"Ұлымды құтқару үшін үш ананың ұлын өлтірдім": өскемендік киллер әйел басынан өткен оқиғаны айтып берді
"Ұлымды құтқару үшін үш ананың ұлын өлтірдім": өскемендік киллер әйел басынан өткен оқиғаны айтып берді
© azattyq-ruhy.kz
200
оқылды
Аты-жөнін көрсетпеуді сұраған әйел қазір Шымкенттегі түрмеде жазасын өтеп жатыр. Ол тапсырыспен үш адамды өлтіргені үшін 28 жылға бас бостандығынан айырылған. Қазір соның 16 жылын өтепті. Киллер әйел мұндай қадамға баруына не итермелегенін, түрмедегі қазіргі өмірі туралы айтып берді, - деп жазады azattyq-ruhy.kz.
Біздің кейіпкер Өскемен қаласының тумасы. Осыдан 16 жыл бұрын ұлының еміне ақша таппай, тапсырыспен адам өлтіруге келіскен. Тапсырманы бұлжытпай орындап, 300 мың еуро ақысын да алған екен. Бұл ақша ұлының өмірін құтқаруға жеткенімен, әйелді соттың үкімінен құтқара алмады. Өзімен сыбайлас болған күйеуі арынан аттай алмаса керек, полицияға барып болған жайтты жайып салған. Ал ауруынан айыққан ұлы қазір Израильде тұрады. Журналиспен сұхбаттасуға келіскен әйел 16 жыл бұрын болған оқиғаны толықтай баяндап берді.
«Қылмыс 2005 жылы жасалды. 2006 жылдан бері қатаң режимдегі түзету колониясында жазамды өтеп жатырмын. Әуел баста Қарағанды облысындағы түрмеге қамалдым. 2012 жылдың қыркүйегінен бері Шымкент қаласында әйелдерге арналған колония ашылып, осында ауыстым», - деп бастады әңгімесін ол.
Биыл 2 қараша күні оның темір торға қамалғанына он алты жыл толған. Ал, бір айдан кейін ұлы 41 жасқа толады екен. «Ұлым Израильде тұрады, сол елдің азаматшасына үйленген. Төрт баласы бар. Олармен үнемі байланысып, бейнеқоңырау арқылы түрлерін көріп тұрамын», - дейді алпысқа жақындаған өскемендік әйел. Өскеменде өмір сүріп жатқан әйелдің өмірін түбегейлі өзгерткен жайт – осы баласының жаттығып жүріп алған жарақаты.
«Ұлым еркін күреске қатысатын. Бір күні жаттығу кезінде жарақат алды. Жарақаты өте ауыр болды, омыртқасы екі жерден сынып кеткен. Астана мен Алматының дәрігерлері қарап, баламның омыртқасындағы сынған сүйектерді бір біріне қосып бере алмаймыз деді. Мүгедек болып қалады немесе қайтыс болатынын айтты.
Содан, интернет арқылы бірден шетелдің дәрігерлерінен көмек іздедім. Операция жасап, операциядан кейін оны ұзақ уақыт емдеп, аяғынан тік тұрғызып береміз деген Израиль дәрігерлері 300 мың еуроның шотын қойды (2005 жылы Қазақстандағы еуро бағамы бір еуро үшін орташа есеппен 171 теңге болатын, теңгеге шаққанда әйелге 51 млн теңге керек болған – авт). Ол кезде бар мүлкімді сатсам да ондай ақша жинай алмайтын едім. 2005 жылы бәрі арзан, жалақы аз еді, ондай ақша жинау үшін жарты Өскеменді сату керек шығар... Алып-ұшып банктердің есігін қақтым, маған ондай несиені әрине ешбір банк бере қойған жоқ. Беретін ойлары да жоқ еді. Банк бермеген ақшаны қылмыс әлемі тауып береді екен, сондай қиналған сәтте керек адамдар бір-бірін табады екен. «Көп ақша төлейміз, тек жұмысты орында» деп делдалдар келгенде мен қармаққа іліндім. Сондықтан, менің ақылымды тыңдаған адам бұндайға алданбасын. Сол қармақ түбіңе жетеді екен», - дейді ол. Не керек, сонымен бұл әйел 1956, 1963, 1970 жылғы үш адамды өлтіруге тапсырыс алады. «Әрқайсының өлімі үшін әртүрлі көлемде төленді. Бірақ, бәрін қосқанда, 300 000 еуро жиналып тұрды. Олар маған доллармен төледі, мен оны еуроға айырбастап, ұлымды Израильге апардым», - дейді ол. Ақшасын алған дәрігелер операция жасап, жігітті құтқарған. Ұзаққа созылатын оңалтуға да ақша төлеп, әйел елге оралады. «Сол кезде балам Израильде емделіп жатып, өзін күтіп жүрген медбикемен танысқан екен. Екеуі бір біріне ғашық болған. Сол медбикеге үйленіп, сол жақта қалды. Әкесі екеуміздің қандай қылмысқа барғанымызды әрине білген жоқ. Араға үш жыл салып күйеуім полицияға өзі берілді. Мен үйде отырғанмын, келіп ұстап әкетті. Сонда да баламызға түк айтпадық. Біз тергеуде жатқанда туыстарым оған әртүрлі сылтау айтып, ұсталғанымызды білдірмеуге тырысқан. Бірақ, іші сезген шығар, билет алып келінім екеуі Қазақстанға ұшып келіпті. Дәл сол күні бізді соттап жатқан еді. Соңғы рет көзбе-көз сол 2006 жылы көрдім», - дейді киллер әйел. Сонда, бұрын қылмыс әлемінен мүлде аулақ болған бұл әйел қолына қалай қару алған деген сұрақ сізді де мазалап отырған шығар?
«Әскери прокурордың қолынан бәрі келеді. Шіркін, оқу мен жұмыста үйренгенім өмірде осындай қылмыс жасауға жарамай-ақ қойғанда ғой...», - дейді бұл сұраққа жауап бере бастаған сотталушы.
«Үш адамды да СВ-98 снайперлік винтовкасымен атып өлтірдім. Мылтық ұстай аламын. Жай адам қолына қару алып, адамды дәлдей алмайды ғой... Омск қаласындағы заң факультетінде оқығанда бізде әскери кафедра болды. Сол кафедарадан дайындықтан өткемін. Жұмысымдағы, яғни әскери прокуратурадағы адамдар бәрін біледі... Күмәніңіз болмасын, біз мылтық атуды да, өзгені де білеміз», - дейді ол. Оның сөзіне сенсек, тапсырыс берушіні және өлтіру себебін әйел сол күйі білмей кеткен. «Мен тек орындаушы болдым. Тергеу тапсырыс берген адамды таба алмады», - деп, бұл сұрақтың жауабын қысқа қайырды. Түрмеден босаған соң, бірден туған жерім Өскеменге барамын дейді ол. Қазір шығыста екі әпкесі мен туған-туыс, аға-бауырлары өмір сүреді.
«Бостандық десе, туған жерім есіме түседі. Туған үйімді еске аламын. Бостандық деген мен үшін жақындарымның жанындағы өмір. Ара-тұра түрмеге кездесуге келетін екі күн емес, күнде таңертең тұра сала телефон соғып, туған әпкеммен сөйлесіп тұрсам, мен үшін бостандықтың дәмі сол еді», - дейді ол.
Соттың шешімі бойынша киллер әйел күйеуімен сөйлесе алмайды. Сот жолдасын 25 жылға қамаған. Прокурор бұл әйелді 16 жылға қамауды сұраған екен. «Бірақ, дәл сол жерде судья оның арызын қанағаттандырған жоқ. Аз ба, көп пе білмеймін, 28 жыл берді. Бірақ, сотты да, тергеуді кінәламаймын. Шешіммен келіспеймін деп ешқайда арызданған жоқпын. Өйткені, мені біреудің қылмысы үшін емес, менің қылмысым үшін соттады», - дейді қасқая жауап берген әйел. Осылайша, өскемендік әйел рұқсат етілген жарты сағат ішінде жарты ғасырдан асатын өмірін баяндап беруге тырысты.
«Он алты жыл өтсе де, ар азабынан айрыла алмадым. Әлі күнге дейін іштей өзімді жеймін. Және менің түсінгенім, бұл азап ешқашан таусылмайды екен. Сондықтан, қазір бостандықта жүрген адамдарға айтарым, тіпті «шешімі жоқ» деген тығырыққа тірелсеңіз де ешқашан қылмысқа бармаңыз. Маған сеніңіздер, өмірде кез келген проблеманың шешімі бар. Менің қателігімді қайталамаңыздар. Өміріңіздің соңына дейін өкінесіз. Сол кезде қылмыстан басқа жол іздейтін күш-жігерім болғанда, «қой» деп бір ауыз сөзбен тоқтала алатын мінезді күйеуім болғанда, мен қазір қапаста отырмайтын едім. Мен тек ақшаны ойлап, байбаламға салындым. Ақша бәрін шеше алмайды. Сондықтан, дәл қазір ақшадан, болмаса басқа нәрседен қорқып жүргендердің тым болмағанда бір пайызы ақылыма көнсе, қылмыстан басқа жол іздеңіздер», -  дейді ол.