Көптен бері тапшылық болып, басылмаған дизель дауы әлі басылған жоқ. Енді автокөлікке қажетті өзге де жанармай түрлеріне әсер етсе керек. Бензин мен автогазға келгенде де мәселе көп, тұрақсыздық болып тұр. Жүргізушілер наразылығына қарамастан жағдай реттелмеді. Ал жуық арада бұл мәселелер шешіле қоймайтын тәрізді.
Тапшылық қымбатшылық тудырды ма?
Дизель тапшылығына түрлі себеп айтылды. Бастысы, мұнай өңдеу зауыттарының күрделі жөндеуден өтіп, жұмысын уақытша тоқтатқаны болды. Дегенмен салада шикілік көп. Наразылық басылмаған соң жауаптылар да әрекетке көшкендей кейіп танытты. Әйткенмен дизель бір төбе, бензинге қатысты проблемалар шықты. Өткен аптада Энергетика министрі болып тағайындалғанына 2 ай толмаған Мағзұм Мырзағалив дизельмен қосып бензиннің де қымбаттағанын мойындаған болатын. Елде жанармай қоры жеткілікті деген ол баға өсуінің өзіндік себептері бар деп айтқан. «1 жарым айдың ішінде бізге 190-200 мың тонна дизель келген. Соңғы 1 айдың ішінде мұнай бағасы 6-7 долларға қымбаттады. Сондықтан Ресейде импортталатын дизельдің бағасы өсті. Ал соңғы 3 жылда бензин 15 теңгеге қымбаттаған екен. Таяуда тағы бензиннің 2-3 теңгеге қымбаттағаны жайлы деректер тарады. Бірақ бензиннің қымбаттауына еш негіз жоқ. Себебі бензиннің қоры жеткілікті. Расымен де, дизель тапшылығын сөз етіп жүргенде бензин құны да шарықтағаны білінді. Бірақ министр айтқандай 2-3 теңгеге емес. Мәселен, Петропавлда жүргізушілердің сұранысындағы Аи-92-нің литрі 175-тен 186 теңгеге бір-ақ өскен. Жауаптылар бензиннің қымбаттауына бастапқы сатып алу құны әсер еткенін келтірді. Себебі еліміздегі мұнай өңдеу зауыттары өнімдерін делдал компаниялар арқылы өткізеді екен. Оған жол тасымалы мен салық қосылады. Яғни, министрдің «қымбаттауға негіз жоқ» дегенін қалай ұғамыз? Әлде салада заңсыздық жайлаған ба? Осыдан кейін жағдайдың ушыққанын түсінді ме, ведомство басшысы Мағзұм Мырзағалиев те қимылдай бастағандай сыңай танытты. Тексеріс кезінде мұнай өңдеу саласындағы бір үлкен кілтипан шыққан: Павлодар мұнай-химия зауытында жөндеу жүргізу кезінде гидротазарту компрессорының ақаулы екені әшкере болыпты. Енді сол ақаулы бөлшекті тек 5 айдан кейін ғана ауыстыруға болады екен. Осы кезең бойы ПМХЗ дизель отынын бұрын жоспарланғаннан ай сайын 20-40 мың тоннаға аз өндірмек. Мұны естіген ведомство басшысы ҚазМұнайГаз басшылығына МӨЗ-бен бірлесіп, көктемгі егін жұмыстары басталғанға дейін, Ресейден мұнай өнімін импорттау есебінен қор қалыптастыруды тапсырыпты. Демек, дизель тапшылығы мәселесі алдағы уақытта да реттелмеуі ғажап емес. Биыл алғашқы 9 айда орташа құны литріне 188 теңге болған дизельдің бағасы қазір аймақтарда құбылып тұр. 208 теңгеден 330 теңгеге дейін барады. Әйткенмен мәселеге басқа көзқараспен қарайтындар бар. Экономист Мақсат Халық тапшылық қолдан жасалғанына сенімді. «Дизель отыны қымбаттады, тапшылық болды. Бірақ тапшылық қолдан жасалып отыр. Өйткені Энергетика министрлігінің есебіне қарасақ, өткен жылы өндірілген дизель көлемі биыл да өндірілген екен. Тек қана АЗС, жанар-жағармай пункттеріне кешіктіріліп жеткізілді. Уақытынан кешіккен соң тапшылық басталды. Нәтижесінде шаруалар қиын жағдайға тап болды. Сосын ұн мен басқа заттар да қымбаттай бастады», – дейді ол. Дефицит үшін дизель қоймада жиналып қалғандай. Энергетика министрлігі біздегі баға Ресеймен теңесу қажет деген ұстанымын әлдеқашан жеткізді. Олар «сонда ғана дефицит болмайды» деп сендірген. Бірақ осы пікірді тарқатып айтып берген министрлік өкілін көрмедік. Дәйексіз сөзге илану қиын-ақ. Негізі, бұл әңгіме 2018 жылдан-ақ айтыла бастаған. Бірақ сарапшылар Қазақстанда өзге елдермен салыстырғанда жанармай құны біршама аз екенін айтып жүрді. Сондықтан баға өсуінің нақты себептері бар деп саналады. Біз назар аударып отырған тағы бір кілтипан – жанармай қымбаттаса, азық-түлік бағасы да шарықтайды. Қаржы саласының мамандары экономикалық заңдылыққа сүйенгенде бұлай әсер етпеу керегін сан мәрте қайталады. Әйткенмен біздің нарықта әсері бірден сезіледі. Сол себепті елімізде жанармай бағасының құбылуы қымбатшылық жайын қозғап, үлкен мәселе тудырып тұр.Автогаз да қалыспады
Жүргізушілердің сұранысында бар автогаздың жайы да мәз емес. Көптеген өңірде баға өсті. Бірақ уақытша құбылыс саналған. Сөйтсек, олай емес сияқты. «СНПС-Ақтөбемұнайгаз» АҚ зауытының қыркүйекте, «Павлодар мұнай-химия зауытының» қазанда күрделі жөндеуге жабылуы елде газ тапшылығын туындатыпты. Өйткені еліміз ішкі нарыққа қажетті газ көлемінің бірден 25 пайызынан айырылған. Зардабы көп күттірген жоқ, автогаз арзан саналатын Маңғыстау облысында да автогаз бірден 15 теңгеге қымбаттап кетті. Осы уақытқа дейін 65 теңгеден сатылып келген автогаздың бағасы 80 теңгеге жеткен. Соңғы екі жылда 30 теңгеге қымбаттап отыр. Бұған көлік жүргізушілері наразы болғанымен жағдай әлі реттелмейтін сынды. Жүргізушілер автогаздың қымбаттауынан такси қызметі өсіп, азық-түлік бағасы тағы да шарықтап кетеді деп қорқады екен. Көгілдір отын кей жерлерде 85 теңгеден саудаланып жатыр. Мұнайлы аймақ айына 18 мың тонна сұйытылған газбен қамтылған. Оның 14,5 мың тоннасы Жаңаөзендегі «Қазақ газ өңдеу» зауытынан алынса, қалған 3,5 мың тоннасы Атыраудағы зауыттан жеткізіледі. Газ бағасының қымбаттауы отынның «электрондық сауда арқылы сатылуына байланысты» дейді жауаптылар. Егер сұраныс болмаса ғана баға төмен түседі екен. Десе де, шенеуніктер келер жылдан бастап автогаз бағасын тек нарық қана реттей алатынын айтқан. Сондықтан баға әлі де қымбаттауы мүмкін. 2022 жылдың қаңтар айынан бастап көгілдір отын 100 пайыз электрондық сауда арқылы сатылмақ. Сұраныс қалай болса, баға да солай болады. Сондықтан бағаның қандай болатынын нарық реттейді. Біздің пайымдауымызша, баға әлі де көтерілмесе, түспейтін секілді. Себебі мән-жайға қарап, тек осыны аңғаруға болады.Мадияр ТӨЛЕУ