысымыз шексіз, – дейді қала тұрғыны  Ольга Стурова. «Қазфосфат» ЖШС Қаратау қаласындағы көппәтерлі тұрғын үйді қайта құруға да 1,2 миллиард теңге бөліп отыр. Оның да игілігін тұрғындар алдағы уақытта көретін болады.  

Саятхан САТЫЛҒАН, Жамбыл облысы