Мұнай өңдеу зауыттарының жөндеуге тұруы нарыққа зиянын тигізетіні мәлім. «СНПС-Ақтөбемұнайгаз» АҚ зауытының қыркүйекте, «Павлодар мұнай-химия зауытының» қазанда күрделі жөндеуге жабылуы елде газ тапшылығының туындауына соқтырды. Өйткені ішкі нарық қажетті газ көлемінің бірден 25%-ынан айырылған. Сондықтан ел Үкіметі отандық мұнай өңдеу зауыттарын жөндеу жұмыстарының 5 жылдық жоспарын әзірлеуге шешім қабылдады.
Энергетика министрі Мағзұм Мырзағалиев Қазақстанның мұнай өңдеу зауыттары басшыларының қатысуымен көшпелі кеңес өткізді. Кездесу барысында бас энергетик олардан көңілі қалғанын, «осы жылы отандық кәсіпорындар ішкі нарықты дизель және авиаотынмен қамту бойынша міндеттерін орындай алмағанын» ашық айтты. Министрдің байламынша, жүйелі сипат алған проблеманың негізгі бір себебі – жөндеу жұмыстарын тиімсіз жоспарлау.«Өндірістік қуаты жаңғыртылғанына қарамастан, зауыттар ең қолайсыз кезде үнемі жөндеуге тоқтап тұрады. Сұраныс өсіп келе жатқан жағдайда жыл сайын 25 күндік тоқтауға жол бере алмаймыз. Жөндеу жұмыстарын жүргізудің қолданыстағы регламенті ескірген деп есептеймін. Күрделі жөндеуге жылына бір ғана зауыт тоқтауы тиіс. «ҚазМұнайГаз» басшылығына алдағы 5 жылға жаңа жоспар әзірлеуді тапсырамын», – деді Энергетика министрі.Жиында министр салада бір үлкен кілтипан бой көрсеткенін білді: Павлодар мұнай-химия зауытында жөндеу жүргізу кезінде гидротазарту компрессоры роторының ақаулы екені әшкереленген. Енді сол ақаулы бөлшекті тек 5 айдан кейін ғана ауыстыруға болады екен және осы кезең бойы ПМХЗ дизель отынын бұрын жоспарланғаннан ай сайын 20-40 мың тоннаға аз өндірмек! Мұны естіген ведомство басшысы ҚазМұнайГаз басшылығына МӨЗ-бен бірлесіп, көктемгі егін жұмыстары басталғанға дейін, Ресейден мұнай өнімін импорттау есебінен қор қалыптастыруды тапсырды. Сонымен қатар Энергетика министрі қысқы дизель отынын өндіруге бағытталған «Ертіс» жобасын уақытылы іске асыруды жүктеді. Сондай-ақ ол 1 апта ішінде компрессордың бұзылу себептерін тексеруді аяқтауды тапсырды және ҚМГ басшылығына зауыттың бас директоры Оспанбек Әлсейітовке қатаң сөгіс жариялауды ұсынды.
Елдос СЕНБАЙ