Көкшетауда тоғызыншы қабаттан құлаған құрылысшы мерт болды
Көкшетауда тоғызыншы қабаттан құлаған құрылысшы мерт болды
© azattyq-ruhy.kz
Көкшетауда құрылысы жүріп жатқан тұрғын үйдің 9-қабатынан құлаған құрылысшы қаза болды. Қайғылы оқиға бес балалы бір отбасының шаңырағын шайқалтып, қабырғасын қайыстырып кетті, – деп хабарлайды Aikyn.kz порталының тілшісі. Оқыс оқиға 9 қараша күні болған. 55 жастағы ер адам «Түркістан» тұрғын үй кешеніндегі салынып жатқан үйдің лифт шахтасына құлап кетіп көз жұмған. Қайғылы жағдайды полицияға жедел жәрдем фельдшері жеткізіпті.
«Көкшетау қалалық полиция басқармасының кезекші бөліміне хабарласқан жедел жәрдем фельдшері құрылыс жұмыстары кезінде 55 жастағы ер адам 9-қабаттан абайсызда құлап кеткенін хабарлады. Ол тіл тартпай бірден көз жұмған. 10 қараша күні жасалған сот медициналық сараптамасының қорытындыларына сәйкес өлім себебі «Дефузиялық бас жарақаты, іш жамбас сүйектерінің жарақаттары» болған. Аталған факт бойынша Қылмыстық кодекстің 277-бабының 2-тармағы (Құрылыс жұмыстарын жүргізу кезіндегі қауіпсіздік ережесінің бұзылуы) бойынша қылмыстық іс қозғалып, бірыңғай сотқа дейінгі тізілімге енгізілді», – дейді Ақмола облысы полиция департаментінің баспасөз қызметінің жетекшісі Гүлнәр Пинчук.
Әлеуметтік желі қолданушылары «Түркістан» тұрғын үй кешенінде қауіпсіздік техникасының ережелері сақталмағанын айтып жатыр. Ал құрылыс жүргізуші «Комфорт Строй 2020» компаниясы өздерінің негізгі тапсырыс беруші болғанымен мердігер компаниялардың басқа екенін айтып ақталмақ болды. Біз құрылыс компаниясы басшылығынан да қайғылы оқиға жайында пікір білдіруін сұрадық.
«Иә, өте қатты трагедиялық жағдай болды. Біз құрылыс салуға тапсырыс беруші компания болғанымызбен құрылысты мердігер компаниялар салып жатыр. Қаза тапқан субмердігер компанияда жұмыс істеген құрылысшылардың бірі. Бірақ біз жауапкершіліктен қашып отырған жоқпыз. Қаза тапқан отбасына жерлеу рәсімін өткізуге, басқа да шығындарын өтеп береміз. Біз қаза тапқан азаматтың отбасымен қарым-қатынас жасап жатырмыз. Полиция қылмыстық іс қозғап, барлығымыздан толықтай жауап алып жатыр», – дейді «Комфорт Строй 2020» компаниясы басшысының орынбасары Вячеслав Лашевич.
Құрылыс жүргізуші компания барлығы полицияның тергеу жұмыстарынан кейін анықталатынын жеткізді.  

Абзал АЛПЫСБАЙҰЛЫ, Ақмола облысы