Жеке ЖОО-ға жарияланған шайқас

Жеке ЖОО-ға жарияланған шайқас

Университеттер саны күрт азаюы мүмкін. Білім және ғылым министрлігі осыған мүмкіндік беретін тетікті әзірледі. Әйтпесе, жекеменшік ЖОО-дағы білім сапасы құлдырап кеткені жа­сы­рын емес.  Салдарынан қазақстандық жоғарғы білімнің деңгейі төмендеп, абырой-беделі  тү­сіп барады. Содан болар, шетелдік, әсіресе Ресей, ҚХР, тіпті қырғыз елінің  оқу орнын таң­даған түлектеріміздің қатары артқан. Алайда бұл құжат министрлікке шектен тыс құзырет бер­мей ме?

Жекенің ЖОО-сы, табысы көл-көсір

Тәуелсіздік алғанда, 1991 жылы елде небәрі 61 жоғары оқу орны ғана болыпты. Арада 10 жыл өткенде бұл сан үш есеге артып шыға келді: 2001 жылы 182-ге жеткен. Сол кезде университет ашу сәнге айналды. Қазір де ЖОО саны аз емес: 122 университет пен академия бар. Мемлекет басшысы Білім және ғылым министрлігіне сапасыз білім беретін, біліксіз маман даярлайтын барлық университетті жаппай жабуға пәрмен берді. Алайда БҒМ бұл тапсырманы орындай алған жоқ. Себебі бір университет оның қожайнына жы­лына орта есеппен 4 миллиард теңге та­быс әкелетін көрінеді. Содан олардың қо­жайын­дары «кәсіпорнынан» айырылмауға ба­рын салады. БҒМ-мен соттасады, қарсы ша­ғым түсіреді, уақыт созады. Істі сотта қа­рау тым ұзауы мүмкін. Осы кезде жаңа талап­кер­лерді қабылдап үлгереді. Әзірге Асхат Аймағамбетов ұжымының қау­қары лицензияға қосымшаны қайтаруға же­теді. Лицензиясынан толық айырылған ЖОО аз: барлығы 14. Бiлiм және ғылым министрлігі, мысалы мұға­лімдер даярлайтын университеттер саны екі жыл ішінде 86-дан 50-ге дейін қысқар­ға­нын жариялады: педагогикалық бағыттар бойын­ша лицензияға 138 қосымша қайтарып алы­ныпты. Бұған дейін Президент Қ.Тоқаев болашақ ұстазды даярлау сапасын арттыру бойынша ке­шенді шаралар қабылдауды тапсырған-тын. Тапсырманы орындау мақсатында биыл­ғы қыркүйектен ЖОО оқыту­шы­лары­ның жалақысы жоғарылатылды. Педагогтерді ғана емес, салада жұмыс істеп жүрген тәжіри­бе­сі мол мамандарды да жұмысқа алуға, дәріс жүр­гізуіне заң жүзінде рұқсат етілді. Жыл ба­сынан БҒМ еңбек нарығының заманауи сұра­ныстарына бейімделген 300-ден астам білім беру бағдарламасын әзірлепті. – Оқушыларды өз ісін жақсы көретін пе­­дагогтер оқытуы тиіс. Сондықтан бастысы – ЖОО-лардың саны емес, сапасы. Бұл істе ымыра мен шегініс болмауы қажет. Кейбір уни­верситетті тексеру нәтижелері көңіл көн­шітпейді. Министрлік білім беру қызметінің са­пасын талапқа сәйкестендіруге уақыт бере­ді. Егер ЖОО сапаны жақсарту жұмысын жүр­гізбесе, қатаң шара қабылдаймыз: ли­цен­зиядан айырамыз. Мысалы, елде педагог дайын­дайтын ЖОО саны азайды. Есесіне пе­­­­да­гогтерді бәсекеге қабілетті универси­тет­тер дайындайды. Уақыт өте келе бұл оң нәти­же­сін береді, – деген сенімде БҒМ-нің Бі­лім және ғылым саласында сапаны қам­та­ма­сыз ету комитетінің төрайымы Гүлзат Кө­бе­нова. Бұл елімізде мұғалімдер тапшылығына да әкеліп соқтыруы ықтимал. Себебі уни­вер­ситетте лайықты білім алмағанымен, ма­ман­дыққа бейімі бар кадрлар диплом көмегімен мек­тепке орналаса алғаннан кейін тәжірибе мен біліктілікті сонда жинайтын.

Білім нарығын демпинг жайлады

Жеке университеттер мен БҒМ-нің тай­таласын «шайқас» десек, әр майданның өз так­тикасы, «әскери айла-шарғысы» болады. Осы орайда Аймағамбетовтің командасы ай­лаға басып отыр: «Кейбір заңнамалық ак­тілерге білім беру мәселелері бойынша өз­герістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңының жобасы әзірленді. Онда ЖОО-лар ли­цензиясының және лицензияға қосым­ша­ның қолданыс мерзімін енгізу ұсынылады. Яғни, «жарамдылық мерзімі» аяқталған соң лицензиясы не қосымшасы бірден жарамсыз болып қалады да, университетке оның мер­зі­мін ұзартуға тура келеді. Бұл үшін «қайта ресімдеу» рәсімі енгізі­ле­ді. Негізі, қолданыстағы тәжірибе бойын­ша егер ғылым ордасы жабылып қалмаса, оның лицензиясының мерзімі автоматты түр­де ұзартыла салатын. Енді олай болмайды. Заң жобасын Парламент құптап, Президент қол қойса, онда лицензиясының не қосым­шасының қолданыс мерзімі аяқталған ЖОО-ға жаңасына қол жеткізу үшін лайықты еке­нін, министрлік қоятын барлық талапқа сәй­кес келетінін дәлелдеуге тура келмек. «Білім сапасының нашарлауына ең ал­дымен лицензия мерзімінің шектелмеуі ық­пал етті. Бүгінде ЖОО-ларға арналған бі­лік­тілік талаптары 70%-ға жаңартылды, алай­да ЖОО-лардың көбі лицензияларын онда­ған жыл бұрын алып алған. Содан бері же­келеген университеттер өз дамуына инвес­тиция салмады, материалдық-техникалық базасын жаңартпады, білім беру процесіне жоғары білікті практик-мамандарды тарт­пады», – деп түсініктеме берді ведомство. БҒМ дерегінше, «жекеменшік универси­тет­тер төл дамуына қаражат шығындамауы ар­қасында оқытудың өте төмен бағасын бел­гілеуге мүмкіндік алады, нарықта демпинг жасайды». Мысалы, әл-Фараби атындағы Қа­зақ ұлттық университетінде шетелдік сту­ден­ттерге, ақылы бөлімде оқу ақысы бака­лав­риат бағдарламасы бойынша 1,7 млн тең­ге, заңгерлік бағдарламалары бойынша – 1,8 млн теңге, ал медициналық бағытта 2 млн теңге тұрады. Ал өңірлерде, айталық Шым­кентте студенттерді 90 мың теңгеге оқытатын уни­вер­ситеттер болды. «Осы арқылы жеке университеттер білім са­пасына емес, білім алушылар санын көбей­туге ұмтылады. Көптеген ЖОО мемлекеттік тапсырыс алуға арналған конкурстарға қа­тыспайды: пайдаланылған қаражаты үшін есеп тапсырмау, тексеруді болдырмау мақ­сатында одан бас тартады. Олардың көбі нарық қажеттіліктеріне бағдарланған сапалы білім беру бағдарламаларын әзірлеуге мән бермейді», – деп дәйектеді БҒМ. Министрлікке тәуекелдерді бағалау жүйе­сіне (ТБЖ) негізделген мемлекеттік ба­қы­лаудың қолданыстағы форматы ұнамай­ды. Себебі ол алдын алу-профилактикалық сипатқа ие. Бұл кезінде бизнес білім беру са­ла­сына инвестиция құюы, саладағы кәсіп­керліктің ісіне шенеуніктер араласа бермеуі үшін жасалған-тын. Бірақ бұл тетік БҒМ-ге жақпаған ЖОО-ны тез жауып тастауға мүм­кіндік бермейді. «Бұл жүйеге сәйкес, тексеру қорытын­ды­сында бұзушылықтар анықталса, әкімшілік құқықбұзушылық туралы іс қозғалмайды, тек бұзушылықтарды жою туралы нұсқама тол­ты­ры­лады. Жоспардан тыс тексеру нәти­же­сін­де ескі бұзушылықтардың жойылмағаны туралы қорытынды жасалады. Алайда ЖОО оған қарсы соттарға бірнеше рет шағым жа­сай­ды. Осылайша, мемлекеттік жалпыға мін­детті білім беру стандарттарының талап­тарына және біліктілік талаптарына сәйкес келмейтін білім беру ұйымдары ұзақ уақыт бойы өз қызметін жалғастыруда», – деп мә­лім етті Білім және ғылым министрлігі. Лицензиялаудың қазіргі моделі өзгеріс­тер­ге уақытылы ден қоюға мүмкіндік бермей­ді екен.

Алда қанша университет жабылуы мүм­кін?

Жаңа заң жобасының бірнеше жаңалығы бар: біріншіден, ЖОО лицензияларының қол­даныс мерзімі енгізілмек. Екіншіден, ли­цензияларды автоматты түрде қайта ре­сімдеу тетігі жойылады, қайта рәсімдеу ше­шімі тек біліктілік талаптарына сәйкестігін тек­серу нәтижесінде қабылданады. Үшінші­ден, ЖОО-ны лицензиядан айыру жөніндегі функцияларды уәкілетті органға беру ұсы­ны­лып отыр. Қазір ол сот арқылы жүзеге асы­­­рылатыны мәлім. Төртіншіден, ЖОО жабылған жағдайда сту­денттерді басқа университеттерге ауыс­тыру міндеттемесі жабылған ғылым орда­сы­ның құрылтайшыларына жүктелмек. Бүгінде бұған БҒМ жауапты. Егер құрылтайшылар ол міндетін орындамаса, әкімшілік жазаға тар­тылады. Елімізде қазір 122 ЖОО-ның 2 545 ли­цен­зияға қосымшасы бар: бакалавриат бойын­ша – 1 368, магистратура және рези­ден­турада – 839, докторантурада – 338. Бір қарағанда кейінгі жылдары жаңа университет ашу ісі әбден саябырсып, бұл саладан ин­вес­торлар теріс айналғанға ұқсайды. Шын мә­нін­де, оған құлшынғандар көп екен, тек БҒМ лицензия беруден көп жағдайда бас тартады. Атап айтқанда, 2018 жылы өтініш берген­дердің 17,7%-ына немесе 284-іне лицензия мен қосымшалар берілген, 1 326-сына немесе 82,3%-ына беруден бас тартылған. 2019 жы­лы 150-інің немесе 88,8%-ының, 2020 жылы 112-сінің немесе 91,8%-ының өтініші қана­ғат­тандырылмады. Тұтастай алғанда кейінгі 2 жылда сапасыз бі­лім беретін 14 университет жабылып, олар­дағы 94 мыңнан астам студент оқуын жал­ғастыру үшін басқа ЖОО-ларға ауысты. Со­нымен қатар 59 ЖОО-ның бейінді емес бағыт­тар бойынша 362 лицензияға қосым­шалары қайтарып алынды. Жаңа тетік енгізілсе, тағы біраз универ­ситет жабылып қалуы мүмкін. Өйткені 2020 жы­лы – 25, 2021 жылы – 25 ЖОО-да про­фи­лактикалық бақылау өткізіліп, бәрінен бұзу­шы­лық табылған. Алайда олардың біразы сту­дент оқытуын жалғастырып жатыр. Саланы үлкен өзгеріс пен бетбұрыс күтіп тұр­ғанға ұқсайды. Ақыр соңында елде қанша уни­верситет қалатынын уақыт көрсетеді.  

Елдос СЕНБАЙ