Шығыстағы ономастика: ауыл атаулары қашан өзгереді?
Шығыстағы ономастика: ауыл атаулары қашан өзгереді?
© коллаж: Елдар Қаба
524
оқылды

Соңғы жылдары Шығыс Қазақстанда идеологиялық тұрғыдан ескірген көшелер бұрынғы жылдармен салыстырғанда біршама азайды. Мәселен, 2018 жылы облыста 51 Ленин, 21 Киров, 68 Советская, 47 Октябрьская, 29 Комсомольская, 15 Совхозная, 13 Колхозная көшесі болған. 2017 жылы облыстық тілдерді дамыту жөніндегі басқарма өңірдегі идеологиялық тұрғыдан ескірген атауларға сараптама жасап, аймақтағы 7765 көшенің 439-ының, 1076 әкімшілік-аумақтық бірліктің 48-інің және 11 мектептің атауы осы санатқа жататындығын анықтаған-ды. Шығыстағы ономастика мәселесі сөз болғанда Өскемен үнемі сынға ұшырайтын еді. Бірақ кейінгі 5 жылда қалада көп көшенің атауы өзгерді. 2017-2021 жылдар аралығында шаһардағы 84 көшеге Қазыбек би, Шәкәрім Құдайбердіұлы, Әміре Қашаубаев, Адольф Янушкевич, Евгений Брусиловский, Мұхамеджан Тынышбаев, Қалихан Ысқақ, Қанипа Бітібаева, Сағадат Нұрмағанбетов секілді танымал тұлғалардың есімдері берілді. Облыстық тілдерді дамыту жөніндегі басқарма мамандарының сөзіне сенсек, қазіргі уақытта өңірдегі идеологиялық тұрғыдан ескірген көшелер 90 пайызға ауыстырылған.

30 жылда бір ғана ауданның аты қазақшаланды

Алайда көше атауларының ауыстырылуы көңіл көншіткенімен, идеологиялық тұрғыдан ескірген ауыл, аудан атаулары әлі де азаймай тұр. 2019 жылы 3 қаңтарда Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Жарлығы­мен Зырян ауданы мен Зырян қаласына Алтай атауы берілгенде қуанбаған жұрт қалмаған еді. «Бұл – игі істің бастамасы. Енді Шығыстағы басқа да аудандардың аты ауысатын шығар» деп үміттенген еді көпшілік. Тіпті, сол кездері Бородулиха ауданы Белағаш, Глубокое ауданы Ақтас деген тарихи атауларына ие болуы мүмкін деген әңгімелер де айтылған-ды. Атау демекші, Тәуелсіздік алғаннан бергі 30 жыл ішінде Шығыс Қазақстанда 3 қала (Семипалатинск – Семей, Лениногорск – Риддер, Зырян – Алтай), 1 аудан орталығы (Зырян ауданы – Алтай ауданы), 150 елді мекен, 914 көше мен 112 мектептің атауы өзгерген. Бұл – облыстық Тілдерді дамыту жөніндегі басқарманың берген дерегі. Бір қызығы, қызығы емес-ау, шыжығы азаттықтың алтын күрек желі ескен 30 жылда бірде-бір ауылының аты өзгермеген аудандар да бар. Мәселен, Өскеменге жақын орналасқан Шемонаиха ауданында барлық ауылдың атаулары тек орыс тілінде. Первомайка, Волчанка, Усть-Таловка, Зевакино, Каменевский, Вавилонский, Разинский, Верх-Уба, Выдриха, Октябрьский деп жалғасып кете береді. Бұл – тек ауылдық округ атаулары ғана. «Ауданымызда идеологиялық тұрғыдан ескірген ауыл атаулары аз емес. Қазір біз аудандағы көше атауларын өзгерту мәселесімен айналысып жатырмыз. 16 көшенің атауын ауыстырмақ ойымыз бар. Басқармаға өз ұсынысымызды бердік», – дейді Шемонаиха аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Айнаш Өжекенова. Шемонаиха дегеннен шығады, белгілі жазушы Медеу Сәрсеке «Семей қасіреті» атты кітабында этнограф Молдабек Жан­болатовтың абайлық Садық Қаси­манов­тың әңгімесі негізінде жазылған құнды естелігін оқырман назарына ұсынған. Сонда «...1932 жылғы көктемде Садық отағасы мемлекеттен көмек ретінде алған көтерме қаржымен Шыңғыстау мен Орда өңірінен екі жүздей отбасының аш-арығын Сіләмбек қорасына жинайды. Содан жаяулап жолға шығып, жолшыбай Арқат өңірінен де жадап-жүдеген шерменделерді қосып алып, қарамы зорайып, солардың бәрін Жарма стансасына жеткізіп, жүк вагонына отырғызып, Семейге әкеледі. Онда да тұрақтамай «Локоть», «Төмен», «Алтай» кемелеріне мінгізіп, Ертісті өрлеп, Пролетарка – Ақши (Байқала), Пляжный Яр – Сандыққала, Уба-Форпост –  Қуқала, Убинка –  Тараншы, Зевякино – Күшіней, Барашки – Жалаңаш, Березовка – Бәтірман, Предгорное – Қызылжар, Глубокое – Ақтас, Прапорщикова – Бидай­қала, Баты – Қостөбе, ең аяғында Тұғылға дейін әр мекенде 10-15-тен отбасын қалдырып, кейбірін тәркілеу науқанында қаңырап бос тұрған кешегі ауқаттылардың қора-қопсысына орналастырып, алты ай бойы тегін сүт, ет, тағы басқа тағамдар беруді ұйымдастырады» деп келетін  (М.Сәрсеке, «Семей қасіреті», 202-бет) жолдар бар. Бұрынғы тарихи атауларымен бірге аталған ауылдар қазір Глубокое (Предгорное, Прапорщикова, Березовка), Бородулиха (Пролетарка, Уба-Форпост) және Шемонаиха (Барашки, Убинка, Зевакино) аудандарында орналасқан. Айт­пақшы, осыдан біраз жыл бұрын Боро­дулихадағы Пролетарка ауылына бұрынғы Ақши деген тарихи атауы қайта берілді. Шемонаиха секілді Бородулиха ауданында да ауыл атауларының көпшілігі орыс тілінде. Бірақ тәуелсіздік жылдары бірнеше ауылға (Арбузное – Қарағайлы, Вознесеновка – Қызылтай, Романовка – Жақсылық, Пролетарка –  Ақши, Вторая пятилетка –  Жарбұлақ) қазақша атау берілді.

Қазақы өңірлер де оңып тұрған жоқ

Өскеменнің іргесіндегі Глубокое ауданында да 30 жылда бар-жоғы 4-ақ ауылдық округтің (Куйбышев – Быструха, Киров – Ертіс, Фрунзе – Тархан, Калинин – Березовка) атауы ауысқан. Ал біршама қазақы өңір саналатын Ұлан ауданындағы 45 ауылдың 16-сы әлі күнге дейін орыс тіліндегі атауларға ие. Өскеменнен Семейге қарай жол тартсаңыз, Герасимовка, Азовое, Донское, Ново-Одесское, Пролетарка, Казачье, Отрадное, Украинка, Гагарино, Таврия, Привольное, Багратион деген ауылдарды көресіз. «Біз осы бағытта жергілікті тұрғындарға түсіндірме жұмыс­тарын жүргізіп жатырмыз. Пролетарка, Казачье және Тройницкое ауылдарына құжаттар әзірленіп жатыр. Мәселен, Багратионның Қойтас, Таврияның Мырзабел, Пролетарканың Жартау, Гагарино­ның Жартас, Казачьенің Аршалы, Отра­дноеның Тасөткел, Донскоеның Қара­құдық, Азовоеның Қызылсу, Тройниц­коеның Түгел деген тарихи атаулары болған», – дейді Ұлан аудандық мәдениет, тілдерді дамыту, денешынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Мейіржан Әлібеков.

«Қоғамдық тыңдауды» заңнан алып тастау керек

Идеологиялық тұрғыдан ескірген, қайталанатын, мағынасы жоқ жер-су атаулары, елді мекендер мен көшелер негізінен өзге ұлт өкілдері көп қоныстанған аудандарда байқалады. Біздің білуімізше, облыстағы қала, аудан аттарын ауыстырған жағдайда республикалық ономастикалық комиссияға келісуге жіберіледі. Ал өңір аудандарының ішіндегі ауылдардың, ондағы көшелердің аттарын ауыстыруды облыстық ономастикалық комиссия, яғни жергілікті жерде шешеді. Әрине, әуелгі кезекте тұрғындардан тікелей ұсыныс түскенде. Демек, Предгорное, Волчиха, Секисовка, Винное, Ушаново секілді ауылдардың (мысал ретінде айтып отырмыз) тұрғындары немесе сондағы ақса­қалдар аудан әкіміне «біздің ауылды осылай деп өзгертсеңіздер» деп хат жазуы керек. Өкінішке қарай, «кая», «ое», «ка» жазуымен аяқталатын ауыл тұрғындарының бір сәт «осы біз қай елде тұрып жатырмыз? Біз осы елдің нанын жеп, суын ішіп жүрген жоқпыз ба? Жергілікті халыққа деген құрметіміз қайда?» деп жан-жағына ой көзімен қарап, қолына қалам алып, өздері тұрып жатқан, атауы мемлекет идеологиясына сәйкес келмейтін ауылдарының атын өзгертейік деп ұсыныс хат жазғаны туралы сирек естиміз. Одан гөрі көше атауларын ауыстыруға байланысты өтетін қоғамдық тыңдауларда жау шапқандай түтігіп, қарсы шығатын сәттерін көп көреміз. Осы ретте жазушы, ақын, Қазақ­стан Жазушылар одағының Шығыс Қазақ­стан облыстық филиалының директоры Әлібек Қаңтарбаевтың мына бір ұсынысы­ның жаны бар секілді. «Атауларды ауыстыруда бір ауыр процесс бар. «Қоғамдық тыңдау» дегенді кім ойлап тапқанын білмеймін. Ол дегеніңіз – сол жерге жиналған халықты, тіпті Қазақстанның халқын бір-бірімен атыстырып-шабыстырып, қызыл кеңірдек қылып дауластырып қою. Бұл болмайды, ертең ойыннан от шығып кетеді. Осы «қоғамдық тыңдауды» ономас­тика­лық заңның бабынан мүлде алып тастау керек», – дейді тіл жанашыры. Бұл мәселенің тек Шығыс Қазақстан емес, аудандары, ауылдары, көшелері кеңестік атаулардан әлі де толық арыла алмай келе жатқан Павлодар, Қарағанды, Солтүстік Қазақстан, Қостанай, Батыс Қазақстан облыстары үшін де маңызды екенін ешкім жоққа шығара қоймас. Көше, елді мекен атауларын ауыстыру үшін тұрғындар пікірін ескеріп, қоғамдық тыңдау өткізудің отарлық таңбасындай болған жер-су атауларын өзгерту процесіне кері әсерін тигізіп, тежеп келе жатқанын зиялы қауым өкілдері, тіл жанашырлары көптен бері көтеріп келеді. «Біздің заңымызда тұрғындардың пікірін ескеруге ерекше басымдық берілген. Жұрттың пікірін ескерген де дұрыс шығар. Бірақ топономика мәселесі – жер-су атауларын ауыстыру бірінші кезекте мемлекеттік саясат, ұлттық идеология аясында жүргізілуі қажет» деп санайды олар. Бәлкім, алдағы уақытта елімізде ономастика туралы арнайы заң қабылданса, бұл мәселе оң шешімін табар деп сенеміз.  

Азамат ҚАСЫМ, Шығыс Қазақстан облысы