Алайда еліміздегі өнеркәсіптік және энергетикалық кәсіпорындардың едәуір бөлігі міндетті энергоаудиттен өтпеген, ал кейінгі жылдары талданған аудит есептерінің көпшілігі заң талаптарына сәйкес келмейді. Осы тақырып жөнінде біз Халықаралық энергия тиімділігі және тұрақты даму саласынының сарапшысы Тегінболат Самұратовпен сұхбаттастық. Тегінболат бұрын Қазақстанда Дүниежүзілік банк пен Біріккен Ұлттар Ұйымының Даму бағдарламасымен (БҰҰДБ) жұмыс істеген, қазір АҚШ-тағы жетекші Mass Save бағдарламасына қатысып жүр. Сонымен, еліміздегі энергоаудиттер неліктен сәтсіз аяқталады, Қазақстан Америка тәжірибесінен қандай сабақ ала алады?
– Қазақстан 2029 жылға қарай ЖІӨ-нің энергия сыйымдылығын 15%-ға төмендету мақсатын қойды. Бұл межеге жету үшін әзірге қандай кедергілер бар деп ойлайсыз?
– 2025 жылы елдегі 855 кәсіпорын заң бойынша кемінде бес жылда бір рет энергетикалық аудит жүргізуге міндетті болған. Алайда олардың 184-і, яғни 21,5%-ы бұл талапты мүлде орындамаған. Неліктен? Оның үш негізгі себебі бар: аудит жүргізуге қаржының жетіспеуі, өнеркәсіптік энергия тарифтерінің төмен болуына байланысты энергияаудиттің пайдасын ұзақ мерзімде көру және аудиттен жалтарғаны үшін салынатын айыппұлдардың мардымсыз болуы. Бірақ одан да алаңдатарлық көрсеткіш, 2016 жылдан бүгінге дейін 1 725 аудиттік есеп талданған. Олардың шамамен 55%-ы, яғни 944 есеп белгіленген талаптарға сәйкес келмеген. Бұл көптеген кәсіпорынның аудиттен мүлде өтпейтінін ғана емес, тіпті аудит жүргізілген жағдайда да есептердің жартысынан көбі іс жүзінде сапасыз әрі пайдасыз екенін көрсетеді.
– Энергетикалық аудит есептерінің жартысынан көбі неге заң талаптарына сәйкес келмейді? Оның үстіне, көптеген кәсіпорын аудит жүргізуден неге мүлде бас тартады деп ойлайсыз?
– Бұл мәселелер үнемі қайталанып отырады. Біріншіден, аудит сапасы оның бағасына тікелей байланысты. Нарықтағы агрессивті баға демпингі сапасыз қорытындыларға алып келеді. Екіншіден, кәсіпорындар аудиторларға көбіне жалған немесе толық емес энергия тұтыну деректерін ұсынады. Үшіншіден, аудиторлар энергия үнемдеу әлеуеті 1%-дан төмен және өтелу мерзімі 20 жылдан асатын тиімсіз шараларды ұсынады. Төртіншіден, олар кәсіпорындардың қаржылық мүмкіндігі жетпейтін қымбат жаңғырту жобаларын ұсынады. Бесіншіден, көптеген ұсыныс техникалық және экономикалық есептеулерсіз беріледі, бұл оларды іс жүзінде жүзеге асыруды мүмкін емес етеді. Міне, осы себептер жол тосып тұр.
– Енді бұл жүйені түзету үшін қандай нақты шаралар қажет?
– Энергетикалық аудит жүргізудің бірыңғай әдістемесі керек. Қазір стандартталған тәсілдер болмағандықтан, аудит нәтижелерін бір-бірімен салыстыру мүмкін емес. Аудит сапасы қай компанияны таңдағаныңызға немесе қаншалықты арзан қызмет алғаныңызға тәуелді болмауға тиіс. Сонымен қатар кәсіпорындарға аудит жүргізу мен ұсынылған жаңғырту шараларын іске асыру үшін субсидия беру жүйесі қажет. Ал аудиттен жалтарғандарға қатысты нақты әрі маңызды әкімшілік айыппұлдар қолданылуы керек деп есептеймін.
– Аудиттен бөлек, кадр мәселесі мен кәсіби біліктілік те бұл олқылыққа әсер ете ме?
– Әрине, бұл мәселе екі деңгейде байқалады. Біріншіден, кәсіпорындарда аудитке тапсырыс беретін және оны қадағалайтын мамандардың өздерінде энергия тиімділігі бойынша базалық білім жетіспейді. Олар сапалы аудиттің қандай болуы керегін және ұсыныстарды қалай бағалау қажет екенін білмейді. Осындай жауапты тұлғаларға арналған оқыту курстары өте пайдалы болар еді.
Екіншісі одан да маңызды – аудиторлардың өздері. Қазақстан заңнамасына сәйкес, аудит ұйымында кемінде төрт сертификатталған аудитор болуы қажет. Алайда ресми мәліметтерге сәйкес, тіркелген 200-ден астам аудит ұйымының тек алтауы ғана бұл талапқа сай. Ел бойынша 375 аудитор тіркелгенімен, олардың тек 333-інің сертификаты жарамды, ал тек бесеуі ғана сәйкестікті бағалау органы арқылы толық сертификаттаудан өткен. Қазіргі Хабарландыру тәртібі негізіндегі жүйе – ұйымдар тек мемлекеттік органдарға хабарлап, бірден жұмысын бастайтын жүйе талаптарға сай келмейтін ойыншылары басым нарықтың қалыптасуына алып келді.
– Қазір сіз Массачусетс штатындағы Mass Save бағдарламасымен жұмыс істейсіз. Сол тәжірибе туралы айтып бере аласыз ба?
– Массачусетс штаты мүлде басқа жолды таңдады. Негізгі өзгеріс 2008 жылы қабылданған Green Communities Act заңынан басталған. Бұл заң Коммуналдық қызмет көрсететін компанияларды жаңа энергия өндіру көздеріне инвестиция салмас бұрын, энергия тиімділігі мен тұтынуды азайту шараларын бірінші кезекке қоюға міндеттейді. Яғни, бір киловатт-сағат энергияны үнемдеу жаңа киловатт-сағат өндіруден маңыздырақ деп есептеледі. Штат заңы коммуналдық компанияларға энергия тиімділігі бағдарламаларын әзірлеу мен іске асыруды міндеттейді, соның нәтижесінде олар Mass Save сияқты бастамаларды қаржыландыруға тиіс.
2021 жылы Массачусетс штаты 2050 жылға қарай парниктік газдардың таза нөлдік шығарындыларына қол жеткізу туралы заң қабылдады. Mass Save сияқты бағдарламалар осы мақсатқа жетудің негізгі құралдарының бірі болмақ. Мен Mass Save бағдарламасында сертификатталған ғимараттарды энергетикалық бағалау маманы (Building analyst professional) ретінде тұрғын үйлерге энергетикалық бағалау жүргіземін және ұсыныстар дайындап, кейін оларды сертификатталған жергілікті мердігерлерге тағайындаймын. Осы бағалаулар негізінде мердігерлер оқшаулау жұмыстарын, ауа саңылауларын герметизациялауды, жылыту мен су жылытуға арналған жылу сорғыларын орнатуды және заманауи HVAC жүйелерін жаңартуды атқарады. Сонымен қатар үй иелері энергия тиімділігі жоғары кір жуғыш және кептіргіш машиналарға, индукциялық пештерге және электр көліктерін қуаттау стансаларына арналған өтемақылар ала алады. Бұл жаңартулар көбіне күн панельдерін орнатумен бірге жүзеге асырылады, нәтижесінде энергия тұтыну мен парниктік газ шығарындылары айтарлықтай төмендейді.
– Расымен, өте тиімді жұмыс істейтін жүйе сияқты көрінеді. Ал Mass Save бағдарламасы қалай қаржыландырылады?
– Бағдарлама электр және газ төлемдеріне енгізілген шағын арнайы төлем арқылы қаржыландырылады. 2019-2023 жылдар аралығында Массачусетс бойынша тұрғын үй және коммерциялық сектордағы энергия тиімділігін арттыруға шамамен 5,33 млрд доллар инвестиция салынған. Бұл – жыл сайынғы бюджет келіссөздеріне немесе саяси өзгерістерге тәуелді емес, тұтынуға тікелей байланысты тұрақты әрі болжамды қаржыландыру көзі.
– Қазақстан бұл тәжірибеден нені үйрене алар еді деп топшылайсыз?
– Айырмашылық анық көрінеді. Қазақстанда жүйе міндетті аудиттерге негізделген, бірақ бақылау әлсіз, айыппұлдар мардымсыз және бірыңғай әдістеме жоқ. Аудиттердің басым бөлігі сапасыз, ал кәсіпорындар энергия бағасының жасанды түрде төмен болуына байланысты талаптарды орындауға ынталы емес. АҚШ-та энергия тиімділігі қосымша шара емес, басты басымдық. Коммуналдық компаниялар жаңа электр стансаларын салмас бұрын энергия тиімділігіне инвестиция салуға заң жүзінде міндетті. Қаржыландыру коммуналдық төлемдердің өзіне енгізілгендіктен, ол тұрақты әрі сенімді. Аудиттер сапалы жүргізіледі, ұсыныстар нақты әрі қаржылық ынталандырулармен қамтамасыз етіледі.
Қазақстан Массачусетс моделін толық көшіруге міндетті емес. Бірақ негізгі қағида әмбебап: өлшенбеген нәрсені жақсарту мүмкін емес, ал адамдар ынталандырусыз немесе жауапкершіліксіз өз әрекетін қайталап жүре береді. Энергетикалық аудиттер сенімді болмайынша, бақылау күшеймейінше және энергия тиімділігі жай қағаз жүзіндегі талап емес, нақты экономикалық басымдыққа айналмайынша, ЖІӨ-дегі энергия сыйымдылығын 15%-ға қысқарту мақсатына жету өте қиын болады.
– Мазмұнды әңгімеңіз үшін рақмет!
Сұхбаттасқан
Мадияр ТӨЛЕУ
