Қазақстанда шетелдік көліктерге қатысты дүрбелең былтырдан бері бір ушығып, бір басылып, әйтеуір біржақты шешімін таппай тұр. Енді, міне ол ресейлік нөмірлі автокөліктерге байланысты тағы өршіді.
Оған құзырлы органның 7 қарашадан бастап Ресейде тіркелген көліктерді жаппай тексеруге кірісуі себеп болды: ресми есепке алынбаған машиналар анықталып, айып тұрақтарға тоғытыла бастады. Өйткені ел заңы бойынша мұндай көліктердің жолда жүруіне тыйым салынған. Оның үстіне, республика аумағында іздеу салынған және сот санкциясы бар автомобильдер де көбейіп кеткен. Оған наразы болған жүргізушілер бірнеше қалада қарсылық жиындарын өткізді.Тексеруге не себеп болды?
Тұтас республика аумағында шетелдік көліктерді жаппай тексеру шарасының қолға алынуына тамыз айында ІІМ-нің Мемлекеттік кірістер комитеті және Ұлттық қауіпсіздік комитетімен бірлесіп ресейлік көліктерді тексеруі түрткі болған. Оның барысында Қазақстанға қылмысқа қатысы бар көліктер әкелінгені туралы көптеген факті анықталған. Сондай-ақ жалған құжат арқылы автокөліктерді әкелу бойынша 10-ға жуық дерек ашылған. Одан бөлек, Ресейде тіркеу тізілімінен шығарылған 150-ге жуық көліктің ел ішінде қолданыста жүргені мәлім болған. «Осыған байланысты Ішкі істер министрлігі Қазақстанда шетелде тіркелген барлық көлік бойынша сақтандыру компанияларына сауал жолдады. Бұл ақпарат Ресей Федерациясының ішкі істер министрлігіне тексеруге жіберілді. Қазақстан аумағындағы ресейлік тіркеудегі 88 мың автокөлік Ресей Федерациясының Ішкі істер министрлігінде белгіленген тәртіпте тіркелмегені немесе сатылғаны белгілі болды», – деді ІІМ ӘПК төрағасының орынбасары Серік Түсіпов. Сонда бұл көліктер не Қазақстанның, не Ресей құзырлы органдарының есебінде жоқ болып шыққан. Ал ондай «темір тұлпармен» жолда жүру ережеге қайшы. Терістіктен тасымалданған көлікті кедендік тіркеуден өткізу қажет емес, бірақ ел ішінде есепке қою үшін утилизациялық алым мен бастапқы тіркеу сомасын төлеу керек. Дегенмен ресейлік нөмір таққан көліктер тіркеуі мен құжатында ешқандай сәйкессіздіктер болмаса да республика аумағында бір жылға дейін ғана жүре алады, бірақ кесімді мерзім өткеннен кейін кемінде бір айға елден шығарылып, сосын Қазақстанда қайтадан пайдалана беруге болады. Сондай-ақ көліктерді сатып алу-сату шарты бойынша қазақстандықтар 10 күн ішінде Қазақстанда тіркеуден өтуі керек екенін атап өтті. Ал жоғарыдағы талаптарға сай келмейтін техниканы қолдануға тыйым салынған. Сонымен қатар ІІМ ӘПК төрағасының орынбасары Серік Түсіпов Ресейде тіркелген, жол ережесін бұзбаған көліктер тоқтатылмайтынын да жеткізді. «Ресейден келген 120 мыңға жуық автокөлік жол қозғалысы туралы заңның талаптарына сай қолданылады. Оларға қатысты шағым жоқ. Олар Қазақстан жолдарында бір жылға дейін емін-еркін жүре алады. Ресейлік нөмірлі көліктердің жүргізушісі жол ережесін бұзған жағдайда ғана тоқтатуға болады», – деді ол. Даулы мәселе бойынша прокуратура өкілдері де түсінік берді. Бас прокурордың орынбасары Әсет Шындалиев бұл талаптардың заңды екенін, сондықтан шу шығарып жүрген меншік иелерінің заңға бағынуы керек екенін айтты. «Бұл – өз қауіпсіздігіңізді, азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету. Кез келген азамат көлікті тіркеуі керек»,– деп қорытындылады Әсет Шындалиев.Жүргізушілер неге наразы?
Жол полициясы ресейлік нөмірлі көліктерді тоқтатып, айып тұрақтарына жаппай тоғыта бастаған алғашқы күндері-ақ Нұр-Сұлтан, Қарағанды, Ақтөбе, Семей, Орал, Қызылорда қатарлы бірқатар қалада жүргізушілер топталып наразылық акцияларын өткізді. Мәселен, 8 қараша күні 100-ден астам жүргізуші халыққа арнайы қызмет көрсету орталығына жиналды. Олар көліктерін полицейлер жөн-жосықсыз тексеріп, айып тұрағына жауып жатқанына шағымданды. Оларға жол полициясының өкілдері «егер көліктің» барлық құжаты дұрыс болса, қайтып аласыңдар» деп жауап қатқан екен. Наразы топ «Үкімет ресейлік нөмірлі машиналарға тыйым салатын болса, онда шекарадан неге өткізеді? Бұл халыққа жасаған қысастық қой» деп налыды. Жиналғандар: «Армениядан әкелінген көліктерге берілетін сары нөмірді бізге де берсін немесе мемлекеттік тіркеуді қарапайым халықтың қалтасы көтеретіндей етіп арзандатсын» деп талап қойды. Жүргізушілердің кейбірін барлық құжаты дұрыс болса да көліктерін айып тұрағына қойған полицейлердің әрекеті ашуландырыпты. Мысалы, қолында машинасының техникалық паспорты мен 3 жылға сенімхаты бар Нұржан Есіркепов былай дейді: «Ешқандай ережені бұзбасам да түнгі сағат 03.00 шамасында тоқтатты. Құжатымның бәрі дұрыс. Машинаны «тіркеуде жоқ» деп айып тұрағына қамады. Өзім қаладан 60-70 шақырым жерде тұрамын. Түнде далада қалдырды»,– дейді ол күйініп. Біраз уақыттан бері шетелден көлік тасумен айналысатын Алмас Көпжасаров соңғы жылдары отандық автонарықтағы өзгерістердің бәрі жеке топтардың лоббиімен іске асырылып отыруы мүмкін деген күдігін алға тартады. Оның айтуынша, отандық автоөнеркәсібін дамыту деген желеуімен қазақстандықтардың шетелден көлік тасымалдауына шектеулер қойылып отыр.Шетелдік көліктердің дауы қашан басталды?
Қазақстанда шетелдік көліктерге қатысты дау-дамай бүгін немесе кеше ғана туындап отырған жоқ, мұндай шатақ алғаш рет 10 жыл бұрын шыққан. Бірақ Үкіметтің бұл мәселені әлі күнге дейін реттемей неге созбалақтатып келе жатқаны түсініксіз. Алғаш қырғыз нөмірлі көліктердің дауы (2011-2012 жылдар) болса, кейін Ресейден көлік тасығанда (2014-2015 жылдар) тағы бір дүрліктік. 2020 жылы бұл тізімге Армения қосылды. Ресей, Беларусь және Қазақстанға ортақ техникалық регламент Қырғыз елінде тек 2018 жылғы 12 ақпаннан қолданыла бастаса, Арменияда 2020 жылғы 2 қаңтардан бастап қана күшіне енді. Шетелдік көліктерді Қазақстанда тіркеуге қою құны шамамен 500 мың теңге мен 4 миллион теңге аралығында. Бұл сома көліктің жылы мен қай елден әкелінгеніне байланысты. Сондай-ақ 2016 жылдың қаңтарынан бастап Қазақстанда утилизациялық алым енгізілді және бұл талап жергілікті автоөндірушілер, ресми импортерлер және шетелден көлік әкелетін өзге заңды, жеке тұлғалардың бәріне ортақ. Утилизациялық алым бастапқы тіркеуге қоюдан бұрын төленеді. Ол көліктің қозғалтқышының көлеміне және базалық алым коэффициентіне тәуелді. ІІМ 2020 жылдан бастап Армениядан келген көліктер елімізде тек бір жыл тіркеусіз жүруіне болатынын, ал ол мерзімнен асса, мемлекет аумағынан шығарылатынын мәлімдеді. Көлікті Қазақстан аймағында жүргізу үшін оны уақытша тіркеуге қою керек. Уақытша тіркеу 2020 жылдың 1 маусымынан басталды, 2021 жылдың 1 наурызында тіркеу аяқталды. Осы уақыт ішінде Армениядан әкелінген 18 мыңға жуық көлік тіркелген, оның ішінде 3 мыңға жуық көліктің басқару тетігі оңнан солға ауыстырылған. Ал шетелге шығарылған автомобильдер Арменияның уәкілетті органдарында тіркелді. Оларға басқа мемлекетте тұрақты тіркеуге тұрған көліктерге арналған сары нөмір беріледі. Бұл жағдайда нөмір автокөлік иесінің нақты тұрғылықты жері бойынша аймақ кодымен бірге беріледі (01-ден 17 өңірге дейін). Сары нөмірді пайдаланудың уақыттық шегі жоқ. Жүргізушінің қалауына қарай ауыстыруға болады. Сары түсті нөмірлі көлік Армения елінде тұрақты тіркеуде тұрғандықтан, ол Қазақстан аумағында сатылмайды, басқа адамның атына жазылмайды. Мұндай көліктерге қазақстандық нөмір тек тұрақты тіркеуге тұрғанда ғана беріледі. Қысқасы, Ресей нөмірлі көліктерді мініп жүрген жүргізушілердің басым көпшілігі көліктерінің Ресейде де, Қазақстанда да тіркеуде жоқ екенін мойындайды. Өйткені машинаны сатып алғанда бұрынғы иесі салық төлемес үшін автомобильді тіркеуінен шығарып береді. Ал бірақ сатып алған көлігін елге әкеліп тіркетейін десе оның құны көліктің өзінің бағасынан екі есе көп. Қарапайым автосүйер қауымды қинайтыны да осы.Дәулет АСАУ