Қазақстан – сайлау жүйесінің өзіндік саяси-құқықтық тарихы бар мемлекет. Соның ішінде тәуелсіздік алған соңғы 30 жылда еліміздің саяси өмірі тартысты додаларға толы болды. Бүгінде елімізде 20-дан астам мемлекеттік маңызды сайлау науқаны өткен екен. Бұл еліміздегі саяси конъюктураны халықаралық озық стандарттарға тән сипатпен дамытуға ұмтылыстардың пәрменді екенін көрсетеді.
Басқару институты – халық билігінің өкілі
Тәуелсіздік алған соң жас Қазақстан мемлекетінің алдында халықаралық стандартқа сай сайлау өткізу талабы тұрды. Демократиялық құндылықтарды басшылыққа алатын бұл институт үш негізгі құқықты басшылыққа алатын. Олар: елді басқаруға қатысу құқы, сайлау (дауыс беру) және сайлану (кандидат болу) құқы, мемлекеттік қызметке тең қолжетімділік құқы. Жалпыға бірдей адам құқығы декларациясында халықтың ерік-жігері үкіметтік биліктің негізі болуы тиіс екені айтылған. Қазақстан үшін де халықаралық қауымдастыққа кірігуі үшін осы жаңашылдықтарды қабылдауы қажет болды. Бұл талаптар бірден Қазақстанның 1995 жылғы Конституциясында айқындалды. Яғни, мемлекеттік билікті ұйымдастырудың негізгі қағидаты ретінде – ерікті сайлау жолы таңдалып алынса, мемлекеттік биліктің бірден-бір көзі – халық. Осы Ата Заңның 33-бабымен еліміздің 18 жасқа толған азаматтарына тегiне, әлеуметтiк, лауазымдық және мүлiктiк жағдайына, жынысына, нәсiлiне, ұлтына, тiлiне, дiнге көзқарасына, нанымына, тұрғылықты жерiне немесе кез келген өзге де жағдаяттарға қарамастан, мемлекеттік органдар мен жергілікті өзін-өзі басқару органдарын сайлауға және оларға сайлануға, сондай-ақ республикалық референдумға қатысу құқығына кепілдік берілді. Бұл процедураларға тек қана сот iс-әрекетке қабілетсiз деп таныған, сондай-ақ сот үкiмiмен бас бостандығынан айыру орындарында отырған азаматтардың қатысуға құқы жоқ. Қазақстан беделді халықаралық ұйымдардың белсенді мүшесі бола отырып, өзі қабылдаған ерікті және бәсекелі сайлау өткізу жөніндегі барлық міндеттемелерді ұстанып келеді. Елімізде Мемлекет басшысын сайлау және Қазақстан Парламентін, сондай-ақ жергілікті өкілді органдарды құру ұлттық заңнамаға және Жалпыға бірдей адам құқығы декларациясына (1948 ж.), Халықаралық азаматтық және саяси құқықтар туралы пактіге (1966 ж.), Еуропалық адам құқығы мен негізгі бостандықты қорғау туралы конвенциясына (№1 Хаттама, 1952 ж.), ЕҚЫҰ-ның Копенгаген кеңесінің құжатына (1990 ж.) енгізілген демократиялық сайлаудың жалпыға танымал принциптеріне сәйкес ашықтық және жариялылық жағдайында өтеді. Сайлау және сайлану құқығы 1995 жылғы қыркүйекте қабылданған «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» конституциялық заңда реттелген. Конституцияның және аталған заңның ережелеріне сәйкес Президентті, Парламент Мәжілісі мен жергілікті өкілді органдар депутаттарын, сондай-ақ Қазақстан Республикасының жергілікті органдарының мүшелерін сайлау жалпыға бiрдей, тең және төте сайлау құқығы негiзiнде жасырын дауыс беру жағдайында өткiзiледi. Қазақстан Президенті бес жыл мерзімге сайланады. Республика Президенті болып тумысынан республика азаматы болып табылатын 40 жасқа толған, мемлекеттік тілді еркін меңгерген әрі Қазақстанда соңғы 15 жыл тұратын республика азаматы сайлана алады. Сенаттан және Мәжіліс секілді екі палатадан тұратын ел Парламенті – билік институтының заң шығарушы бір тармағы. Оған ел аумағында соңғы он жылда тұрақты тұрып жатқан кез келген Қазақстанның азаматы депутат бола алады. Сенат 49 депутаттан тұрады. Қоғамның ұлттық-мәдени және өзге де елеулі мүдделерінің қамтамасыз ету қажеттілігі ескеріліп, Сенаттың 15 депутатын Мемлекет басшысы тағайындайтын болып белгіленген. Ал қалған 34 депутат әр облыстан, Нұр-Сұлтан, Алматы және Шымкент қалаларынан екі адамнан сайланады. Мәжіліс 107 депутаттан тұрады. Олардың 98-і Парламент Мәжілісі депутаттарын партиялық тізімдер бойынша тепе-теңдік сайлау жүйесі бойынша сайланады. Мұндай жүйе биылдан бастап қолданысқа енгізіліп отыр. Тоғыз депутатты Қазақстан халқы Ассамблеясы сайлайды. Жасы 25-ке толған адам Мәжіліс депутаты бола алады. Бұған дейін Мәжіліс депутаттарын сайлау аралас сайлау жүйесі бойынша өткізілетін. Яғни, 67 депутат бір мандаттық сайлау округі бойынша сайланып, ал 10-ы – саяси партиялардың тізімі бойынша сайланатын.Заң түзелді, сайлаушы сен де түзел
Әрине, жас мемлекеттің қалыптасу, даму тарихында демократиялық құндылықтарды басшылыққа ала отырып өткізілген сайлау науқандары мінсіз деп айтудан аулақпыз. Өйткені дүниежүзінде әбден жетілдірілген сайлау жүйесі әлі де болса қалыптасып болған жоқ. Ғасырлық демократиялық дәстүрі бар ежелгі мемлекеттердің өзінде де әрбір сайлау науқандарын ұйымдастыру мен өткізу барысында кемшіліктер табылады. Сондықтан да «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» конституциялық заң үнемі жетілдіріліп, заманауи әлемнің реалийлеріне сәйкес түзетіліп отырады. Мәселен, 1995 жылғы қыркүйекте қабылданған бұл заңға содан бері 14 рет өзгерістер мен толықтыруларға ұшыраған екен. Жалпы алғанда, 792-ден астам түзету енген. Осылайша, еліміздің сайлау заңнамасы ЕҚЫҰ-ның 1990 жылғы Копенгаген құжаты қалыптастырған сайлау құқығының негізгі қағидаттарына сай, Қазақстан Конституциясына негізделген сайлау жүйесін құруға мүмкіндік береді. «Сайлау туралы» заңға неғұрлым тұжырымдамалық өзгерістер 2004, 2007, 2009, 2011 және 2013 жылдары енгізіліпті. Солардың негізгілерін атап өтер болсақ, 2004 жылы баламасыз сайлау, алдын ала дауыс беру алынып тасталып, сайлау комиссияларын қалыптастырудың жаңа қағидаты – саяси партиялардың ұсынуымен жергілікті өкілді органдарды сайлау бастамасы енгізілді. Сайлаушылардың тізімін құру қағидаты өзгеріп, олар тізімге тұрғылықты жеріндегі тіркеуге сәйкес енгізілді. Кандидаттардың БАҚ-қа тең қолжетімділігіне кепілдіктер беріліп, отандық және халықаралық байқаушылардың құқықтары едәуір кеңейді. Ал Конституцияға 2007 жылғы мамырда енгізілген өзгерістерге байланысты «Сайлау туралы» заңда Парламент Мәжілісін қалыптастырудың жаңа тәртібі белгіленді. Сондай-ақ саяси партиялардың сайлау комиссияларының жұмысына қатысу мүмкіндігі едәуір кеңейді. Атап айтқанда, сайлау комиссиясының құрамында өкілдері жоқ саяси партиялар сайлау науқанын дайындау және өткізу кезеңінде сайлау комиссиясына өзінің өкілін жіберуге құқылы болды. Республиканың сайлау заңнамасына 2009 жылы енгізілген маңызды өзгерістің бірі – екінші партия заңда белгіленген 7%-дық кедергіні еңсермеген жағдайда да, кемінде екі саяси партияның қатысуымен Парламент Мәжілісін құруға мүмкіндік беретін құқықтық тетіктің енгізілуі. Аталған тетіктің енгізілуіне себеп – 2007 жылы өткізілген Парламент Мәжілісінің депутаттарын сайлауда дауыс беру нәтижелері бойынша қалған барлық партиялар заңда белгіленген 7 пайыздық кедергіні еңсермегендіктен, барлық мандаттар бір партияға тиесілі боп қалған еді. 2011 жылғы толықтырулар республика Президентінің кезектен тыс сайлауын тағайындау мен өткізу мәселелерін қамтыды. Соның ішінде кезектен тыс Президент сайлауын Президент тағайындау жайы егжей-тегжейлі көрсетілді. Бұл ретте сайлау іс-шараларын өткізу мерзімін Орталық сайлау комиссиясы анықтайды. 2013 жылғы толықтырулар Парламент Сенаты мен Мәжілісінің кезектен тыс сайланған депутаттар өкілеттіктерінің конституциялық мерзімін есептеуге қатысты болды. Сайлау заңнамасымен бірге сайлау үдерісі де жақсаратыны сөзсіз. Сайлаушылардың және басқа да сайлау үдерісіне қатысушылардың құқықтық мәдениеті артады. Осы уақытқа дейін үздіксіз даму үстінде болған Сайлау реформасының маңызды бағыты, сайлау комиссияларының дербес біртұтас жүйесінің конституциялық-құқықтық негізін қалыптастыру болды.Қоғам мүддесінің катализаторы
Демократиялық сайлау – бұл бәсекелі, мерзімді және өкілдік сайлау. Оның процесінде кең еркіндікке ие азаматтар билік құрылымдарына өздерінің өкілдерін балама негізде сайлайды. Бәсекелі сайлау додаға түрлі партиялардың және кандидаттардың қатысуына кепілдік береді. Олардың барлығы сөз, жиналыс, қозғалыс бостандығын, саяси көзқарастарын паш ету үшін және сайлаушыларға балама кандидаттар ұсыну үшін қажетті мүмкіндіктердің барлығын пайдалана алады. Қазақстанның заңнамасы сайлаудың мерзімділігін, билік органдарында елдің әр түрлі әлеуметтік топтарының өкілдігін қамтамасыз етеді. Тәуелсіздік жылдарында Қазақстанда қос референдумды қоса алғанда 21 сайлау науқаны өткен екен. Осы уақытқа дейін елімізде ел азаматтары екі референдумға, Президентті сайлау жөніндегі алты науқанға, жеті рет Парламент Мәжілісін (төменгі палата), алты рет биліктің жергілікті өкілді органдарын (мәслихаттарды) сайлауға қатысты. Сонымен қатар 2009 жылдан бастап сайлаушылар жылына екі рет мәслихаттардың шығып қалған депутаттарының орнына сайлауға қатысады. Соңғы он жыл біздің еліміз үшін электораттық оқиғаларға толы кезеңнің бірі болды. 2011 жыл мен 2015 жылғы сәуірде және 2019 жылы маусымда Мемлекет басшысын сайлау, 2012, 2016, 2018, 2021 жылдары Парламент Мәжілісі мен жергілікті өкілді органдардың (мәслихаттардың) депутаттарын сайлау болды. 2013 және 2021 жылдары 4 мыңға жуық әкімшілік-аумақтық бірлікте жергілікті әкімшіліктердің басшыларын (әкімдерді) сайлау, ал 2014, 2018 және 2020 жылдары Сенат депутаттарын сайлау өтті. Қазақстанда сайлау институты уақыт талабына қарай дамып келеді. Жергілікті шынайы жағдайға, электораттың дауыс беру мәдениетіне сәйкес болса, мұндағы талаптарды сақтауға Қазақстан қашан да мүдделі. Ол талаптың бір парасы – елдегі ауызбірлікке, ұлттар татулығы мен қоғамдық қауіпсіздікке нұқсан келтірмеу. Өміршең идеяларға құрылмаған популистік парадигмалардың салтанат құрмағаны, саяси күштер мен топтардың теке-тіресіне алып келетін алғышарттарды өзекті етпеу. Сондықтан да мемлекет осы жылдар бойы сайлау институтын қалыптастыруда оны мүдделердің тартыс құралына айналып кетпеуін бірінші кезекте қадағалады. Саяси-экономикалық модельдегі, қоғамдық-әлеуметтік жаңғырулардағы сабақтастықтың шорт үзілмеуі басты назарда болды. Сайлау – адам құқының апогейі десек, Қазақстан ол биікке уақыттың сын-қатеріне сай жауап бере отырып, адамзат дамуының классикалық үлгісін сақтай отыра көтеріліп келеді. Ендеше құқықтық мемлекеттің даму жолында сайлау институты қоғам мүддесінің катализаторы болып қала бермек.Нұрлан ҚОСАЙ