Биыл ел Тәуелсіздігіннің 30 жылдығы. Азаттық алғаннан бергі жылдар ішінде еліміз мемлекеттіліктің негізгі ұсындарын қалыптастырып, дамудың даңғыл жолына түсті. Бүгінде елімізде билік тармақтары мүлтіксіз жұмыс істеп тұр. Солардың қатарына Парламент те кіреді.
ХХ ғасырдың басында Міржақып Дулатұлы: «Біз қазаққа шын пайдалы депутат таңдауымыз керек. Ол: ақ жүрек, таза, жұртты я сатып, я алдап кетпейтін болса; халық үшін ерінбей қызмет етерлік, екіталай жерде жанын қиярлық ержүрек болса; өз пайдасынан жұрт пайдасын артық көретін болса; саясат ісіне жетік болса; білімді, шешен, оқыған көсем болса» деп депутаттыққа кім лайық деген сұрақтың жауабын беріп кеткен. Бүгінде заман өзгергенімен, осы сөз әлі де көкейкестілігін жойған жоқ. Тәуелсіз еліміздің заң шығарушы органын халық сайлайды. Ал депутаттың міндеті Тұңғыш Президент – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев айтқандай, тұрғындардың мұңына құлақ асып, елмен етене жұмыс істеу. Билік пен бұқара арасындағы алтын көпір болып отырған халық қалаулылары Алаш көсемдерінің іс-әрекетін үлгі етуі тиіс. Биылғы жылдың қаңтар айында жетінші шақырылымдағы Мәжіліс депутаты болып сайланған өз басым осы қағиданы берік ұстанып, еш уақытта есімнен шығарған емеспін. Халықтың мұңын мұңдап, жоғын жоқтау мақсатында шілде айында өзім туып-өскен Солтүстік Қазақстан облысына екінші рет іссапармен барып, жерлестерімнің тыныс-тіршілігімен таныстым. «Nur Otan» партиясы фракциясының мүшесі ретінде әріптесім Дмитрий Колодамен бірге ең алдымен сайлауалды бағдарламада қамтылған мәселелердің орындалу барысымен танысқанды жөн көрдік. Петропавлда көпсалалы аурухананың құрылысы қарқынды жүргізіліп жатыр. Былтыр жазда қадасы қағылған жаңа нысанның тәулік бойы жұмыс істейтін корпусы 500 орынға шақталған, ал емханасы күніне 1 000 адамды қабылдауға қауқарлы. Мұнда көпбейінді, перинаталдық, кардиологиялық және онкологиялық бөлімшелер ашылмақ. Айта кетейік, жаңа аурухана «Nur Otan» партиясының облыстық сайлауалды бағдарламасына басты басымдықтардың бірі ретінде енгізілген болатын. 9,5 гектар аумақты алып жатқан 6 қабатты аурухананың жертөлесінде автотұрақ ашу қарастырылған. Бұл да болса келушілерге жасалған жағдай. Құрылыс жұмыстарына 149 адам мен 27 техника жұмылдырылған. Облыстық көпсалалы аурухана бас дәрігерінің бірінші орынбасары Асхат Молжігітовтың айтуынша, мұнда жұмыс істеуге тек Солтүстік Қазақстан облысынан ғана емес, еліміздің басқа өңірлерінен де мамандар тартылмақ. Оларға арнайы көтерме төлемдер төленетін болады. Мұнда жұмыс істеуге ниетті мамандар міндетті кәсіби даярлық курстарынан өтеді. Өйткені құрал-жабдықтың барлығы су жаңа, заманауи. «Nur Otan» партиясының сайлауалды бағдарламасы аясында былтырғы жылдың соңында ашылған 200 орындық жұқпалы аурулар ауруханасы толық қуатында жұмыс істеп тұр. Мұнда 56 екі орындық, 16 үш орындық және 6 бір орындық палата бар. Далаға шығатын жеке есік қарастырылған екі орындық бокстар, қарқынды терапия бөлімшесінде 20 орын және қабылдау-диагностикалық бөлімшесінде 5 бокс жұмыс істейді. Тәулік бойы есігі айқара ашық ауруханада заманауи КТ, рентген және УЗИ-аппараттары, клиникалық және вирусологиялық зертхана бар, COVID-19 вирусына зерттеулер, ПТР-тестілеу жүргізіледі. Өз басым мұндай ауруханаларды білікті медициналық кадрлармен қамтамасыз ету мәселесін мен ұдайы көтеріп жүрмін. Басқа қалаларда медициналық білім алған жастар Солтүстік Қазақстан облысына келіп жұмыс істеуге құлшынысы болуы үшін оларды ынталандырудың маңызы зор. Кадр тапшылығы мәселесі өткір тұрғанына Петропавл қаласында жаңадан салынып жатқан электр-техникалық жабдықтарын өндіру зауытына барғанда да куә болдық. Петропавлдағы бұрынғы шағын литражды қозғалтқыштар зауытының қаңырап бос қалған ғимараттары бірнеше жылдан бері қаланың көркін бұзып тұрған болса, бүгінде бұл жерде жұмыс қыз-қыз қайнаған. Ғимаратты қалпына келтіру жұмыстары өндіріспен қатар жүргізіліп келеді. Мемлекет қолдауының және инвестор қаржысының арқасында цехтар өз жұмысын қайта бастады. Қазір құрылыс жұмыстары аяқталуға таяу. Трансформаторлар мен басқа да электр техникасын өндіруге 12 млрд теңгеге жуық инвестиция бағытталған. Соның ішінде 8 миллиард теңгені қазақстандық Alageum Electric компаниясы құйды. Ал мемлекет инвестициясы 4 млрд теңге шамасында. Бөлінген қаржының басым бөлігі игеріліп үлгерген: жаңа жабдықтар алынып, өндірістік үй-жайлар жөнделген. Биылғы жылдың соңына қарай бұл зауыт 3 мыңға дейін трансформатор шығарады деп жоспарланып отыр. Алдағы уақытта кәсіпорын жыл сайын 12 млрд теңге сомасына 13 мыңға дейін электр жабдығын өндіруге қауқарлы. Өнімнің 95 пайызы Еуразиялық экономикалық одаққа мүше елдерге экспортталмақ. Қазір жаңа нысанда 140 адам жұмыс істеп жүр. Ал жыл соңына дейін 310 қосымша жұмыс орындары ашылады деп күтіліп отыр. Зауыт директоры Мақсат Үсенбаевтан сұрап білгеніміздей, құрылыс жұмыстары жүргізіліп жатқан кезде коронавирус инфекциясының шарықтау шегіне жеткені өз салқынын тигізіп, маман тапшылығы қолбайлау болыпты. Зауыт толық қуатымен жұмысқа кіріскен кезде де дәл осы мәселе қиындық туғызуы мүмкін. Кадр тапшылығы өндіріске кері әсерін тигізбеуі үшін қазір жұмыспен қамту орталығымен және жоғары оқу орындарымен бірлескен жұмыс жүргізіліп жатқан көрінеді. Кәсіпорын басшылығының бұл бастамасы құптарлық. Сондай-ақ бұл мәселені кадрларды қайта даярлау жолы арқылы да шешуге болады. Кәсіпорынның басты артықшылығы – өндіріс 70 пайызға автоматтандырылған. Қызметкерлерге арналған үй салу жаңа кәсіпорынға кадрларды тарту мәселесін шешуге септігін тигізеді деген ойдамыз. Қазір зауыт аумағында 40 пәтерлі 5 қабатты үйді қалпына келтіру жұмыстары аяқталуға жақын. Ал келесі жылы зауыт жұмысшыларына жаңа 9 қабатты үйден 104 пәтер бөлінбек. Сонымен қатар зауытта жұмыс істеу үшін 100 қоныс аударушы отбасы мен шетелден мамандар шақырылмақ. Жол картасында мұндай нысандар жетерлік. Сапар барысында тек облыс орталығын шиырлап қана қоймай, шалғайдағы елді мекендерге және өзімнің туып-өскен өлкем Жамбыл ауданындағы Майбалық ауылына да ат басын бұрдық. Бүгінде Майбалық ауылында 178 адам, 47 аула ұялы байланыспен жарақтандырылып, тұрғындардың қала орталығына барып-келуі үшін тұрақты автобуспен қамтамасыз етілген. Кездесуде көтерілген күрделі мәселелердің бірі, республикалық маңызы бар жолдан Майбалық ауылына дейінгі 12 шақырым автомобиль жолының әбден тозғаны. Қара күзде және ерте көктемде жаңбыр мен еріген қардан су болған жол белуардан саз-лай батпақ болып, қыста үскірік 2 метрге жететін омбы қардан ауылмен байланыс үзіледі. Кездесулерде жол күрделі жөндеуді қажет ететін мәселе ретінде тұрғындар тарапынан көп көтерілсе де, осы күнге дейін әлі шешімін таппаған мәселе болғаны анықталды. Алғашқы кездесуде жергілікті әкімдік өкілдерімен, облыс басшылығымен тығыз қарым-қатынас орнатып, 2021 жылдың 15 шілдесінен бастап ауыл ішінде 8 жаңа тұрғын үй салынып, пайдалануға берілді. Ал жол жөндеу мәселесі Үкімет басшылығының келісімін алып, Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінiң қолдауының арқасында тиісті құжаттар дайындалып, мемлекеттік органдармен келісу жұмыстары атқарылды. Тозығы жеткен 12 шақырымдық жолға мердігер компаниялар сараптамалар жасап, 243,3 млн теңгеге жобалық-сметалық құжаттамалар дайындалды. Республикалық бюджеттен қосымша қаржы бөлініп, жоба өз қолдауын тапты. Нәтижесінде, аталған 12 шақырымдық жолға тиісті орташа жөндеу жұмыстары жүргізіліп, осы жылдың 30 қазанында Майбалық ауылына дейінгі жол толық төселіп, пайдалануға берілді. Шал ақын ауданының орталығы Сергеевка қаласында салынып жатқан денешынықтыру-сауықтыру кешені, Есіл ауданындағы Советское ауылында ауыл шаруашылығы дақылдарының тұқымын өндіру зауытының, Ғабит Мүсірепов атындағы ауданына қарасты Привольное ауылындағы тауарлы-сүт фермасының және басқа да көптеген нысанның құрылыс барысымен, жолдардың жағдайымен таныстық. «Еңбек» бағдарламасы бойынша оңтүстік өңірлерден көшіп келген қоныс аударушылармен, ауыл тұрғындарымен жүзбе-жүз кездесіп, өтініш-тілектеріне құлақ түрдік. Бүгінде облыс тұрғындарының 90 пайызы таза ауызсумен қамтылған десек те, ауылдықтарды ауызсу, жол, білім беру, денсаулық сақтау мәселелері толғандырып отыр. Сол себепті біз халықтың мұң-мұқтажымен танысып, Президент Қасым-Жомарт Кемелұлы айтқандай, кері байланыс орнатып келеміз. Жергілікті жерлерде Жол картасы қалай орындалып жатқанына осылайша көз жеткіздік.Ерлік ТАЙЖАНОВ, Мәжіліс депутаты, генерал-майор, «Nur Otan» партиясы фракциясының мүшесі