Қарағанды – Тәуелсіздік жылдарында
Қарағанды – Тәуелсіздік жылдарында
880
оқылды

Өнеркәсібімен өрге жүз­ген Қарағанды облысы Тә­уелсіздіктің 30 жылында айтарлықтай жетістікке жет­ті. Аймақта жаңа кәсіп­орындар, туристік нысан­дар, жастар мен студенттер үшін мәдени және демалыс орындары пайда болды.

Өндірісте даму бар

1991 жылдан бері облыстың негізгі капиталына 6 трлн теңгеге жуық инвестиция тартылды. Олардың көлемі 5,2 млн теңгеден 678,3 млрд теңгеге дейін өсті. Инвестициялардың 80%-дан астамы жеке жобаларға тиесілі, бұл ашықтық пен сенімге құрыл­ған сәтті саясаттың бір дәлелі. Облыс экономикасының құ­рылымында негізгі үлесті (48,4%) өнеркәсіптік өндіріс алады. Оның негізін қара және түсті металлургия, тау-кен өндірісі, хи­мия, машина жасау мен металл өңдеу, энергетика, құрылыс ма­териалдарын өндіру, фармацев­тика және басқа да көптеген 100-ден астам ірі және орта кә­сіпорындар құрайды. Өңірдің өңдеу өнеркәсібінің республика көлеміндегі үлес сал­мағы 17%-ға дейін өсті. Өнімдер әлемнің 49 еліне экспортталады. Мемлекеттік қолдаудың және тар­тылған инвестициялардың арқасында бұл енді бай мине­ралдық-шикізат базасы бар ау­мақ қана емес, өнеркәсіптік, ғы­лы­ми-техникалық әлеуеті бар өңір.

Сарыарқада серпін бар

Қарағанды облысында «Са­рыарқа» арнайы экономикалық аймағы (АЭА) құрылды. Онда 7 өндіріс орны жұмыс істейді, ал­дағы уақытта тағы 14 өндіріс іске қосылады. «Сарыарқа» АЭА ме­таллургия, металл бұйымдарын, машина, резеңке және плас­т­масса бұйымдарын өндіреді. Осы уақыт ішінде іс жүзінде аймақта шағын және орта бизнес секторы дамыды. Оған бүгінде облыстың әрбір үшінші тұрғыны тартылған. Жұмыс істеп тұрған ШОБ субъектілерінің саны бес есе ұлғайса, олар өндірген өнім көлемі 50 есеге өсіп, 1,5 трлн тең­геге жетті.

Құрылыс та қарқынды

30 жыл ішінде облыстың қа­лалары мен аудандарының сәу­леттік келбеті түбегейлі өзгерді. Жаңа заманауи нысандар мен жай­лы тұрғын үйлер пайда бол­ды. 61 мектеп, 22 балабақша са­лынды. Құрылыс жұмыстарының көлемі 1991 жылғы 2 млн тең­геден, 2020 жылы 466 млрд тең­ге­ге дейін ұлғайды. Осы кезеңде 8 млн шаршы метрден астам тұрғын үй салынды. Тәуелсіздік елімізге жаңа ас­тананы сыйлады. Оның дамуына Қарағанды облысының тұрғын­дары да үлкен үлес қосты. Қара­ғанды өңірінің құрылысшылары мен мамандары болашақ аста­наның бас жоспарын әзірлеуге қатысты. Осы ретте біздің облысы­­мыз­дың мүсіншілерінің, суретшіле­рі мен сәулетшілерінің елор­даның монументалды келбетін жасау­ға қатысқанын атап өткен жөн. Бұл – «Отан қорғаушылар», «Отан-Ана», ескерткіштері мен «Ұлытау» аллеясы.

Ауылға да қолдау бар

Жан-жақты мемлекеттік қолдаудың арқасында облыста ірі фермерлік шаруа­шылық­тар­дың пулы құрылды. Облыстың ауыл шаруашылығының жалпы өнімінің көлемі 8,2 миллиардтан 2020 жылы 400 млрд теңгеге дейін өсті. Абай, Бұқар жырау, Нұра, Осакаров аудандары елорданың азық-түлік белдеуін қалыптас­ты­руға лайықты үлес қосып жатыр. Аталған аудандарда өткен жылы 6 бордақылау алаңы са­лынды. 20 мың тонна ет және 4,6 мың тонна сүт өндірілді. 2020 жы­лы Бұқар жырау және Оса­каров аудандарында 2 сүт-тауар фермасы салынса, биыл сүт Абай ауданында 1 сүт-тауар ферма­сы­ның құрылысы басталады. Бұл ретте аймағымыздың кә­сіби кадрлары, мыңдаған жер­лесіміз мемлекеттік органдарда, жоғары оқу орындарында, меди­циналық мекемелерде жұмыс іс­теп, бизнесті табысты жүргі­зіп жатқандарын атап өткен орынды. Тәуелсіздіктің 30 жылы – мемлекет үшін қысқа мерзім, бірақ осы уақыт ішінде еркін және әлеуетті елде қазақ­стан­дық­тардың жаңа буыны өсті.

Әдебиет БЕЛГІБАЙҰЛЫ, Қарағанды облысы