Жылдағы дәстүр бойынша елорда төрінде, Президент жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде өтетін брифингте журналистермен жүздескен Алматы облысының әкімі Амандық Баталов өзінің баяндамасында Жетісу өңірі жұртшылығының ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығына жақсы жетістіктермен жеткеніне жан-жақты тоқталды.
Өңір басшысының айтуына қарағанда, соңғы екі жылда әлемді әбігерге салған қауіпті індетке байланысты қойылған шектеулерге қарамастан облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуы ойдағыдай. Басқаны айтпағанда, жалпы өңірлік өнім көлемі отыз жыл барысында 35 млн теңгеден 3 трлн 700 млрд теңгеге дейін ұлғайыпты. Өнеркәсіп өнімін шығару 9,5 млн теңгеден 1 трлн 200 млрд теңгеге дейін жетіп, ауыл шаруашылығының жалпы өнімі биыл 1 трлн теңгеден асқан көрінеді. Отыз жылда 14,5 млн шаршы метр тұрғын үй тұрғызылған. «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша осы жылы бір млн шаршы метр тұрғын үйді пайдалануға беру жоспарланған, оның ішінде 835,4 мың шаршы метр тұрғын үй іске қосылды. Бүгінде 1307 отбасы пәтер алды, оның ішінде 327-і көпбалалы және әлеуметтік тұрғыда осал отбасылар. Бюджетке түсімдер 1997 жылы 11 млрд теңге болса, биыл 742 млрд теңгеге дейін жеткен. 30 жылда облыс экономикасына 6,5 трлн теңге инвестиция салынған. Трансұлттық компаниялардың республика бойынша қолға алынған 19 жобасының ішіндегі жалпы инвестиция сомасы 290 млрд теңгені құрайтын 9 жоба Алматы облысында болса, бүгінге дейін солардың ішіндегі жоғары технологиялық және экспортқа бағдарланған «Маревен Фуд», «Лукойл», Willo, «Фуд Миллс» сынды төртеуі жұміс істеуде. Мемлекет басшысының «Халық бірлігі және жүйелі реформалар – ел өркендеуінің берік негізі» Жолдауының аясында пандемиядан кейін экономиканың өсуін қалпына келтіру, инвестиция тарту және халықтың табысын арттыру бойынша жұмыстар жалғасуда. Биылғы 10 айдың қорытындысы бойынша экономиканың барлық негізгі салаларында тұрақты өсім қамтамасыз етілді. Ауыл тұрғындарының табысын арттыру және азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында агроөнеркәсіптік кешенді дамыту шаралары қабылдануда. Осы жылы мемлекеттік қолдауға 50 млрд теңгеден астам қаражат бөлініпті. Соның арқасында ауыл шаруашылығы дақылдары алқабы 972 мың гектарға жеткізіліп, оның ішінде қант қызылшасы – 16 мың, жүгері – 95 мың, картоп 40 мың гектардан асты. 2025 жылға дейін қант қызылшасы алқабын 53 мың гектарға дейін ұлғайту есебінен өндіріс көлемін екі миллион тоннаға дейін арттыру жоспарланған. Ол үшін Көксу және Ақсу қант зауыттарын жаңғырту жүзеге асырылады. 2030 жылға қарай облыс бойынша 138 мың гектарды қалпына келтіру арқылы суармалы жер көлемін 3 миллион гектарға дейін көбейту ойластырылған. Өткен жылмен салыстырғанда мал мен құс саны орта есеппен 2 пайызға өскен. Малды қыста жемшөптен тарықтырмау мақсатында 5,3 млн тонна мал азығы дайындалды. Маңғыстау облысының зардап шеккен фермерлеріне гуманитарлық көмек ретінде 54 вагон шөп жіберілді. Облыста барлығы 117 мал бордақылау алаңы, 84 тауарлы-сүт фермасы жұмыс істейді және соның арқасында ет өңдеу кәсіпорындарының жүктемесі 72 пайызға, сүт зауыттарының жүктемесі 85 пайызға жетті. Агроөнеркәсіп кешенінің қайта өңделген өнімдерінің экспорты 25% өсіп, 97 млн. АҚШ долларын немесе жалпы агроөнеркәсіп кешені экспортының 73 пайызын құрады. Жыл соңына қарай ауыл шаруашылығының жалпы өнім көлемі алғаш рет бір триллион теңгеден асады. Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағаларын ұстап тұру мақсатында биыл қыркүйекте Үкімет қабылдаған 2021-2024 жылдарға тұрақтандыру қорын құрып, жеңілдікпен кредит беру үшін жергілікті бюджеттен қосымша 1,7 млрд теңге бөлінді, жалпы қарастырылған қаржы сомасы – 3,7 млрд теңге. Жыл қорытындысы бойынша шағын және орта бизнес субъектілері шығарған өнім мен көрсеткен қызмет көлемі екі трлн теңгеге жетеді, ал олардың жалпы өңірлік өнімдегі үлесі өткен жылғы 32,4 пайыздан 34,3 пайызға ұлғаяды. Облыста орталық сумен қамтамасыз ету деңгейі республикада жоғары көрсеткіштің бірі және 98,3 пайызға жеткен. Жыл соңына дейін бұл көрсеткіш 99,5 пайыз болады. Елді мекендерді газдандыру және жылу көздерін газбен жылытуға ауыстыру бойынша жұмыстар жалғасуда. Өткен жылы облыс халқының 59 пайызының газға қол жеткізуі қамтамасыз етілді. Осы жылы тағы 13 елді мекенді қосу арқылы 61 пайызға жетеді. Өткен жылы Талдықорған және Қапшағай қалаларында үш қазандық газға ауыстырылды. Мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында 101 көппәтерлі тұрғын үй үшін 31 блокты-модульді қазандықтарды орнату жүргізілуде, бұл жұмыс келесі жылы толығымен аяқталады. Талдықорған қаласының экологиясын жақсарту үшін жергілікті бюджеттен газбен жүретін 55 экологиялық автобус сатып алынды. Жолдардың сапасы жақсарып келеді, осы жылы облыстық маңызы бар 316 шақырым жол және 154 елді мекеннің кентішілік жолдары жөнделді. Жыл соңына қарай жақсы және қанағаттанарлық деңгейдегі жолдар үлесі 89 пайызға жетеді. «Nur Otan» партиясының 2021-2025 жылдардағы сайлауалды бағдарламасы аясында үш ауысымда оқыту мәселесін шешу үшін және бейімделген мектептердің орнына біз 115 мектеп салынады. Осы жылы жоспарланған 17 мектептің 5 400 орынды 12-сі қолданысқа берілді. Жыл соңына дейін тағы бес мектеп іске қосылады. Жыл басынан бері 9 590 орындық 135 балабақша ашылды. Денсаулық сақтау саласында осы жылы үш ауылдық дәрігерлік амбулатория қолданысқа берілді. Барлығы жеті нысан салынуда. Дәрігерлер тапшылығын жою үшін медицина қызметкерлерінің тұрғын үй мәселесі шешілуде. Спорт саласында облыс бойынша барлығы 13 денешынықтыру-сауықтыру кешені салынды. Тағы төрт денешынықтыру-сауықтыру кешенінің құрылысы жүргізілуде. Талдықорған қаласында Орталық Азияда теңдесі жоқ заманауи жүзу бассейні ашылды. Облыс басшысы журналистердің сауалдарына жауап беру кезінде өңірде демографиялық дүмпудің жоғарылығы және ішкі және сыртқы көші-қонның жиілігін айтты. Нақтырақ тоқталар болсақ, соңғы жылдары облыс бойынша жыл сайын 45-50 мың сәби дүниеге келеді. Сонымен бірге шет елдерден қоныс аударатындар мен еліміздің басқа аймақтарынан қоныс аударатындардың дені тұрғылықты жер ретінде Алматы облысын таңдайды. Ал жаңа оқу жылы мектепке баратындар саны 20 мыңға артып отырады. Соған сай қазір халық тығыз қоныстанған елді мекендердегі мектеп салуға қатысты жобаларды қайта қарап, орын санын арттыру ойластырылуда. Сонымен бірге әкім ішінде жаз айларында Алакөлге адамдардың ағылуына күре жолдың реттелгені мен пойыз қатынасы мен әуе қатынасының жолға қойылғанын айтты. Алдағы жылдары Балқаш көліне апаратын жол да реттеліп, жағалаудағы демалыс орындары жақсаратыны жайлы да нақты мысалдар келтірді. Қысқасы, аймақтың жетістіктері, азаттық тойына тартуы жайлы толық айтып берді.Болат АБАҒАН, Алматы облысы