Бақылау жоқ жерде былық көп
Бақылау жоқ жерде былық көп
420
оқылды

«Мемлекеттің ешқандай ақшасы жоқ, тек салық төлеушілердің ақшасы ғана бар» де­ген Маргарет Тэтчердің қанатты сөзі бү­гін­де Қазақстан үшін өзектілігін жойған жоқ. Солтүстік Қазақстан облысында мем­ле­кет­тік сатып алуларды өткізу барысында анық­талған заңбұзу­шылықтар жергілікті жер­лер­де бюджет қаржысы талан-таражға түс­ке­нін айғақтады.

«Сыбайлас жемқорлыққа қарсы бі­рінші медиа орталық» қоғамдық бір­лестігінің басшысы Руслан Асаубаевтың айтуынша, мемлекеттік сатып алу сала­сында бірталай кемшіліктің беті ашылды. Мәселен, Аққайың ауданына қарасты Астрахан ауылдық округі «Жергілікті бюджет есебінен елді мекендерді абаттан­дыру және көгалдандыру» бюджеттік бағдарламасы аясында Strong Servise ЖШС-мен 7,5 миллион теңгеден астам сомаға келісім­шарт жасасқан. Алайда Солтүстік Қазақ­стан облысы бойынша Ішкі мемлекеттік аудит департаментінің тексерісі барысында анықталғанындай, Астраханка ауылында шағын футбол ала­ңын орнату жобасы бойынша мемлекеттік сатып алуларды өткізу кезінде заңбұзу­шылықтар болған. Сонымен қатар жұмыс уақытылы атқа­рыл­мағанымен, мемле­кеттік мекеме орын­даушыдан 22,773 мың теңге көлемін­дегі айып төлемін өндіріп алмаған. Осы­ның нәтижесінде айыптылар әкімшілік жазаға тартылып, мұндай қызмет ұсынушы сот шешімімен мемле­кеттік сатып алудың жосықсыз қатысу­шы­сы деп танылуы тиіс. Алайда тапсырыс беруші сотқа жүгінбегені үшін де кінәлі болып отыр. Ал Шал ақын ауданының орталығы Сергеевка қаласы әкімінің аппараты да саябақ пен Победа көшесін абаттандыру үшін Strong Servise ЖШС-мен 99 999 900 теңгеге келісімшарт жасасқан. Бұл қар­жы­ға 3 футбол алаңы, 1 баскетбол-волей­бол алаңы, 3 воркаут, 2 «Шапито» ойын кешені, 5 орындық, 4 балалар ойын алаңы орнатылуы тиіс еді. Сараптама көрсет­кеніндей, тікелей шарттар жасасу арқылы бір көзден мемлекеттік сатып алу тәсілі бұл жерде негізсіз қолданылған. Соның салдарынан Сергеевка қаласының әкімі Сайлаубек Қошановқа 145 850 теңге айып­пұл салынып, бюджет есебіне өнді­ріліп алынды. Мемлекеттік сатып алу тура­лы келісімшартты жарамсыз деп тану туралы талап-арыз сотқа берілді. Сондай-ақ Тайынша ауданының орталығы Тайынша қаласы әкімінің аппа­раты да осыған ұқсас қателікті қайталаған. Соның салдарынан мемлекеттік сатып алулар тиісті заңнаманы бұза отырып өт­кізілген. Оның нәтижесі 160 000 000 тең­генің мемлекеттік сатып алу қорытынды­ларына әсер еткен. Ауылдық округтер үшін бұл қомақты қаржы болып есеп­те­леді. Ендеше неліктен әкімдер мемлекет­тік сатып алуларды заңды белден баса отырып өткізеді деген заңды сұрақ туын­дайды. Қоғамдық бірлестік басшысы Рус­лан Асаубаевтың пікірінше, бұған әкім­дердің құзыретінің төмендігі және халық тара­пынан бақылаудың жоқтығы себеп.

КОНКУРС ӨТКІЗУДЕГІ КЕМШІЛІК

Қоғамдық бірлестік мемлекеттік са­тып алу порталына сараптама жүргізген екен. Соның нәтижесінде анықталғанын­дай, Strong Servise ЖШС Шымкент қала­сында тіркелгенімен, бизнесі негізінен Солтүстік Қазақстан облысында өркен жайған. Серіктестік жасасқан барлық келісімшарт­тардың 62 пайызы Солтүстік Қазақстан облысына тиесілі. Strong Servise 2016 жыл­дан бастап осы күнге дейін солтүстік өңірде 1 427 101 439,20 теңгеге 65 келісім­шарт жасасыпты. Қоғам бел­сен­дісінің өтініші бойынша Ішкі мемле­кет­тік аудит департаменті бұл серіктес­тікпен жасалған 50 келісімшартты тек­серген екен. Нә­тижесінде, 14 келі­сімшарт бойын­ша тіке­лей шарт жасасу арқылы бір көзден алу тәсілімен жүргізілген мемле­кеттік са­тып алу негізсіз жүзеге асырыл­ғаны анық­талған. Осы деректердің бар­лы­ғы бойынша лауазымды тұлғалар әкім­шілік жауапкер­шілікке тартылған. Ал 4 дерек бойынша «Әкімшілік құқықбұзу­шы­лықтар туралы» кодекске сәйкес тиісті мерзім өтіп кет­кендіктен, кінәлілерді жа­уапкершілікке тарту мүмкін емес болып шыққан. Қоғам белсендісі мемлекеттік сатып алулар нәтижесінде басқа өңірдің ком­паниялары жеңімпаз деп танылғаны көп қиындық туғызады деген пікірде. Бұл пі­кірмен облыстағы бірқатар мектептер­дің директорлары да келісіп отыр. Мә­селен, биыл 1 қыркүйекке дейін Қызыл­жар өңіріндегі бірнеше білім ошағында күрделі жөндеу жұмыстары аяқталмай қалды. Сабақ басталып кеткенімен, құры­лыс жұмыстары әлі де жүргізіліп жатқа­нын айта кетейік. Мердігерлер – оңтүстік өңірлердің компаниялары. Тайынша қаласындағы №4 орта мектеп директоры Айгүл Мұхаметқалиеваның пікірінше, өңірдегі мектептерді жергілікті құрылыс компаниялары жөндегені дұрыс. «Кон­курс жарияланған кезде жөнделетін ны­сан мен құрылыс компаниясы орналасқан мекенжайдың арасындағы қашықтық ескерілгені абзал. Өйткені алыстағы құ­рылыс компанияларының жұмысшылары басқа жаққа барып жұмыс істеуге келісе қоймайды. Ал біздің өңірдегі жұмыссыз­дардың арасынан аз ақшаға жұмыс істеуге келісетін адамдарды іздеп тапқанша біраз уақыт өтіп кетеді де, жұмыс уақытылы атқарылмайды», – дейді Айгүл Ботақызы.

ЖЕМСАУЫТТЫ ЖАБАТЫН КЕЗ КЕЛДІ

Бюджет қаржысы «ұстағанның қо­лын­да, тістегеннің аузында» кетпесі үшін жергілікті тұрғындар қоғамдық бақылауға белсене араласуы керек. «Қазақстанда қазір мемлекеттік саясатты жүзеге асы­руға тұрғындарды тартуға бағытталған саяси реформалар жүзеге асырылып жа­тыр. Әр ауылдық округте 4 жылға сай­лан­ған жергілікті қауымдастықтың жина­лыс­тары бар. Құрамына 25 адам кіретін бұл орган бюджеттік бағдарламаларды тал­қылауға, бюджетті бекітуге, орындалуына мониторинг жүргізуге, орындалуы ту­ралы есеп тыңдауға, тіпті әкімдер мен мемле­кеттік мекемелер басшыларын тағайын­дауға және қызметтен босатуға атсалысуы тиіс. Алайда жергілікті ат­қарушы билік заңның осы бабын тиісін­ше жүзеге асыр­май отыр. Сөйтіп, лауа­зымды тұлғалардың заң бұзуына жағдай жасап, олар өз кезе­гінде сыбайлас жем­қорлыққа жол беріп, азаматтардың құ­қығын шектеуде. Жаңа реформалар қа­рапайым халықты айналып өтпеуі тиіс. Әсіресе, ауыл тұрғындары би­лік олардың пікірімен санасатынын се­зінуі керек», – дейді Руслан Асаубаев. Алайда биыл шағын ауылдың белсенді тұрғындары ресми сауал жолдап, жергі­лікті бюджет туралы ақпарат сұратқан кезде: «Бұл ақпарат қызметтік мақсатта ғана пайдаланылады, оны бақылауды тиісті органдар жүзеге асырады және жаппай таратуға жатпайды» деген сырғытпа жауап алыпты. Ел Президенті мемлекеттік сатып алу көлемі 4,4 триллион теңгені құрап, оның 3,3 триллион теңгесі немесе 75 пайызы бір көзден бәсекеден тыс тәсілмен жүзеге асырылғанын сынға алып, шенеуніктер үшін осы жемсауытты жабатын уақыт жеткенін қадап айтқан болатын. Ендеше неліктен осы күнге дейін бұл салада тәр­тіп орнату тиісінше қолға алынбай отыр?  

Роза ШӘКЕН, Солтүстік Қазақстан облысы