Петропавл қаласында қоғамдық көлік қызметі саласында түйіні шешілмеген түйткіл көп. Биыл 1 қыркүйектен бастап автобустарға электронды билеттендіру енгізілді. Жаңа әдіс бұл салада көлеңкелі экономиканың өрістегенін айғақтады. Мәселен, бұған дейін тасымалдаушылар айына 500 мыңдай ғана жолаушы жүреді деп көрсетіп келген болса, бір ғана қыркүйек айында 2 миллион 200 мыңнан астам жолаушы қоғамдық көліктің қызметіне жүгінгені анықталды.
Петропавл қаласында қоғамдық көлікке электронды билеттеу енгізу науқанын жүргізу оңай болған жоқ. Дифференциалды тариф былтыр қарашада есептеліп қойғанымен, оны енгізу мерзімі 1 қаңтар деп белгіленді. Кейін наурызға шегерілді. Одан соң да кейінге қалдырылып, ақыры биыл 1 қыркүйектен бастап қана қолданыла бастады. «Цифрлық Қазақстан» бағдарламасы аясында автобустарға ALEMPAY бағдарламасы мен POS-терминалдар орнатылды. Енді жолаушылар карточка арқылы 80 теңге, ал қолма-қол есеп айырысқан кезде 130 теңгеден төлейді. Нәтижесінде, қоғамдық көлік саласында қызмет көрсетушілер көлеңкелі экономиканы гүлдендіріп, табысын жасырып келгені белгілі болды. Жуырда өткен қалалық қоғамдық кеңестің отырысында айтылғанындай, қыркүйек айында 2 200 416 жолаушы қоғамдық көліктің қызметіне жүгініп, 180,8 миллион теңге табыс түсірген. Болжам бойынша, 2021 жылы тасымалдаушылардың табысы 2,2 миллиард теңгені құрауы тиіс. Ал олар бұған дейін есеп бергенде 2020 жылы 6 577 711 жолаушы тасымалданғанын көрсеткен. Сонда айына шамамен 548 мыңнан астам жолаушы тасымалданып, 457 миллион теңге ғана табыс түскені көрсетілген. Сөйтіп, тасымалдаушылар өз табысын 4 есе азайтып көрсетіп келгені әшкере болып отыр. Осыдан екі жыл бұрын бірнеше автобусқа валидатор орнатылғанда да дәл осындай жағдай анықталған болатын. Бірақ ол кезде де, қазір де бұған назар аударып, жаза қолданған тиісті мекеме жоқ.ЖОЛАУШЫЛАР НАРАЗЫЛЫҒЫ
Тұрғындар жаңа әдіс енгізілгелі қызмет көрсету сапасы күрт төмендеп кеткенін айтып шағымдануда. Бұрынғыға қарағанда автобустарды күту уақыты едәуір ұлғая түсіпті. Кейде олар жарты сағаттап аялдамада тұруға мәжбүр. Соның салдарынан көлік әрдайым лық толы. «Жаман тұмауға» байланысты бекітілген әлеуметтік арақашықтық туралы сөз қозғаудың өзі артық. «Былғары зауыты ықшамауданына қатынайтын жалғыз бағыт бар. Сол бағыт бойынша жүретін автобустар ескі, лас әрі суық. Әрдайым аузы-мұрнынан шығып лық толып жүреді. Күздің қара суығында тоңып-жаурап аялдамада ұзақ тұрамыз. Бұрын 10-15 минутта келетін көлік қазір жарты сағат сайын әрең қатынайды. №6 автобуспен күніне екі рет қатынау – кез келген адам үшін психологиялық күйзелістің нақ өзі. Валидатор жүргізушінің жанында ғана. Көп адамның арасымен сығылысып, ол жерге жетудің өзі мұң. Кондуктор жоқ. Жүргізушілер дөрекі. Кейде темекі шегетінін қайтерсің», – дейді Петропавл тұрғыны Наталья Власова. Тағы бір петропавлдық Зарема Гумарова да жүргізушілердің дөрекілігіне шағымданды. Әпкесіне бару үшін қоғамдық көлікке мінген ол жүргізушінің кесірінен дене жарақатын алғанын айтады. Жүргізуші автобусты оқыс бұрғандықтан, Зарема Хаджимұратқызы бір бүйірімен темір тірекке соғылған. «Есеп айырысу үшін жүргізушіге қарай бет алғанымда көлік оқыс бұрылыс жасады. Бір қолыммен баламды жетектеп, екінші қолыммен карточканы дайындап келе жатыр едім. Соққының қатты болғаны соншалықты, бастапқыда дем ала алмай қалдым. Қабырғам сынған шығар деп ойладым. Бүйрегім, бауырым езіліп кеткендей болды. Орнымнан қозғала алмадым. Аялдамада түскен соң әпкем мен күйеуім келіп таксимен алып кеті. Жүргізуші кешірім сұрауға да, жағдайымды білуге де жарамады», – дейді Зарема Хаджимұратқызы.«ПАЙДАСЫНАН ЗИЯНЫ КӨП»
Қоғам белсендісі, қалалық қоғамдық кеңестің мүшесі Павел Афанасьев болса, тасымалдаушылар қазір қосымша табысынан қағылғанына ызалы деген пікірде. Көбі жұмыстан шығып кетті. Қазір Петропавлда қоғамдық көлік жүргізушісі қат мамандық қатарында. «Әр бағытта 2, әрі кетсе 6 жүргізуші ғана бар. Ал автобустың саны 20 шақты. Көбі жалға берілген. Жалға алушылар тасымалдаушыға күніне 25-30 мың теңге төлейді. Бірақ бұл қаржы еш жерде көрсетілмейді. Осының өзі «көлеңкелі экономика емей немене? Қазір жүргізушілер үшін электронды есеп айырысу тиімсіз. Автобусты жалдау ақысын күнде төлеу керек. Сондықтан да ызаланады. Демалыссыз күнде 12 сағаттап жұмыс істеуге мәжбүр. Соның салдарынан жол-көлік апатын жасайды. Кондуктор да алғысы келмейді. Өйткені онымен бөлісу керек», – дейді Павел Афанасьев. Кейбір пысықайлар QR кодқа қара фломастермен қосымша сызықтар сызып қоятын болыпты. Соның кесірінен жолаушылар электронды жолмен есеп айырыса алмайды. Валидатордың да «сынып» қалатын кездері жиі болып тұрады. Жүргізушілер банк карточкалары арқылы төлем қабылдаудан бас тартады. Балалардан 80 теңгенің орнына 130 теңге талап ететіндер де кездеседі. Оларды да түсінуге болады: көлік сынып қалса, өз есебінен жөндеуге тура келеді, жанар-жағармай шығыны бар. «Бұл тығырықтан шығу үшін тендер шарттарына өзгеріс енгізу қажет» деп санайды Павел Афанасьев. «Біріншіден, тендерге тек көлік иелерін қатыстыру, яғни жалдамалы автобус иелерін тендер жеңімпазы деп тану дұрыс емес. Екіншіден, жұмыс істейтін адамдармен еңбек келісімшарты жасалуы тиіс. Жүргізуші әлеуметтік жағынан қорғалса, айына 200-300 мың теңге еңбекақы алса, салық, әлеуметтік төлемдер төленіп жатқанын білсе, кондукторы болса, алаң көңілі тынышталар еді. Жолаушылар қолма-қол есеп айырыса ма, әлде электронды билет сатып ала ма, оған бәрібір болар еді. Себебі автобусты жалдау ақысын төлеудің қажеті жоқ. Бірақ неге екені белгісіз, әкімдік тендер шарттарына осындай өзгеріс енгізбей отыр», – дейді Павел Афанасьев. «Электронды билеттің игілігі не екенін түсінген жоқпын. Керісінше, автобус күту уақыты ұлғая түсті. Көлікте жолаушы тым көп. Бір бағыт бойынша қатынайтын автобус саны аз. Бұл жаңашылдықтың пайдасынан зияны көп сияқты», – дейді Наталья Власова. Жаңа автобустардың ыңғайсыз екені ара-тұра айтылып жүр. Отыратын орындар аз, орындықтары тым үлкен. Орнынан күрт қозғалатындықтан, жолаушылардың жарақат алу қаупі мол деушілер де бар. Зарема Гумарова осы көліктердің жолаушы тасымалдауға тиісті техникалық құжаттары бар екеніне де шүбә келтіріп отыр. Ал «СҚО автокөлік одағы» тасымалдаушылар қоғамы болса, дизель отынының қымбаттауына байланысты жолақы тарифін көтеруді сұрап хат жазды. Қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің мәліметінше, бүгінде Петропавл қаласында барлығы 220 автобус бар болса, 19 бағыттың тоғызында 100 жаңа автобус қатынап жүр.Роза ШӘКЕН, Солтүстік Қазақстан облысы