Кәсіпқой бокс: кімнен үміт күтеміз?
Кәсіпқой бокс: кімнен үміт күтеміз?
244
оқылды

Жыл соңына дейін кәсіпқой бокста жүрген таңдаулы боксшыларымыз шаршы алаңға шығады. Олардың ішінде ерекше атап өтер үш спортшы бар. Бірі – Геннадий Головкин, екіншісі – Жәнібек Әлімханұлы, үшіншісі – Данияр Елеу­сінов. Осы оғландарымызға маңызды жекпе-жек алдында жеке-жеке тоқталып өтпекпіз.

Қазір IBF және IBO тұжырымдары бойынша, орта салмақтағы әлем чемпионы Геннадий Головкин (41-1-1, 36 КО) рингке оралуға дайындық жұмыстарын жалғастырып жатыр. Күні кеше 39 жастағы қазақстандық боксшы Instagram желісіндегі парақшасында АҚШ-тағы оқу-жаттығу жиынында түскен жаңа фотосын жариялап, «Жаттығу жалғасуда» деген жазба қалдырды. Ашығын айтқанда, ол желтоқсанда WBA Super титулының иегері жапониялық Риота Муратамен (16-2, 13 КО) қолғап түйістіреді. GGG-дің ринг төріне көтерілмегеніне бір жылға таяды. Отандасымыз былтырғы жел­тоқсанда жетінші раундта поляк боксшысы Камиль Шереметаны жеңгеннен кейін өзіне үзіліс жариялаған. Енді Гена 2021 жылдың соңын сәтті нотада аяқтағысы келеді. Одан соң Канелодан есе қайтаратын кезек келер. Екінші орта салмақта алғашқы абсолют чемпион атан­ған Сауль Альварес те осы мәселеге қатысты бір әңгімесінде орта дивизионда IBF және IBO чемпионы Геннадий Головкинмен үшінші жекпе-жек өткізуге дайын екенін жеткізген. Мексикалық чемпион Гена екінші орта сал­мақ­қа өтсе онымен айқасуға қарсы емесін айт­ты. Келер жылы қос мықтының жолы қайта түйісуі мүмкін. Нағыз драмаға толы кездесу сол кезде болмақ. Ал әзірге Генаның алдында тағы бір маңызды міндет тұр. Ол – жапондық боксшы Муратамен өтетін жауапты жекпе-жекте жеңіске жету. Оған GGG-дің қарым-қабілеті толық жететініне еш күмән келтірмейміз. Ендеше отандасымызды ринг төрінде көруге асықпыз. Ал Лас-Вегаста өтетін Жәнібек Әлімханұлы мен Хассан Ндам Нжикам арасындағы айқасқа санау­лы күндер қалды. Екі былғары қолғап шебері Теренс Кроуфорд пен Шон Портер андеркартында жұдырықтасады. Негізі, Жәнібектің француздық кәсіпқой боксшымен жекпе-жегі әуелде 5 қарашаға жоспарланған еді. Кейін бір себептермен 20 қарашаға шегерілді. Сол кезде Жәнібек Twitter-дегі парақ­шасында жазба қалдырып, қарсыласын сөзбен қағытып алған.
– Хассан, жекпе-жекке 100 пайыз дайын бол. Әлі екі апта уақытың бар. Сені нокаутқа түсіргім келмейді. Бапкерлеріңе айт, орамалды уақытында рингке тастап үлгерсін. Сен өмір сүруің керек! – деп жазды қазақстандық боксшы.
Алайда Хассан да оңайлықпен беріле салатын осал боксшы емес. Орта салмақтағы бұрынғы WBA Regular, WBO Interim және WBC Silver чемпионы. Не де болса қос спортшыдан шаршы алаңда нағыз тартысқа толы кездесу күтеміз.
– Жекпе-жекке дайындық тамаша жүріп жатыр. Шоудың 5 қарашадан 20 қарашаға ауысқанын білесіздер. Жәнібек формаға кіріп қойып еді. Енді сол форманы үш апта бойы ұстап жүру оңай шаруа емес. Спорттағылар жақсы біледі. Дегенмен әр істе жақсылық бар. 5 қараша өтпегені де дұрыс болды. Өйткені әуесқой боксшылар арасында әлем чемпи­онаты­ның финалы болып жатты. Ел назары сол жаққа ауды. Оның үстіне, Вегаста Канело сол күні салмақ өлшеді. Сайттар мен желілерде солар талқыланды. Біздің жұдырықтасу керек болған бокс кеші тып-тыныш өтті. Америкаға келіп, өнер көрсеткен соң жұрт қарап, мамандар баға беріп, еңбектің еленгені аса маңызды. Оның үстіне, бәріңіз біздің жоспарды білесіздер. Біз жай әлем чемпионы емес, танымал әлем чемпионы болу үшін келдік. Сол жолда аянбай еңбек етіп жатырмыз. Енді, міне екі апта да өтті. Екі спарринг қалды. Сөйтіп, салмақты реттеп, келер апта Вегасқа ұшамыз. Жекпе-жек уақытының ауысқаны көңіл күйге де, қалтаға да әсер етті. Оған қоса, демеуші де табылған жоқ. Дегенмен сабыр түбі сары алтын! 20 қараша үлкен бокс кешінде өнер көрсетеміз. Атақты Кроуфорд пен Портер жұдырықтасады. Кардта жақсы боксшылар көп. Жаңалық – осы. Қиындықтардың бәрі арта қалды. Себебі біз алға жүріп келеміз. Бұйыртса, келер жылы біз үшін чемпиондық жыл болмақ. Шулатамыз! Сеніңіздер, біз Құдай қаласа шулатамыз! Жоспар да дайын, мақсат та айқын, – деп жазды боксшының PR менеджері Берік Сұлтан Facebook жазбасында.
Осы тұста Қазақстан кәсіпқой бокс феде­рация­сының атқару комитетінің мүшесі Серік Ноян үш боксшының кәсіпқой бокстағы өне­ріне бағасын берді.
– Келер жылы 40-қа келетін Головкин кәсіпқой боксшы ретінде айтулы жетістіктерге жеткен әлемдік деңгейдегі боксшы. Желтоқсан айының соңында Муратамен Токиодағы үлкен спорт кешенінде жекпе-жек өткізбекші. Менің ойымша, бұл Гена үшін жақсы бір сынақ болғалы тұр. Бұдан бөлек,  Головкин өзінің мансабындағы маңызды кездесулердің бірі ретінде Канеломен үшінші жекпе-жекті күтіп жүрген сыңайлы. Сол айқасты ойдағыдай өткізсе, спортшы ретіндегі мансабын аяқтауы да мүмкін. Жәнібекке келер болсақ, ол Генаның ізін басып келе жатқан талантты спортшы. Канеломен жұдырықтасқысы келеді. Дегенмен оған әлі де 1,5-2 жылдың көлемінде 4-5 кездесу өткізіп, ысылып алған жөн. Атағын шығарып алғаннан кейін Канело да онымен міндетті түрде санасады. Қарашадағы кездесуінде Хассанды қиындықсыз жеңуі тиіс. Орта салмақта алдағы уақытта Жәнібектен үлкен үміт күтеміз. Ал Данияр Елеусінов атағы әуесқой деңгейде шығып үлгерген боксшы. Кәсіпқойда да 10 жекпе-жек өткізді. 6 нокауты бар. IBO белбеуіне таласатын, чемпиондық атақ үшін шаршы алаңға шығатын Данияр кәсіпқой бокстағы жорығын сәтті жалғастырып келеді. Оның ко­ман­дасы да жақсы жұмыс істеуде. Алда осы чем­пиондық белбеуін иеленсе, кейін басқа да чемпиондық атаққа таласа алады. Екі-үш жылда бір емес, бірнеше чемпиондық атаққа қол жеткізуге қабілетті боксшы, – дейді Серік Ноян.
Біз атап өткен үш боксшының ішінде ринг төріне бірінші болып Жәнібек көтеріледі. Одан соң қазақстандық боксшылар Данияр Елеусінов (10-0, 6 КО) пен Иван Дычконың (10-0, 10 КО) Нұр-Сұлтандағы бокс кеші 18 желтоқсанда жалғасын табады. Бұл шоуда Данияр екі титул үшін жұдырықтасады. Ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығына арналған бокс кешінде Олимпиада чемпионы Данияр Елеусінов IBF нұсқасы бойынша әлем чемпионы белбеуін қорғайды және және жартылай орта салмақта IBO титулы үшін қолғап түйістіреді. Жекпе-жекті IBO ресми түрде растағанымен, қарсылас әлі анық­талмады. Данияр Елеусінов кәсіпқой бокстағы кезекті кездесуінде жеңіске жетсе, әлем чемпионы болған бесінші қазақстандық боксшы атанады. Бұған дейін Геннадий Головкин (қазіргі – IBF, IBO), Бейбіт Шүменов, Жанат Жақиянов және Василий Жиров әлем чемпионы атағын иеленген. Бастысы, боксшыларымызға белсенді болып, бір орында тұрып қалмау маңызды. Әрине, пандемия көптің жоспарын талқан етті. Бірақ қазір бәрі реттеліп келеді және бұрын­ғыдай бокс кешін өткізуге кедергілер жоқ. Алда үш оғланымыздан да жеңіс күтеміз.  

Абылайхан ЖҰМАШ