Қазақстан тәуелсіздік алғалы халқымызға қатысты көптеген өзгеріс болды. Ол өзгерістер жалпыұлттық санақ нәтижелерінде көрініс береді. Одан, мысалы қоғамымыздағы құрылымдық жаңғыруларды, елдегі демографиялық ахуалды, қазақстандықтардың тұрмысы мен әлеуметтік жағдайын білуге болады. Енді ғалымдар азаттық жылдарындағы үшінші халық санағының қорытындыларын асыға күтіп отыр. Үкімет оны басшылыққа алып, жаңа жоба-бағдарлама әзірлеуге ниетті.
Құрдымнан көтерілу кезеңі
Тәуелсіз Қазақстан тарихындағы 1999 жылғы тұңғыш ұлттық санақ сол кездегі аса қолайсыз әлеуметтік-экономикалық және демографиялық ахуалдан хабар берді: азаматтар жүздеген мыңдық алапат лекпен шетелге ауа көшіп жатты. Өлім-жітімнің артуы, туу көрсеткіштерінің құлдырау салдарынан да қазақстандықтар саны күрт кеміген. Өзге секторлар қатарлы денсаулық сақтау саласының тоқырауы кесірінен ауру көбейіп, халық қатарын сиретуге ол да «үлес қосты». 90-жылдардағы осы үрейлі жағдайды 1999 жылғы 25 ақпан және 4 наурыз аралығында өткен бүкілхалықтық санақ еш әсірелеусіз, ашық тіркеді. Оның қорытындысында Қазақстанда небәрі 14 млн 953,1 мың адам қалғаны белгілі болды. Яғни, 10 жылда 1 млн 246,1 мың адамға азайды. Өйткені 1989 жылғы бүкілодақтық санақ дерегінше, республикамызда тұрақты тұратындар 16 млн 464,4 мың, ал уақытша тұрып, жұмыс істейтіндерді қосқанда 16 млн 536,5 мың адам өмір сүрген. Тұңғыш санақ маңызды бір жайтты байқатты: елдің-жердің иесі саналатын тұрғылықты ұлттың үлесі 1989 жылғы 39,7%-дан 1999 жылы 53,4%-ға дейін артты. 90-жылдары 150 мыңнан астам қандас атажұртқа оралды. Елдегі саны ең көп ұлттар – қазақтар (8 млн) және орыстар (4,4 млн) екені айтылды. Тәуелсіздіктің алғашқы онжылдығында елдегі қазақтардың үлесі 53,4% ғана, ал орыстар – 29,9% (1989 жылы – 37,8%) болды. Үшінші орынға украиндар (3,6%) орналасты. Өзбектер – 2,5% (2%). Ал немістер саны 3 есеге азайған. Бұл ретте бір тарихи шешімнің демографияға мультипликативтік әсері мәлім болды. Атап айтқанда, 1994 жылғы 6 шілдеде Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың ұсынуымен Жоғарғы Кеңес, яғни ел Парламенті Қазақстанның астанасын Алматыдан Ақмолаға көшіру туралы қаулы бекіткен еді. 1997 жылы Н.Назарбаев бас қаланы ауыстыру туралы түпкілікті шешім қабылдап, бұл идеяны жүзеге асыруға қызу кірісті. Осының арқасында Ақмола қаласындағы қазақтар үлесі 1989 жылғы 17,7%-дан 1999 жылы 41,3%-ға дейін өсіп шыға келген. Қазақтар еліміздің әр өңірінен мемлекетіміздің жаңа орталығына ағылды.Еңсе тіктеп, елдік нығайған шақ
Арада 10 жыл өткенде, 2009 жылғы 25 ақпан мен 6 наурыз аралығында егемендік тарихындағы екінші санақ ұйымдастырылды. Ол Қазақстан халқының өсуіне басты екі фактор да – табиғи өсім мен көші-қонның оң салдосы да оң ықпал етіп отырғанын паш етті. Осылайша, республикада ХХ ғасырдың соңында оқиғалардың өрбу барысын айқындаған демографиялық үрдістердің енді елеулі түрде өзгергенін, ХХІ ғасырда ел дамуының жаңа трендтері қалыптаса бастағанын көрсетті. 2009 жылғы санақ қорытындысында қазақстандықтардың саны қайтадан 16 миллиондық межені бағындырып, 16 млн 9,6 мың адамға жетіпті: 10 жыл ішінде халық саны 1 млн 28,3 мың адамға көбейген. Жалпы, соңғы 50 жыл, жарты ғасыр ішінде қазақстандықтар саны 6,7 миллионға өсіпті. Қатары қалың ұлт өкілдері ретінде қазақтар (10,1 миллион) және орыстар (3,8 млн) аталды. Қазақтардың үлесі 1999 жылғы 53,4%-дан 2009 жылы 63,1%-ға дейін өсті. Орыстардың үлесі 29,9%-дан 23,7%-ға дейін (4 млн 481,1 мыңнан 3 млн 793,8 мыңға дейін) құлдырады. Үштікке өзбектер кірді: үлесі 1999 жылғы 2,5 пайыздан (370,8 мың адамнан) 2009 жылы 2,9 пайызға (457 мыңға) ұлғайды. Елде кезінде орыстардан кейінгі ірі диаспора саналған украиндар үлесі 3,6 пайыздан (547,1 мыңнан) 2,1 пайызға (333 мың адамға) дейін кеміді. Өзге этностардың үлесі 1,5 пайызға да жетпеген. Ел тарихындағы екінші санақтың ғалымдар мен сарапшыларды қайран қалдырған бір нәтижесі – қала тұрғындары үлесінің 56,4%-дан 54,1%-ға дейін күрт кемуі, ал ауылдықтар үлесінің 10 жыл бұрынғы 43,6%-дан енді 45,9%-ға дейін ұлғаюы болды. Зерттеушілердің байламынша, адамдар ежелден ұлттың асыраушысы болған ауылға бет бұрса керек. Алдыңғы санақтан бері ауылдықтар саны 821,7 мыңға артқан. Жалпы алғанда, қала тұрғындарының саны 8 млн 662,4 мыңды, ал ауыл тұрғындарының саны 7 млн 347,2 мың адамды құрады. Дегенмен биылғы 2021 жылғы санақ урбанизациялану процесінің белең алғанын растайды деп күтілуде. Себебі Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігінің Ұлттық статистика бюросының қазандағы дерегінше, бүгінде қалалықтар үлесі – 59,3%, ауылдықтар үлесі – 40,7%. Бірақ санақ қорытындысында бұл көрсеткіш түзетілуі мүмкін. Өйткені Ұлттық статбюроның ресми сайтында 2021 жылғы 1 қыркүйекте Қазақстан халқының саны 19 млн 42,1 мың адамды құрайтыны жазылған. Ал жалпыұлттық санақтан 19,6 миллион адам өтіпті. Оның ішінде бір бөлігі – мигранттар болуы мүмкін: биылғы санақпен елімізде тұрақты тұрып, жұмыс істейтін шетелдіктер де қамтылды. Сарапшылардың айтуынша, ХХІ ғасырдағы бірінші санақтың тағы бір тосын нәтижесі болды: ол Қазақстанда 57,3 мың азаматтығы жоқ адамның тұрып жатқанын анықтап берді. Бұл – ел халқының 0,4 пайызы. Олар негізінен келмеске кеткен КСРО паспортымен жүргендер, тәуелсіз Қазақстанның азаматы атанғысы келмегендер.Тіл мен діннің жағдайы
Биылғы санақтың қоғам күтіп отырған қорытындылардың бірі, әрине тілге қатысты болмақ. Қазір қанша қазақстандық мемлекеттік тілді біледі? Айта кету керек, 2009 жылғы санақ бойынша азаматтарымыздың 9 млн 631,3 мыңы немесе 64,4%-ы ғана қазақ тілін білетінін айтқан. Бірақ оның 1 млн 123,6 мыңы немесе 11,7%-ы нашар білетінін мойындапты. 5 млн 321,8 мың қазақстандық немесе 35,6%-ы мемлекеттік тілді мүлдем білмейді. Соның ішінде тек 2 млн 29,6 мыңы немесе 13,6%-ы ғана қазақ тілін үйренуге талап қылып жүрген. Қалғаны оны қажет деп таппаған. Мемлекеттік тілді білетіндер қазақтар арасында (99,4%-ы біледі), ұйғырларда (80,5%), өзбектерде (80%) көп. 2009 жылы «3С» санақ парағында респонденттерден «қазақ, орыс, ағылшын тілдерін қай деңгейде меңгергенсіз?» деген сауалға «ауызша түсінемін, еркін оқимын, еркін жазамын» деген үш жауаптың бірін таңдау ұсынылатын. Содан бері жағдай жақсы жаққа қарай өзгерген шығар деген үміт бар. Қаншалықты және қай жаққа өзгергенін жаңа санақ қорытындысы көрсетеді. Оның үстіне, биылғы «жалпыхалықтық сауалнамада» тілге қатысты сұрақтар мейлінше нақтыланды. Бұл жолы «Сіз мемлекеттік тілді меңгергенсіз бе?» деген сауалмен шектелмей, «Сіз оны күнделікті өмірде қолданасыз ба?», «Қазақ, орыс, ағылшын тілдерін меңгеру деңгейіңіз: ауызша түсінемін, еркін оқимын, еркін сөйлеймін, еркін жазамын, меңгермегенмін», «Қазақ, орыс, ағылшын тілдерін үйренуді жоспарлайсыз ба?» деген қосымша сұрақтар қосылды. Демек, қазақстандықтардың мемлекеттік тілді меңгеру деңгейіне қатысты нақтырақ, толымдырақ ақпарат алынады. Оның нәтижесі тілді дамыту туралы жаңа ұлттық жоспарға түрткі болса жөн. Назар аударар жайт, 2009 жылғы санақ нәтижесінде ел халқының 70,2%-ы Ислам дінін ұстанатыны мәлім болды. 26,2%-ы – христиан дінінде. 0,1%-ы буддизм, қалған конфессиялар – 0,2%. Кеңес заманында халық атеизмге тәрбиеленді. Алайда Кеңес Одағы күйрегеннен кейін 20 жылдай уақыт өткенде атеистер үлесі 2,8% ғана қалыпты. Түсіндіре кетсек, 1999 жылғы санақ парақтарында азаматтың қандай діннің жамағаты екеніне қатысты сұрақ болмаған.Санақтың Big Data-сы жаңа биікке бастайды
Тәуелсіздік тарихындағы үшінші халық санағының негізгі кезеңі «Қазақстанда әркім маңызды!» деген ұранмен 1 қыркүйек пен 30 қазан аралығында өтті. Дегенмен санақтан онлайн өту мүмкіндігі 8 қарашаға дейін қолжетімді болды. Осының алдында санақтың бірінші бөлігінде азаматтар сұрақтарға өз бетінше жауап береді, ал екінші бөлігінде 15 қазаннан бастап онлайн қамтылмаған отбасыларға санақшылар барады деп жоспарланған. «Ел азаматтарының көптеген өтінішіне орай бюро онлайн санақты қайта қосу туралы шешім қабылдады. Ол халық санағының соңына дейін қолжетімді болды», – деп мәлімдеді Ұлттық статистика бюросы. Ал 8 қараша күнгі сағат 00.00-де Қазақстанда «Халық санағы-2021» аясында жүргізілген нақтылау жұмыстары аяқталды. Негізгі кезең және нақтылау жұмыстары қорытындысы бойынша санаққа жалпы саны 19,6 миллионнан аса адам қатысты. Бүгінде Ұлттық статбюро деректерді өңдеуге білек сыбана кірісіп кетті. Жоспарға сәйкес, ауқымды іс-шараның алдын ала қорытындылары 2021 жылдың желтоқсан айында жарияланатын болады. Жалпы, биылғы санақ аясында елімізде тұрақты тұрып жатқандардан өзге, 12 айдан аса уақытқа шетелге іссапармен шыққан отандастар, яғни Қазақстанның елшілері, дипломаттары, еліміздің шетелдегі өкілдіктерінің қызметкерлері мен олардың отбасы мүшелері, қазақстандық еңбек мигранттары, «Болашақ» бағдарламасының студенттері, шетелде жүрген туристеріміз, сондай-ақ уақытша Қазақстанда тұратын шетелдіктер, азаматтығы жоқ адамдар мен босқындар санақтан өтті. Ел тарихында тұңғыш рет санақ электронды форматта ұйымдастырылды. Алғаш рет қағаз санақ парақтарынан толығымен бас тартылды. Азаматтарға санаққа онлайн қатысуға мүмкіндік берілді. Нәтижесінде, респонденттердің 42%-дан астамы дәл осы тәсілді таңдаған. Алғаш рет интервьюерлер сұраққа жауаптарды планшет көмегімен тіркеді. Сарапшылардың байламынша, бұл санақ бірқатар қаланың даму жоспарлары мен бағдарламаларына түзету енгізуге түрткі болуы мүмкін. Мысалы, қазір Алматы қаласында 2 005 496 адам тұрақты тұрады деп есептеледі. Алайда санаққа осы мегаполисте тұратын 2 млн 200 мыңдай адам қатысқан. Статорган мәлімдеуінше, санақ нәтижесінде қол жеткізілетін өзекті, мол ақпарат пен үлкен деректер (Big Data) елде тиімді мемлекеттік саясатты жетілдіруге көмектеседі, сондай-ақ алдағы 10 жыл бойы экономикалық жоспарлау мен бағдарлама құру кезінде пайдаланылады.Айхан ШӘРІП