Алматы – Тәуелсіздік бесігі. Себебі осыдан 30 жыл бұрын алғаш рет Кеңестік одақ құрамынан шығып, жеке ел болу туралы декларация осы шаһарда қабылданды. Өкінішке қарай, осындай тарихи маңызға ие шаһарда әлі күнге келмеске кеткен кеңес қайраткерлерінің мүсіндері тұр. Неге?
Одан кейін де егемендікпен бірге елге жаңаша идеологиялық көзқарас қалыптасты. Осы кезеңде ескерілмей қалған тұстар да баршылық. Соның бірі – бүгін біз айтқалы отырған тәуелсіз Қазақстанның саясатына үш қайнаса сорпасы қосылмайтын кейбір тұлғалардың ескерткіш мүсіндері қаланың әр жерінен бір кездесіп қала беретіні. Алматыда «Астана алаңы» деген орын бар. Оны қаланың кейбір тұрғындары «ескі алаң» деп те атайды. Себебі сол жердегі қазіргі Қазақ-Британ университетінің ғимараты бір кездері Үкімет үйі болған. Кейінірек ел астанасы қазіргі Нұр-Сұлтанға көшкенге дейін бұрынғы Жоғарғы кеңес мүшелері отырған. Дәл сол ғимараттың ішінде жоғарыда айтқан Тәуелсіздігіміз туралы тұңғыш қасиетті де қастерлі декларация қабылданған. Бұның бәрін не үшін тәптіштеп айтып отырмыз? Себебі қазір осы ғимараттың арт жағындағы әсем саябақтағы аллеяда кешегі Кеңестік қызыл империяның көшбасшыларының бірі болған М.Фрунзе, Д.Фурманов, В.Куйбышев сияқты тұлғалардың ескерткіштері әлі күнге дейін мызғымастан сап түзеп тұр. Бұл ескерткіштерді көрген жан мұның егемендік алғанына 30 жыл болған тәуелсіз ел үшін қандай саяси немесе тарихи маңызы бар екенін білмей таңғалары анық.Бұл үшеуі кім болған?
Қанша таңғалса да, бір кездерде қазақтарға «төңкеріс арқылы теңдік алып береміз» деген желеумен біршама тізелері батқан тұлғалардың тұғырда әлі тұрғаны рас. Осы сөзімізді тірілту үшін еңселі ескерткіш болып тұрған үш тұлға жайлы аз-маз мәлімет бере кетсек. Мысалы, М.Фрунзе деген азамат туралы энциклопедияда «М.Фрунзе 1919 жылы 15 тамыздан Түркістан майданына қолбасшылық етіп, Оңтүстік Оралды алып, Түркістанға жол ашты» деген дерек келтіріпті. Осыдан-ақ оның қазақ жерінің біраз тұсында қызылдың қырғынын салған сабаз екенін аңғаруға болатын шығар. Ал Фурманов туралы дерекке көз салар болсақ, «Верный (Алматы) қаласындағы Кеңес өкіметіне қарсы ұйымдастырылған бүлікті жоюға басшылық етті» деген жолдар кездеседі. Яғни, теңдік сұраған жергілікті халықты барынша тұншықтыруға келген Қызылдың қолын басқарған адам деген сөз. Тұлғалы ескерткіші төрден орын алған үшінші адам Куйбышевке келер болсақ, кезінде ол да Орта Азиядағы алғашқы кеңестік әскерді басқарған. РКФСР Халық Комиссарлар Кеңесінің Түркістан істері жөніндегі комиссиясының төрағасы да болыпты. Бұл тұлғалардың шаһардың қақ ортасындағы саябақта кеуде мүсіні де бәз баяғы қалпында тұруының сыры неде болуы мүмкін? Бәлкім, біз білмейтін басқа бір себебі де бар шығар деген оймен Алматы қалалық Мәдениет басқармасына хабарласып көрдік. Ол жердегі мамандардан жоғарыдағы кеуде мүсіндердің тәуелсіз Қазақстанның тұңғыш астанасы болған қаланың қақ ортасында әлі күнге дейін не үшін тұрғанын білгіміз келді. Алайда жауапты мекемеден «арнайы хат жазыңыз» деген жауап алдық. Біздіңше, дәл сол мекеменің кез келген маманы телефон арқылы екі-ақ сөзбен жауап бере салатын сауал еді. Бұл жерде де сол баяғы қағазбастылықтан арылмаған бюрократизм көрінісі. Басқаша не айтуға болады?Идеологиялық саясаттың кемшілігі
Десе де, біздің көкейімізді тескен бұл сауалға белгілі саясаткер Дос Көшім былайша жауап берді. «Меніңше, бұл жерде осындай идеологиялық тұрғыдан ескірген ескерткіштерді жою туралы заң керек. Екіншіден, біздегі мемлекеттік идеологияның кемшілігі деп айтар едім. Мысалы, үшін бізде әлі күнге дейін Ленин атындағы 400-ге жуық көше бар. Қазақстанның әр түкпірінде 30-ға жуық оның ескерткіштері бар екенін білемін. Мәселен, біз секілді Кеңестік одақтың құрамында болған Балтық теңізі жағалауындағы бірнеше елдер одақ құрамынан шыққан бетте жоғарыдағыдай заң шығарып, бас-аяғы алты айдың ішінде кеңестік жүйеге қатыстының бәрін тазалап тасатады», – дейді саясаткер.Ешқандай тарихи маңызы жоқ ескерткіштер
Осы орайда мынандай ой келеді. Жалпы, ескерткіш немесе тарихи орын деген нәрсе сақталуы үшін оның қандай да бір тарихи маңызы болуы керек емес пе? Осы күйі мызғымай тұра берер болса, ертеңгі ұрпақтың алдында себебі мен салдарын түсіндіретін қандай да бір еңбегі болуы керек шығар. Белгілі тарихшы Мәмбет Қойгелді аталған ескерткіштер болашақ үшін ешқандай берері жоқ дүние дегенді айтады. «Бұл біздің ертеңгі тарихымыз алдында үлкен сын. Меніңше, бұл азаматтардың кеуде мүсіндері тұрған ескерткіштер өзінің тарихи маңызын әлдеқашан жоғалтқан дүние. Тәуелсіздігін алғанына 30 жыл болған Қазақстанның болашақ ұрпағына қандай да бір берері бар ескерткіштер деп ойламаймын», – дейді тарихшы. Осыдан екі жыл бұрын Алматының іргесіндегі Талғар ауданына қарасты Тұздыбастау елді мекенінде 1922-1938 жылдары Кеңес Одағы Орталық атқару комитетінің төрағасы болған Михаил Калининге орнатылған екі ескерткіш құлатылған болатын. Оның алынуына ауыл тұрғындары мен қоғам белсенділері себепкер болған еді. Артынан дәл осы ескерткіштің орнына «Алаш» арыстарына арналған белгі қойылды. Көп ұзамай осы ауылдағы мәдениет үйінің алдында тұрған «бүкіл одақтық старостаның» тағы бір ескерткіші тұғырынан тайды. Жасыратыны жоқ, Алматының өзінде де кезінде қаланың көрнекті жерлеріне орнатылған кеңестік дәуірдің «тұлғаларына», турасын айтқанда, революция көсемі Лениннен бастап, халқымыздың басына қара бұлт үйірген қанқұйлы саясаттың «серкелеріне» арналған ескерткіш-бюсттердің алынып тасталғанын білеміз. Олардың барлығы қазір Әуезов ауданындағы «Сарыарқа» кинотеатры артындағы саябаққа жайғастырылған. Бұл жер келешекте Кеңестік мүсіндер музейіне айналуы мүмкін деген де пікірлер арагідік айтылып қалып жүр. Біздің айтпағымыз – қаланың ең көрнекті жерінде әлі күнге дейін тұрған жоғарыдағы «үшеудің» қола кейпі неге ол жерге көшірілмей қалғандығы?! Бұл жерден қандай да бір саяси астар іздеуге де негіз жоқ сияқты. Енжарлық дейін десең, алдында айтқан біраз «экс-серкелер» болашақ кеңестік мүсіндер мүзейіне көшіріліп жатқанда неге бұл үшеуі ұмыт қалды екен? Айналып келгенде сөзіміздің тоқетері – алдағы уақытта да алдымыздан шыға беретін осындай кедергілер мен түйінді сұрақтардың жауабын беру. Ескі үкімет үйінің артында тұрған үш қызыл комиссардың кеуде мүсіндері тұғырдан қашан таяры тек Алматы әкімдігінің идеологиялық әркетіне қарай белгілі болмақ. Алматы әкімдігі демекші, шамалы күндер бұрын ғана қалада қазақ халқының екі тұлғасына керемет ескерткіш ашылды. Оның бірі – Сұлтанбек Қожанұлы, екіншісі – Нұртас Оңдасынов.Нұрболат АДЫРБЕК, Алматы қаласы