Ревакцинация қашан басталады?

Ревакцинация қашан басталады?

Халықаралық тәжірибеге сай елімізде коронавирус инфекциясына қарсы вакциналау шарасының толық курсын өткен соң 6-9 айдан кейін қосымша дозасын егу ұсы­ныл­ған болатын. Ревакцинацияны қашан және кімдер жасатуы тиіс? Көп күткізген Pfizer вакцинасы көпшілікке жете ме?

Жақында Мемлекет басшысы коронавирусқа қарсы ревакцина­ция­ға жедел кірісуді тапсырды. Айтуынша, елдегі эпидемио­логиялық ахуал әлі де тұрақсыз. Күн сайын 30-ға дейін өлім-жітім тіркеледі. Мұның барлығы вакцинация қарқынының төмендеуі аясында болып жатыр. Осылай деген Президент өзге елдердің басым бөлігі халықты ревакцина­лау­ға көшіп кеткенін атап өтіп: «Қарқынды науқанды наурыз айында бастағанымызды ескерер болсақ, бізге де ревакциянация уақыты жетті. Үкімет пен әкімдер халықты ревакцинациялау нау­қанына кірісуі қажет»,  – деді.

Үшінші дозаны алу басталады

Елде екпенің екі компонентін алғандар көп. Ендігі жерде екпе­нің үшінші дозасын қарашаның 20-нан бастап алуға рұқсат етілген. Ал оған дейін үшінші екпені медицина мамандары, мұғалімдер, әске­ри­лер мен құқық қорғау қызмет­кер­лері қабылдауы қажет. Осылайша вакцинаның екі компонентін де алған адамдар 6-9 айдан кейін қосымша дозаны қабылдауы керек. Мысалы, «Спу­тник» екпесін алғандар 9 айдан кейін Sinopharm, CoronaVac, Hayat-Vax, QazVac және Pfizer екпелерін, ал Sinopharm, CoronaVac, Hayat-Vax және QazVac алғандарға 6 ай уақыт өткен соң Спутник пен Pfizer-ді қабылдауына болады. Сондай-ақ Pfizer-ді еккізген адамдар жарты жылдан кейін Sinopharm, CoronaVac, Hayat-Vax, QazVac пен Спутникті салдыруына да болады. Денсаулық сақтау министрлігі Қоғамдық денсаулық сақтау ұлттық орталығының басқарма төрағасының орынбасары, медицина ғылымдарының кандидаты Айнагүл Қуатбаева бүгінде елімізде ревакцинация жұмыстары қолға алынып жатқанын жеткізді. Оның айтуынша, министрлік ал­дыңғы кезекте ревакцинацияны негізгі қауіп-қатер тобына жататын адамдардың арасында жүр­гізуді қолға алмақ. «Ревакцинация бір рет қана жасалады. Яғни,  бір дозасы ғана салынады. Алдағы жылдары қайтадан ревакцинация жұмысы болатынын не болмайтынын уақыт көрсетеді. Ал дәл қазір ревакцинация жұмысы елдегі эпидемиологиялық ахуалға байланысты болып отыр. Бізде ғана емес, көптеген елдерде үшінші ек­­пені алып жатыр. Өйткені ға­лымдардың өзі оның тиімділігі бар екенін дәлелдеп жатыр», – дейді министрлік өкілі.

«Сақтықта қорлық жоқ»

Екпенің үшінші дозасын алуды ұзақ күттіре  берудің қажеті шамалы. Өйткені шетелдермен барыс-келіс көбейген тұста бір елдегі вирус екінші елге таралмайды деген түсінік жоқ. «Адамдар үнемі қарым-қатынас үстінде жүреді. Шетелге барып-келуші­лер­дің толассыз қозғалысы коронавирусты тасымалдайды. Бұл дегеніңіз – вирус та туризм, эко­номикалық, сауда-саттық жұмыс­тарына байланысты қарым-қаты­нас жасау арқылы тарала береді. Шекарамызды жауып тастай алмайтынымыз тағы түсінікті. Сол үшін «сақтықта қорлық жоқ еке­нін» естен шығар­маған абзал. Дәл қазір аурудың алдын алудың амалы – екпе алу. Бұл өз кезегінде аурудың таралмауына септігін тигізеді», – деп отыр Айнагүл Мұханқызы.

Екпе түрін ауыстыру иммунитетті көтереді

Бүгінде коронавирусқа қарсы вакцинаның І компонентін 8 432 406, ІІ компонентін 7 702 738 адам салдырды. Екпенің екі дозасын алған адамдар үшіншісін де дәл сол вакцинаны салдыруына болады. Бірақ алдыңғы екі дозасы «Спутник» болса, ревакцинация жасатқанда екпенің жаңа түрін қабылдау әлдеқайда тиімді болады екен. Қоғамдық денсаулық сақтау ұлттық орталығының басқарма төрағасының орынбасары Айна­гүл Қуатбаеваның айтуынша, «Спутник» екпесінің екеуін қа­был­дағандар үшінші дозада Sinopharm, CoronaVac, Hayat-Vax, QazVac немесе Pfizer-ді алуына болады. Бұл керісінше иммунитетті белгілі бір деңгейге дейін көтеріп, екпенің вирусқа қарсы күшін ұзақ уақытқа дейін сақтай алады. Тағы бір айта кетерлігі, Спутник екпесін өндірушілердің берген нұсқауы бойынша, вакци­на­ның осы түрін алғандар, бұдан бұрын да айтылып жүргендей, үшінші дозаны 9 айдан кейін жасатқаны жөн. Ал қалған вакциналардан кейін ревакцинация жаса­ту 6 айдан ғана қарас­тырыл­­ады.

Pfizer жеткілікті

Ревакцинация жұмыстары осы айдың 20-нан кейін басталмақ. Келесі аптадан бастап ревакцинация туралы қарқынды түрде ақпараттық түсіндіру жұмыстары жүргізіледі. Үшінші дозаны ал­дың­ғы кезекте дәрігерлер мен әскери­лер, құқық қорғау қызмет­кер­лері мен жасы 60-тан асқан созылмалы аурулары бар есепте тұрған кісілер, мұғалімдер, ересектер мен балалардың жабық мекемелерінде істейтін жұмысшы­лар қамтылады. Денсаулық сақтау министр­лігінің өкілі көпшілік күткен Pfizer вакцинасы жеткілікті екенін де жеткізді.  Дегенмен бұл екпе ең бірінші кезекте жасы 12 жасқа толған балалар мен жасөспірім­дерге, бала емізетін және аяғы ауыр әйелдерге салынады. Өйтке­ні басқа топтағы азаматтарға қол­да­ныстағы басқа да вакцинаны алуына болады. «Әрине, егер таңдауы Pfizer болса, оған да қарсылық жоқ. Екпенің бұл түрі жеткілікті деңгейде. Бірақ ал­дың­ғы кезекте балалар мен аналар­ды қамтып алуымыз керек. Бұл біздің елімізде осы топтағы­ларға қауіп­сіздігі дәлелденіп, тиімділігі көр­сетілген Pfizer вакцинасы ғана», – дейді Айнагүл Мұханқызы. Бұдан бұрын Денсаулық сақ­тау министрлігі Дәрі-дәрмек саясаты департаменті 12 жастан 18 жасқа дейінгі балаларды, сондай-ақ жүкті және бала емізетін әйелдерді вакциналау үшін елге барлығы 4 миллионға жуық Pfizer вакцинасын жеткізу жоспарланып отырғанын хабарлаған болатын. Бұл 2 миллион адамды вакцина­лауға жеткілікті делінген. Тағы бір айта кететіні, вакцинация немесе ревакцинация алдында антиденелер тапсыратын сынақ жоқ. Алматыдағы орталық қалалық клиникалық аурухана директоры­ның орынбасары Эльвира Ибра­гим­ованың айтуынша, егер сынақ­ты өз бетінше тапсырғысы келетіндер болса, оны өз қалауы бойынша жасауына рұқсат. Бірақ бұл медицина тарапынан немесе вакцинациядан бас тартуға себеп бола алмайды. Себебі ревакцинация үшін антиденелердің деңгейі маңызды емес.

Жадыра МҮСІЛІМ