Халық санағы басталды
Халық санағы басталды
247
оқылды

«Қазақстанда әркім маңызды!» деген ұранмен көптен сөз етілген халық санағы басталып та кетті. Мамандардың айтуынша, бұл қазіргі форматтағы соңғы санақ болғалы тұр: көз ілеспес жылдамдықпен жаңғырып жатқан заманда тағы он жылдан кейін үй-үйді аралап, жалпыұлттық сауалнама жүргізу өзектілігін жоюы тиіс. Тәуелсіздік тарихындағы осы үшінші санақтың өзі 2009 жылғыға қарағанда технологиялық тұрғыдан ерекшеленіп отыр.

Бұл жолғы санақ бұрынғыдан өзге

Халық санағын өткізу 2020 жыл­ғы 1-30 қазан аралығына жос­парланған-тын. Алайда күт­пеген жерден жаһанды COVID-19 пандемиясы жайлады. Карантин шектеулеріне байланысты осынау тарихи маңызды шара 2021 жыл­ғы 1 қыркүйек-30 қазан аралы­ғына ауыстырылды. Азат Қазақстанда 1999 және 2009 жылдары жүргізілген санақ­тардан бірінші айырмашылығы сол, бұл жолғы іс-шара екі ке­зеңмен жүреді: І кезеңде – 2021 жылғы 1 қыркүйектен 15 қазанға дейін Қазақстан азаматтары мен республиканы мекен еткен шетелдіктерге Sanaq.gov.kz сайты арқылы өзіне және отбасы мү­шелеріне санақ парақтарын он­лайн толтыруға мүмкіндік бері­леді. Сайт тәулігіне 24 сағат бойы қолжетімді. Мұның сыртында рес­понденттердің ХҚКО-ларда, әкімдіктерде, пошта бөлім­ше­лерінде, мектептерде, басқасында арнайы ұйымдастырылған нұс­қаушылық учаскелерде санақтан өтуіне мүмкіндігі бар. Ал ІІ кезеңде осы мүмкіндікті пайдаланбағандарды қамту үшін 1 қазан мен 30 қазан аралығында санақшылар олардың үйлеріне барады. Екінші айырмашылығы – барлық интервьюер бұрынғыдай сөмке толы бума-бума қағазды арқаламайды. Әрбір отбасы мү­шелерінің дерегі мен жауаптары планшетке түсіріледі. Үшіншіден, бұл жолы сұрау парақтары жаңа сауалдармен то­лықты. Мысалы, тілге қатысты сұ­­рақтар аясы кеңейді: бұрын­­ғыдай неше тіл білетінін анық­таумен шектелмейді: «Сіз мемле­кеттік тілді меңгергенсіз бе?», егер «Иә!» десе: «Сіз оны күнде­лікті өмірде қолданасыз ба?» деп нақтылайды. Сондай-ақ азамат­тардың қазақ, орыс, ағылшын тілдерін меңгеру деңгейлері («ауыз­ша түсінемін», «еркін оқи­мын», «еркін сөйлей­мін», «еркін жазамын», «меңгер­мегенмін»), қазақша білмейтін қазақ­стан­дықтардың мемлекеттік тілді үйрену жоспары анықталады. Бүкілқазақстандық сауалнама барысында азаматтардың шетелге көшіп кетуге ниеті белгілі болмақ. Жаңа сұрақтар қатарында «Сіз COVID-19 инфекциясымен ауырдыңыз ба?», «Сіз корона­ви­рус инфекциясына қарсы вак­ци­на алдыңыз ба?», «Сіздің табы­сыңыздың деңгейі COVID-19 пандемиясына байланысты қалай өзгерді?» және басқасы бар. Тұ­тастай алғанда, биыл Қазақстан тұрғындарына барлығы 91 (оның 69-ы – негізгі және 22-сі – нақ­тылаушы) сұрақ қойылады. Санақ парақтарында халықтың саны, жынысы, құрамы, білімі, көші-қоны, неке жағдайы, бала тууы, жұмыспен қамтылуы, күнкө­рі­сінің негізгі қаражат көзі, тұрмыс-тіршіліктің шектеулеріне қатысты сұрақтар болады. «Дәстүрлі көрсеткіштермен қатар 2021 жылғы санақ парақ­тарына жаңа сұрақтар енгізілді: атап айтқанда респонденттің орналасқан жері, тіршілік әреке­тінің шектелуі (көру, есту, жүру, есте сақтау, назарды шоғырлан­дыру қиындықтары), Қазақстан аумағында уақытша тұратын адамның бізге қайдан және не мақсатпен келгені нақтыланады. Қосымша сұрақтарды қосу ар­қылы кейбірі толықты­рылды: көші-қон саласында – Қазақ­станнан тыс жерге шығуды жос­парлау, оның негізгі себептері мен мерзімдері, неке жағдайы сала­сында – некеге тұру жоспары, жұмыспен қамтылу саласында – уақытша жұмыспен қамтылмау себептері, тілдерді меңгеру дәре­желері, діні, бір айдағы шама­мен табысы туралы сауалдар бола­ды», – деп хабарлады Ұлттық статистика бюросының басшысы Нұрболат Айдапкелов.

Науқанға қанша қаржы жұмсалады?

Статорганның баспасөз хат­шысы Әсем Алдаңғарқызы бұл жолғы санақ өз елімізде де, өзге елдермен салыстырғанда да ең арзаны болады деді. – 2021 жылғы халық сана­ғында 1 адамға жұмсалатын шы­ғын 1,1 долларды құрағалы тұр. 2009 жылғы санақта 2,9 доллар болған. Биылғы санақ 2009 жыл­ғыдан 2,6 есе арзан. Шығындар цифрлық технологияларды енгізу, деректерді жинау процесін ав­то­маттандыру арқасында тө­мендеді. Посткеңестік кеңіс­тіктегі елдерге қарағанда Қа­зақстанда бір адамға шаққандағы халық санағының құны әлде­қайда төмен: Қырғыз Республи­касында бұл көрсет­кіш – 1,2, Әзербайжанда – 1,44, Ресейде 3,6 долларды құрады, – деді Ә.Алдаңғарқызы. Оның мәліметінше, биылғы санақты өткізуге 2018 жылдан бастап, 2023 жылға дейінгі 5 жыл­дық кезеңде бюджеттен 9,1 мил­лиард теңге қаржы жұмсалмақ. Тарата айтсақ, 27 412 планшет сатып алуға – 1 млрд 85,6 млн тең­ге, штаттан тыс қызметкер­лерге еңбекақы төлеуге, санақ персоналының қызметіне жалақы төлеуге 4,7 миллиард теңге ба­ғытталыпты. Бағдарламалық қам­­тылымды әзірлеуге, сервер­лік, коммуникациялық жабдық­тар алуға – 932,6 млн теңге, 139 автокөлікке – 475,4 млн теңге, компьютерлер мен ұйымдық тех­ника алуға – 213,3 млн теңге, жи­һаз және кеңсе тауарларына – 100,6 млн теңге, халық санағының логотипі бар 30 255 шарф пен портфель сатып алуға – 56,8 млн теңге, санақ құралдарын тираж­дауға – 35 млн теңге, іссапар шығыстарына – 20 млн, жарнама роликтеріне 7 млн теңге арна тартады. Осының алдында хабарлан­ғандай, «жалпыұлттық сауална­маны» жаңа форматта өткізу үшін мемлекет әр данасын 39,6 мың теңгеден, жалпы сомасы 1,085 миллиард теңгеге 27 412 планшет сатып алған. Бұл өнімдер – Қы­тайда шығарылған, KOUZONE MTK6592 планшеттері. Сондай-ақ оған қосымша гарнитуралар – планшет қаламдары, қорғаныш тысқабы, қорғаныш шынысы, power bank алынды.

Осы планшеттер санақ аяқ­тал­ған соң да қолданыста болатын көрінеді, олардың басым бөлігі мектептерге беріледі. Тағы бір бөлігі ай сайынғы, тоқсандық, жылдық салалық бақылаулар мен зерттеулер жүргізу үшін стат­бюрода қалады.

«Планшет қызметкерлердің еңбегін жеңілдетуге, жинақ­ты­лығын арттыруға және қағаз бен кеңсе құралдарына жұм­салатын шығынды үнемдеуге мүмкіндік бермек. Бұған қоса, санақ дерек­терінің сапасы мен нақтылығы артады, адам фак­торының ық­палы барынша азаяды. Ин­тервьюер планшетте орнатылған барлық арифмети­калық және логикалық бақылау түрлерін, классификатор мен анықта­малықтарды пайдалана алады. Алынған мәліметтер тікелей жалпы деректер база­сына жіберіледі», – деп түсін­дір­ді ведомство. Осы планшеттер санақ аяқ­тал­ған соң да қолданыста болатын көрінеді, олардың басым бөлігі мектептерге беріледі. Тағы бір бөлігі ай сайынғы, тоқсандық, жылдық салалық бақылаулар мен зерттеулер жүргізу үшін стат­бюрода қалады.

Жалпыұлттық санақ не үшін керек?

2021 жылғы ұлттық санақты жүргізу жұмыстарына 32 мың­нан аса адам тартылуда. Олардың көбі – интервьюер. Осы науқан қарсаңында әлеуметтік желіде санақшы атын жамылып, алаяқ­тар мен қылмыскерлер үйлерге еніп кетуі мүмкін-ау деген алаң­даушылық білдірілді. Ұлттық статбюроның мәлімдеуінше, интервьюерлерді тану қиын емес: әрбір қызметкер міндетті түрде өз қызметтік куәлігін көрсетуі тиіс. Ол құжатта фотосуреті, аты-жөні, куәліктің берілген уақыты мен жарамдылық мерзімі, сондай-ақ аумақтық статистика бөлім­ше­сінің қолы мен мөрі болады. Барлық интервьюердің көк түсті, халық санағының белгісі бар мойынорағашы мен портфелі бар. Ведомство басшысы Нұрбо­лат Ай­дап­келовтің айтуынша, интервьюерлер «вакцинация­лаумен барынша қамтылған», олар бетпердемен, антисептик­термен жабдықталған. Санаққа қатысты сұрағы бар азаматтар смартфоннан – 8 8000 800 878, ал жай телефоннан – 1446 нөмірі арқылы Call орталыққа тегін ха­барласуына болады. Сондай-ақ кейбір сарапшы әрбір азаматтың дербес деректері толық цифрландырылған, дү­ниеге келген, өмірден өткен, шетелден келіп-кеткен әрбір адам­ның нақты статистикасы жүргізілетін қазіргі заманда үй-үйді аралайтын ескі форматтағы санақтың қажеттілігіне күмән білдірді. Бірақ статорганның түсіндіруінше, санақ кезінде билік тек халықтың санын анық­тамайды, мемлекет пен ұлт үшін маңызды әртүрлі сауалға әрбір қазақстандықтың пікір-ұста­нымын біледі. – Бұл санақтың құндылығы сол, ол арқылы әрбір облыс, ау­дан, қала және ауыл тұрғындары­ның, халықтың әртүрлі топта­рының демографиялық, тұр­мыстық, әлеуметтік-экономи­калық жағдайын мейлінше нақты айқындайтын кең ауқымды ақ­паратқа қол жеткізіледі. Алынған бүкіл деректі әртүрлі сала ғалым­дары талдап, алда демографиялық, экономикалық болжау, жұмыспен қамту саласындағы саясатты айқындау, басқа да әлеуметтік бағдарламаларды құру, сондай-ақ ғылымды, бизнесті және бүкіл қоғамды ақпараттық қамтамасыз ету үшін пайдаланады, – деді Ұлттық статбюроның баспасөз хатшысы. Оның айтуынша, мекенжай тіркелімі, eGov.kz деректер қоры секілді қолда бар жүйелер халық пен оның пікір-ұстанымы туралы мәлімет бермейді. Бұл санақ осы ақпараттарды толықтыруға сеп­теседі. Статорган ұстаны­мын­ша, «келесі жолғы санақ интер­вьюер­лерді жұмысқа тартпай-ақ тір­келім жүйелері арқылы өткізілуі мүмкін». Науқан қорытындысында 2021 жылғы желтоқсанда халық­тың жалпы саны бойынша жедел деректер ұсынылуы тиіс. 2022-2023 жылдары 10 тақырыптық жинақ (қысқаша қорытынды, халық, ұлттық құрам, көші-қон, білім беру, неке және отбасы, үй шаруашылығы, жұмыспен қамту, табыс және өмір сүру көздері және тұрғын үй сипаттамалары) әзірленеді. Өңірлік жинақтар да электронды форматта жария­ланады.

Айхан ШӘРІП