Қоғамдық көлік һәм қауіпсіздік
Қоғамдық көлік һәм қауіпсіздік
341
оқылды

Петропавл қаласында қоғамдық көлік қызметі саласында түйіні шешілмеген түйткіл көп. Биыл 1 қыркүйектен бастап автобустарға электронды билеттендіру енгізілді. Жаңа әдіс бұл салада көлеңкелі экономиканың өрістегенін айғақтады. Мәселен, бұған дейін тасымалдаушылар айына 500 мыңдай ғана жолаушы жүреді деп көрсетіп келген болса, бір ғана қыркүйек айында 2 миллион 200 мыңнан астам жолаушы қоғамдық көліктің қызметіне жүгінгені анықталды.

Петропавл қаласында қоғамдық көлікке электронды билеттеу енгізу науқанын жүргізу оңай болған жоқ. Дифференциалды тариф былтыр қарашада есептеліп қойғанымен, оны енгізу мерзімі 1 қаңтар деп бел­гіленді. Кейін наурызға шегерілді. Одан соң да кейінге қалдырылып, ақыры биыл 1 қыркүйектен бастап қана қолданыла бастады. «Цифр­лық Қазақстан» бағдарламасы ая­сында автобустарға ALEMPAY бағ­­­дарламасы мен POS-терми­нал­дар орнатылды. Енді жолаушылар карточка арқылы 80 теңге, ал қол­ма-қол есеп айырысқан кезде 130 теңгеден төлейді. Нәтижесінде, қо­ғамдық көлік саласында қызмет көрсетушілер көлеңкелі эконо­ми­каны гүлдендіріп, табысын жасы­рып келгені белгілі болды. Жуырда өткен қалалық қоғамдық кеңестің отырысында айтылғанындай, қыр­күйек айында 2 200 416 жолаушы қоғамдық көліктің қызметіне жү­гініп, 180,8 миллион теңге табыс тү­сірген. Болжам бойынша, 2021 жы­лы тасымалдаушылардың табы­сы 2,2 миллиард теңгені құрауы тиіс. Ал олар бұған дейін есеп бер­генде 2020 жылы 6 577 711 жолаушы тасымалданғанын көрсеткен. Сон­да айына шамамен 548 мыңнан астам жолаушы тасымалданып, 457 миллион теңге ғана табыс түскені көрсетілген. Сөйтіп, тасымалдау­шы­лар өз табысын 4 есе азайтып көрсетіп келгені әшкере болып отыр. Осыдан екі жыл бұрын бір­неше автобусқа валидатор орнатыл­ғанда да дәл осындай жағдай анық­талған болатын. Бірақ ол кезде де, қазір де бұған назар аударып, жаза қолданған тиісті мекеме жоқ.

ЖОЛАУШЫЛАР НАРАЗЫЛЫҒЫ

Тұрғындар жаңа әдіс енгізілгелі қызмет көрсету сапасы күрт төмен­деп кеткенін айтып шағымдануда. Бұрынғыға қарағанда автобустарды күту уақыты едәуір ұлғая түсіпті. Кейде олар жарты сағаттап аялда­мада тұруға мәжбүр. Соның салда­рынан көлік әрдайым лық толы. «Жаман тұмауға» байланысты бе­кітілген әлеуметтік арақашықтық туралы сөз қозғаудың өзі артық. «Былғары зауыты ықшамау­да­нына қатынайтын жалғыз бағыт бар. Сол бағыт бойынша жүретін авто­бустар ескі, лас әрі суық. Әрда­йым аузы-мұрнынан шығып лық толып жүреді. Күздің қара суығында тоңып-жаурап аялдамада ұзақ тұра­мыз. Бұрын 10-15 минутта келетін көлік қазір жарты сағат сайын әрең қатынайды. №6 автобуспен күніне екі рет қатынау – кез келген адам үшін психологиялық күйзелістің нақ өзі. Валидатор жүргізушінің жа­нында ғана. Көп адамның арасы­мен сығылысып, ол жерге жетудің өзі мұң. Кондуктор жоқ. Жүргізу­ші­лер дөрекі. Кейде темекі шегеті­нін қайтерсің», – дейді Петропавл тұрғыны Наталья Власова. Тағы бір петропавлдық Зарема Гумарова да жүргізушілердің дөре­кілігіне шағымданды. Әпкесіне ба­ру үшін қоғамдық көлікке мінген ол жүргізушінің кесірінен дене жа­ра­қа­тын алғанын айтады. Жүргізуші авто­бусты оқыс бұрғандықтан, За­рема Хаджимұратқызы бір бүйі­рі­мен темір тірекке соғылған. «Есеп айы­рысу үшін жүргізушіге қарай бет алғанымда көлік оқыс бұрылыс жа­са­ды. Бір қолыммен баламды же­тек­теп, екінші қолыммен кар­точ­каны дайындап келе жатыр едім. Соққы­ның қатты болғаны сонша­лықты, бастапқыда дем ала алмай қалдым. Қабырғам сынған шығар деп ойла­дым. Бүйрегім, бауырым езіліп кет­кендей болды. Орнымнан қозғала алмадым. Аялдамада түскен соң әп­кем мен күйеуім келіп так­симен алып кеті. Жүргізуші кешірім сұрау­ға да, жағдайымды білуге де жара­ма­ды», – дейді Зарема Хаджи­мұратқызы. автобус Ол жүргізушілердің жұлқынбай, сабырмен жүргенін қалайды. Тіпті, оларға арналған оқыту семинарлары ұйымдастырылса деген ұсынысын білдірді. «Жүргізушілерге ұқыпты­лық, қызмет көрсету мәдениеті же­тіспейді. Адамдар шығар-шық­пас­тан орнынан қозғалады. Оларға семинар ұйымдастырып, адамдар­дың өмірі мен денсаулығы үшін жа­­уапты екенін түсіндірсе ғой, шір­­кін! Кінәлілердің еңбекақысы ке­­сілсе, бір нәтиже шығар еді. Не­ліктен олар өшін жолаушылардан алады?», – дейді жолаушы.

«ПАЙДАСЫНАН ЗИЯНЫ КӨП»

Қоғам белсендісі, қалалық қо­ғам­дық кеңестің мүшесі Павел Афа­насьев болса, тасымалдаушылар қазір қосымша табысынан қағыл­ғанына ызалы деген пікірде. Көбі жұмыстан шығып кетті. Қазір Пет­ро­павлда қоғамдық көлік жүр­гі­зу­шісі қат мамандық қатарында. «Әр бағытта 2, әрі кетсе 6 жүргізуші ғана бар. Ал автобустың саны 20 шақты. Көбі жалға берілген. Жалға алушы­лар тасымалдаушыға күніне 25-30 мың теңге төлейді. Бірақ бұл қаржы еш жерде көрсетілмейді. Осының өзі «көлеңкелі экономика емей не­мене? Қазір жүргізушілер үшін элек­тронды есеп айырысу тиімсіз. Авто­бусты жалдау ақысын күнде төлеу керек. Сондықтан да ыза­ла­на­ды. Демалыссыз күнде 12 сағат­тап жұмыс істеуге мәжбүр. Соның салдарынан жол-көлік апатын жа­сайды. Кондуктор да алғысы кел­мейді. Өйткені онымен бөлісу ке­рек», – дейді Павел Афанасьев. Кейбір пысықайлар QR кодқа қара фломастермен қосымша сызықтар сызып қоятын болыпты. Соның кесірінен жолаушылар элек­тронды жолмен есеп айырыса алмайды. Валидатордың да «сы­нып» қалатын кездері жиі болып тұ­рады. Жүргізушілер банк карточ­калары арқылы төлем қабылдаудан бас тартады. Балалардан 80 теңгенің орнына 130 теңге талап ететіндер де кездеседі. Оларды да түсінуге бо­лады: көлік сынып қалса, өз есебі­нен жөндеуге тура келеді, жанар-жағармай шығыны бар. «Бұл тығырықтан шығу үшін тендер шарттарына өзгеріс енгізу қажет» деп санайды Павел Афана­сьев. «Біріншіден, тендерге тек кө­лік иелерін қатыстыру, яғни жал­да­малы автобус иелерін тендер же­ңімпазы деп тану дұрыс емес. Екін­шіден, жұ­мыс істейтін адам­дар­мен еңбек ке­лісімшарты жаса­луы тиіс. Жүргізуші әлеуметтік жа­ғынан қор­ғалса, айына 200-300 мың теңге ең­бекақы алса, салық, әлеуметтік тө­­лемдер төленіп жат­қанын білсе, кон­дукторы болса, алаң көңілі ты­ныш­талар еді. Жо­лау­шылар қолма-қол есеп айырыса ма, әлде элек­трон­ды билет сатып ала ма, оған бәрі­бір болар еді. Се­бебі автобусты жалдау ақысын тө­леудің қажеті жоқ. Бірақ неге екені белгісіз, әкімдік тендер шарттарына осындай өзгеріс енгізбей отыр», – дейді Павел Афанасьев. «Электронды билеттің игілігі не екенін түсінген жоқпын. Керісінше, автобус күту уақыты ұлғая түсті. Кө­лікте жолаушы тым көп. Бір ба­ғыт бойынша қатынайтын автобус саны аз. Бұл жаңашылдықтың пай­дасынан зияны көп сияқты», – дейді Наталья Власова. Жаңа автобустардың ыңғайсыз екені ара-тұра айтылып жүр. Оты­ратын орындар аз, орындықтары тым үлкен. Орнынан күрт қоз­ға­ла­тындықтан, жолаушылардың жа­рақат алу қаупі мол деушілер де бар. Зарема Гумарова осы көліктердің жолаушы тасымалдауға тиісті тех­никалық құжаттары бар екеніне де шүбә келтіріп отыр. Ал «СҚО авто­көлік одағы» тасымалдаушылар қо­ғамы болса, дизель отынының қым­баттауына байланысты жолақы тарифін көтеруді сұрап хат жазды. Қалалық тұрғын үй-коммунал­дық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бө­лімінің мәліметінше, бүгінде Пет­ропавл қаласында барлығы 220 ав­тобус бар болса, 19 бағыттың то­ғы­зын­да 100 жаңа автобус қатынап жүр.  

Роза ШӘКЕН, Солтүстік Қазақстан облысы