Pfizer вакцинасы сенімді ме?
Pfizer вакцинасы сенімді ме?
Коллаж: Жұмабек Айқынұлы
273
оқылды

Қазақстандағы жасөспірімдерге, 16-37 апта аралығындағы жүкті әйелдерге және босанғанына 42 күн өткен әйелдерге Pfizer вакцинасы салына бастайды. Неліктен Pfizer вакцинасы таңдалды? Америкалық екпе туралы қандай дерек белгілі, зерттеулер қорытындысы қандай? Бұл сұрақтарға вирусолог Әсел Мұсабекова жауап берді.

Tengrinews.kz хабарлауынша, Pfizer-дің алғашқы легі Алматыға 10 қарашада жеткізіледі. Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой 15 қарашаға дейін 379 мың дозасы жеткізілетінін айтты.

Балаларға, жүкті және бала емізетін әйелдерге не үшін вакцина алу керек?

Вирусолог Әсел Мұсабекованың айтуынша, коронавирус жұқтырған жасөспірімдер де ересектердегі сияқты ауыр сатысынан өтуі мүмкін, басқа да аурулары асқынуы мүмкін. "Вакцина бірінші кезекте балаларға (1-11 жас) емес, жасөспірімдерге қажет (12-18 жас). Себебі оларға вирус жұқса, ересектер сияқты ауырады. Ал балалардың туғаннан бастап дарыған иммунитеті мықты болады. Сондықтан оларға виурс жұқса да, иммунитеті тез төтеп береді. Дегенмен вирус мутацияланып, асқынса, қауіп артады. Коронавирус оларға ауыр зардап тигізуі мүмкін. Сондықтан ата-ана рұқсатымен олар да вакцина алғаны жөн", – дейді вирусолог. Маманның мәліметінше, қазір Ұлыбританияда әр алтыншы адам өкпені жасанды желдету аппаратында жатыр, олардың көбі – жүкті әйел. Коронавирус жұқтырып, қайтыс болғандары да біршама. "Себебі үшінші триместрде жатырдағы бала өсіп жатқасын анада ентігу пайда болады, өкпесі кішірейеді. Бұл әсіресе, коронавирус пен тұмаудың асқынуына жеткізеді. Мұндайда әйелге ғана емес, балаға да зиян тиеді. Сондықтан оларға жүктіліктің 16-37 апта аралығында вакцина алғаны құпталады", – дейді вирусолог. Әсел Мұсабекованың айтуынша, бір жасқа дейінгі балалар үшін кез келген инфекция қауіпті. Оған ең бірінші вирус жұқтырушы адам – анасы, сол үшін оның вирусқа қарсы вакцина алуы маңызды. "Вакцина ана сүтіне енбейді. Керісінше, ол әйел адамның ағзасында антидене түзіп, балаға беріледі. Ал бала емізіп жүрген аналар вакцинаны босанғанына 42 күн өткенде ғана алғаны дұрыс", – дейді маман.

Неге тек Pfizer таңдалды?

Вирусолог Әсел Мұсабекованың айтуынша, бұған бірінші себеп – Pfizer туралы дерек көп, жеткілікті зерттеу жасалған, нәтиже бар. Ал басқа вакциналардың тек ересектерге әсері туралы мәлімет жеткілікті, бірақ балалар мен жүкті әйелдер бойынша зерттеуі аяқталмаған. Айта кетейік, Израильдің Clalit компаниясы мен Гарвард университетінің зерттеуі германиялық Biontech компаниясы мен америкалық Pfizer жасаған вакцинаның 12-18 жас аралығындағы жасөспірімдердің коронавирус жұқтырмауына тиімділігі 90% екенін көрсетті. Зерттеуге вакцина алған 94,3 мың жасөспірім қатыстырылған. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы COVID-19-ға қарсы Pfizer вакцинасын халықтың барлық тобына, тіпті созылмалы ауруы бар адамдарға да қауіпсіз және тиімді екенін хабарлады. Ұйым бұл вакцинаны ең әуелі вирус жұқтыру қаупі жоғары медицина-санитар қызметкерлеріне және егде жастағы адамдарға егуге кеңес берді. Ұйымның хабарлауынша, бұл вакцина бала емізіп жүрген аналар үшін де тиімді. ДДҰ аналарға вакцина алу үшін баланы емізуді тоқтатпауға кеңес берді.

Pfizer-дің қандай жанама әсері бар?

"Мұнда да екпе салынған жердің ауырсынуы, қызу және 2-4 күн әлсіздік болуы мүмкін. Сондай-ақ, зерттеу нәтижесінде Pfizer және Moderna вакцинасынан кейін сирек кездесетін жанама әсер анықталды. 30 жасқа дейінгі 100 мың адамның 1-інде, көбіне ер адамдарда миокардит және перикардит пайда болуы мүмкін. Ол әдетте жеңіл түрде болады, асқынбайды және бірнеше апта ішінде өздігінен кетеді. Бірақ бұл коронавирус жұқтырған адаммен салыстырғанда жүздеген есе жеңіл, себебі вирус жұқтырған адамда мұндай ауру ауыр болатынын, қатты асқынатынын ескерген жөн", – дейді вирусолог.

Бұл вакцинаның қандай кері әсері бар?

"Әйел адамға жүктіліктің алғашқы аптасында және босанғаннан кейін 42 күн өтпей, вакцина алуына болмайды. Сосын кез келген созылмалы аурулардың өршуі кезінде, мысалы, аллергия болса, вакцина алмаған жөн. Егер иммунитетті әлсірететін дәрі ішіп жүрсеңіз, мысалы, аутоиммундық аурулар кезінде, вакцина алмау керек. Мұндай жағдайда дәрігердің кеңесімен дәріден үзіліс жасап қана вакцина алған жөн. Ал қант диабеті және гипертензия сияқты созылмалы ауру болса, онда да дәрігердің бақылауымен алған дұрыс", – дейді маман. Айта кетейік, жасөспірімдерге вакцина білім беру мекемелерінде ата-анасының рұқсатымен салынады.