Қыс қыр астында. Ал түркістандық малшылар суып келе жатқан әрбір күнді үреймен күтіп отыр. Себебі биылғы қуаңшылық Сарыағаш ауданының мал шаруашылығымен күн көретін біраз ауылын тұралатып тастады.
Жұт жеті ағайынды деген рас болғаны ма?
Әсіресе, Әлімтау ауылының тұрғындары биылғы қуаңшылықты бұл да бір жұт деп есептейді. «Жұт жеті ағайынды» дегендей, жуырда болған шаңды боран шықпа жаным шықпамен отырған малшыларды одан сайын тығырыққа тіреген. Түркістан облысының біраз аумағында 4 қараша күні кешке басталған шаңды бораннан жол көрінбей, трассада көлік кептелісі пайда болып, жолда қалғандар көп болған. Құтқарушылар келіп, жолаушыларды тұратын жерлеріне жеткізген жағдай болған еді. Қазгидрометтің хабарлауынша, осы күні шығыстан соққан желдің күші облыстың солтүстігінде, батысында, тау және тау бөктерлі аудандарында 15-20 м/с, 5 қарашада таулы аудандарда 23-28 м/с-қа дейін жеткен. Өңірде бұрын-соңды кезікпеген осындай жойқын шаңды боран талай малдың ықтап жоғалып кетуіне себеп болды. Тіпті, малын айдап келе жатқан шопандардың өзі жол таппай адасып кетіп, ертесіне табылып жатты. «Кешегі шаңды дауылда айналада түк көрінбей қалды. Қайта біз ол кезде малды ертерек қораға кіргізіп алған едік. Көп адамның малы ығып, сонау Бірлік ауылына дейін кетіп қалған. Ертесіне күндіз тағы да күшейді. Қойшылар адасып әбден әбігерге түсті. Жердегі онша-мұнша қылтиған шөпті түгелімен ұшырып әкетті. Бұл малшыларға жығылған үстіне жұдырық болды», –дейді ТАШ шаруа қожалығының төрағасы Алмасбек Мәліков. Ал мал шаруашылығын кәсіп еткен тағы бір шаруа Қуаныш Қосмырзаев жердің қыртысын түгел көшіріп әкеткен бұл дауылдың салдарынан мал қаталап өлетін болды деп қорқып отыр. «Шөпті тамырымен жел суырып кетті. Боран шөпті сай-сайға апарып тастады, оның үстін құм басып қалды. Енді жерден қара таппаған мал құм арасындағы қылтиған шөпке бас сұқса қаталап өледі. Себебі шөпті емес құмды жейді ғой», – деп шырылдайды ол.Биылғыдай қуаңшылық бұрын-соңды болмаған
Биыл малшы ауыл әбден қиналып отыр. Әлімтау ауылының тұрғындары түгелге жуық атасынан қалған кәсіп төрт түлік малды өсірумен күн көреді. Атакәсіпке адал әлімтаулықтар орталықтан шалғай, 120 шақырымдай аумақтағы жазық далада жазы ыстық, қысы суық аймаққа мойынұсынған. Ауа райының қолайсыздығына қарамастан төрт түлік малдан нәпақасын айырып, жайма-шуақ өмір сүріп отыр еді. Алайда биыл, елге жұт секілді қуаңшылық келді. «Көзімді ашқаннан мал бағумен айналысып келеміз. Әке-шешемнен қалған кәсіп – бұл. Бірақ дәл биылғыдай қиындықты көрген емеспіз», – дейді шаруа Алмасбек Мәліков. Иелігінде 400 қойы, 12 ірі қарасы бар Алмасбек аға биыл қой басына бір түйір де қосылмағанын айтады. Бүгінде мектепте мұғалім болып жұмыс істейтін ол отбасылы қойшы ұстайды екен. «Уақ малды көбейтеміз деген мақсатпен осы істі бастаған едік. Онымен биыл ел басына түскен қуаңшылық, керісінше малды азайтуға тура келіп тұр. Биыл төлдің бәрін сатып тастадық. Көктемде жауын жауғанда күн суық болып жерге көк өспеді. Одан кейін күн ысып кетті. Сонымен, жайылым жеріміз көк шықпаған күйі бос қалды. Жоңышқаны 1 500-ден, шөпті 1 000-1 500-ден алдық. Жантақ 700 теңгеден. Жемнің келісін 110 теңгеден түсірдік. Есебіне жете беріңіз. Орта есеппен 1 миллион теңгеге шөп, 1 млн 100 мың теңгеге 10 тонна жем алып отырмын. Мұның өзімен қыстан шыға алмаймыз-ау деген қаупім бар. Қыстың қандай боларын білмейміз әлі», – деп уайымдайды шаруа. Ауылда былтыр да шөп тапшы болған екен. Бірақ ол кезде дым болмаса жайылым жерде шөп болған. Қалың қысқа дейін мал жайылыммен күн көріп, шөпті желтоқсан айынан бастап бере бастаған. Былтыр дестесін 500-600 теңгеден алған шөп жетіп артылыпты. Биыл тіпті қиын. Жайылым да жоқ, шөп те қымбат. «Қазір жерге ине тастасаңыз, ине тауып аласыз ғой. Жер қара болып қалған. Биылғы қуаңшылықты көріп, төлдің бәрін сатып жібердік. Сосын қойдың ішіндегі кәрісін, арығын, қыстан шықпайды-ау дегендерін азын-аулақ тиын-тебенге саттық. Енді қайтеміз, көз алдымызда сұлап жатқанша тиын болсын дедік. Қазір малдың бағасы да түсіп кеткен. Алыпсатарлардың дәурені жүріп тұр», – дейді шаруа қожалық иесі. Алмасбек ағаның тағы бір шағымы «ауылда бірен-саран бидай егетіндер, жайылым жері барлар жеріне экскаватор әкеліп шұңқырлар қазып қоршау жасайды екен. Ондағысы егінге мал түспесін деп қорғану. Алайда малдың аты мал емес пе, жайылымға өтем деп талайы шұңқырға түсіп өлген. Себебі малда шұңқырға түсіп кетемін дейтін ми болмайды. Шұңқыр қазғанша одан да биік қоршау салсын», – дейді. Бұл мәселе Үкімет тарапынан да қозғалып, шұңқырларды бекіту туралы тапсырма да келіпті. Алайда тырп еткен қозғалыс байқалмайды.30 шақты ұсақ мал аштан өлген
Ауылдағы барлық шопаннан күй кеткен. Малға қолдан жемшөп беріп бастағанына бір айдан аса уақыт болып қалыпты. «Алда 4 ай қыс бар. Алдағы күніміз не болады деген уайым басым. Мал басын 1 500-ге дейін көбейткен едім. Қазір қолда 700-дейі ғана қалды. Сатқанынша саттық. Аштан өліп жатқандары да бар. 30 шақты уақ мал, 5-6 жылқы аштан қырылып қалды. Сатайын десең арық малды ешкім алмайды. Базарға апарып тұрып-тұрып қайтып келеміз. 3 000 десте шөп алдым. Күніне 20 бумадан беріп жатырмын. Ол не болады? Далаға шығарғанмен айналып-айналып қайтып келеді, жерде түк жоқ. Әлі алда қақаған суық бар. Сатылатын шөп те, оны ала қоятын қаржы да жоқ. 500 теңгеден сағыз сияқты шайнаңдап тұра беретін салпағар әкеліп жатыр. Мал оны жесе өледі ғой, құнары жоқ», – деп жанайқайын жеткізді Қуаныш Қосмырзаев. «9 баланы өсіріп отырған көпбалалы отбасы 20 жылға жуық малдан нәпақасын тауып отырған екен. Биыл ел басына түскен ауыртпашылықтың соңы қалай боларын білмей уайым кешіп отыр. Мемлекеттен берілетін субсидияға да іліне алмайды екен. Себебі талап бойынша қорасы болуы тиіс. Жақында ауыл әкімдігінен келген мамандар жеңілдетілген несие беру жағын қарастырып жатқанын айтыпты. Шопан несиені ай сайын төлеуге мұршасының жоғын, егер мүмкіндік болса 6 айдан кейін барып төлеуді ұйымдастырып берсе деген өтінішін жеткізіпті. Пайызын да сол кезде қосып берерміз», – дейді ел ағасы. Ал Әлімтау ауыл округінің әкімі Зайырбек Маликов қуаңшылықтың мал шаруашылығымен айналысатындарға қиындығын тигізіп отырғанын жасырмады. Несие бойынша жұмыс жүргізіп жатқанын айтады. «Жерде түк жоқ. Қолдан жемшөп беріп жатырмыз. Несиені кепілге жылжымайтын мүлік қойып алуға көп уақыт өтетінін ескеріп, арасында жұмыс істейтіндері болса жалақысын, зейнетақысын кепілге қойып жеңілдетілген несие алу жағын қарастырудамыз. Себебі дәл қазір қол жеткізбесек шөп те қымбаттап, күн де суып кетеді. Тіпті, автокөлікті, техниканы қойып несие алу жағын да сөйлесудеміз», – дейді ауыл әкімі. Ауыл округіне қарасты 4 елді мекенде 55 мың қой, 3 000 сиыр және 2 500 жылқы бар екен. Ауыл әкімінің айтуынша, бүгінде өңірдегі 30 мыңға жуық уақ мал Сырдария өзені бойындағы ұлттық паркке, Көксарай су қоймасы төңірегіне көшірілген. Ауылда қалған 10-15 мыңдай қой, 2 000-ға жуық сиыр мен 1 000-нан аса жылқы қолға қараған. Қолдан жемшөп берілуде. «Базарда жаппай мал сатылып жатыр деген бос сөз. Базарға апарғанымен арық малды ешкім алмайды. Енді басқа амалымыз жоқ. Несиені тездетсек шаруалардың мал азығын түгендеп қармаққа жармақ болар», – дейді ол. Ал мал жайылымына көшуді дұрыс санамай, ауылында қалып кеткен шаруаның бірі Алмасбек Мәліков онда да жай-күйдің болмайтынын айтады. Ол үшін бірнеше адаммен бірігу керегі, ағайындар болып бару қажетін айтады. Қалай болғанда да биылғы қуаңшылық әлімтаулықтарды тәлтіректетіп тұр. Қыс түспей жатып көтерем малдар көбейген. Төрт түлік малдың көз алдында теңкиіп сұлап жатқанын көру шаруалардың жанына батып-ақ тұр.Назгүл НАЗАРБЕК, Түркістан облысы