Осыған орай, бүгін сенаторлар Асқар Шәкіров, Владимир Волков және Ләззат Сүлеймен еліміздің Премьер-министріне депутаттық сауал жолдады. Бұл депутаттық сауалды дайындауға жанжал соңы адам өліміне әкеп соққан Алматы қаласындағы тұрғын үйді босатуды талап ету барысындағы қайғылы оқиға себеп болған.
Депутаттардың ақпаратына сәйкес, жүргізілген талдау, кепілдік мүлікпен сауда-саттық сыбайлас жемқорлық көріністері үшін жайлы орта болып табылатынын көрсеткен. Бұл банктер мен жеке сот орындаушыларына борышкерлердің жылжымайтын мүлкін төмен бағамен, кейде шектеусіз мөлшерде сатып алуға мүмкіндік береді. Бір адам бірнеше пәтерді сатып алған фактілер де тіркелген. Сонымен қатар, барлық сауда-саттыққа қатысушылар бір-бірімен байланысты болған фактілер де аз болмаған.Осыған байланысты, кредиторлар мен борышкерлердің мүдделерін қорғау үшін сенаторлар заңнаманы жетілдіру жөнінде шара қабылдауды ұсынды. «Азаматтардың жалғыз тұрғын үйін өндіріп алуға тыйым салуды белгілеуді, тиісті НҚА-ға банктердің қарыз алушылардың кепілге салынған мүлкін сату жөніндегі сауда-саттыққа қатысуын болдырмайтын норманы енгізуді, қарыз алушы өзінің қаржылық жағдайын жақсартқанға дейін шарттың талаптарын орындамаған кезде банктік қарыз бойынша мерзімін кейінге қалдыру мүмкіндігін қарауды, банктердің банктік қарыз шартында көзделмеген қарыз алушының мүлкін өндіріп алуына тыйым салуды белгілеуді және жеке сот орындаушыларының қызметін мемлекеттік бақылау, олардың лауазымдық өкілеттіктерін тиісінше орындамағаны, кәсіби деңгейін арттырғаны үшін жауапкершілігін күшейту», - деп атап өтті сенаторлар.«2021 жылдың 1 шілдесінен 30 қыркүйегіне дейін республиканың әкімшілік соттарына 7 мыңнан астам қозғалып, оның ішінде жеке сот орындаушыларының әрекеттеріне шағымдану бойынша 2 338 талап арыз түскен. Азаматтардың шағымдары негізінен жеке сот орындаушыларының қолданыстағы заңнама нормаларына, борышкердің мүлкіне тыйым салу кезінде атқарушылық іс жүргізу тараптарының құқықтарын бұзуына, сондай-ақ жеке сот орындаушылары қызметінде транспаренттіліктің болмауына және осы саладағы тиісті мемлекеттік бақылауға байланысты», – дейді сенаторлар.