Палата Спикері Нұрлан Нығматулиннің төрағалығымен өткен жалпы отырыста Мәжіліс депутаттары бірқатар жаңа заң жобасын мақұлдады. Заң жобаларының қатарында салық, құқық қорғау салаларына қатысты құжаттар бар.
Депутаттар Салық кодексіне енгізілетін өзгерістер туралы заң жобасын қарау барысында мобильді төлемдерді реттеуге қатысты нормаларды қарастырды. Жиын барысында Мәжіліс депутаттары тұтынушылар мен кәсіпкерлер үшін жаңа норманы қабылдаудан не күтілетін және кәсіпкерлерге салынатын салық жүктемесі туралы мәселелер көтерді. Нұрлан Нығматулин аталған норма бойынша салықтың жаңа түрі енгізілмейтінін алға тартып, кәсіпкерлерге салық жүктемесі өзгермейтінін айтты. Сонымен қатар отырыс барысында депутаттар көлік салығына қатысты бірқатар мәселені ортаға салды. Айта кететін жағдай, автокөлік салығын төлеу мерзімі заңды тұлғалар үшін 2021 жылдың 5 шілдесінде аяқталса, жеке тұлғалар мен жеке кәсіпкерлер үшін мерзімі 2022 жылғы 31 наурызда бітеді. Сондықтан да салықты төлеген автокөлік иелері үшін қайта есептеулер қажет. Осыған сәйкес, Мәжіліс Төрағасы автокөліктің моделіне қатысты салық 2 есеге, ал жекелеген жағдайларда 6 есеге дейін азаятынын айтты. Әр автокөлік иесі үшін салық 5 мың теңге мен 115 мың теңге көлемі аралығында қайтарылатын болады. Палата Спикері 1,5 айдан кейін заң күшіне енетінін, 90 мыңнан аса автокөлік иесінің 2021 жылға арналған салығын қайта есептейтініне тоқталып, бұл есептеулер автокөлік иелерінің қатысуынсыз өтетінін, сондықтан азаматтар осы жайында ертерек білуі керек екенін айтты. – Қазір тиісті деңгейде түсіндіру жұмыстары ұйымдастырылмаса, адамдар халыққа қызмет көрсету орталықтарына барып, Call-орталықтарға үзбей қоңырау шалып, мемлекеттік органдардың блогтарына өтініштер қалдырады, – деді палата Спикері. Айта кету керек, заң жобасы мобильді төлемдерді реттеу, салық төлеушінің паспортын енгізу және жүк автомобильдері үшін белгіленген мөлшерлемелер бойынша жекелеген көлік құралдарына салықты есептеу құқығын беру және басқа да бірқатар жаңа норманы қамтыған. Сонымен қатар құқық қорғау органдары, прокуратура және сот арасында өкілеттіктердің және жауапкершілік аймақтарының аражігін ажырата отырып, үш буынды модельді енгізу мәселелері бойынша түзетулерді бірінші оқылымда мақұлдады.А.СҰЛТАН