Ел Тәуелсіздігінің 30 жылдық мерейтойы қарсаңында мемлекеттік дербестікке қол жеткізу жолында еңсерген белестерді бағамдап, Мәңгілік елдің берік іргесіне баланған үдемелі даму жоспарын жасақтау заңдылық. Әлемді әбігерге салған індет еліміздің экономикасын тұралатып, әлеумет әлеуетіне әсерін тигізгені рас. Дегенмен жаһандық дағдарыс дүрмегіне дер кезінде тосқауыл қойып, стратегиялық даму мақсаттарын дәйекті іске асыруда «Nur Otan» партиясы жетекші рөлді сомдады. «Өзгерістер жолы: әр азаматқа лайықты өмір!» атты партияның былтырғы сайлауалды бағдарламасында 30 жыл уақыт үзігінде сан түрлі сала құрылымын түбегейлі жаңғыртуға бағыт алған жаңа реформалар нәтижесі сараланып, келешекке көзделген қоғам дамуының қозғаушы күшіне айналған жасампаз жобалар жария етілді. Салмағы басым, ауқымы кең елдік құжат – Елбасы Н.Назарбаевтың сарабдал саясатымен сабақтас іргелі реформалардың заңды жалғасы. Еліміздегі жетекші саяси құрылым ретінде халықтың тұрмыс сапасы мен әл-ауқатын үздіксіз жақсарту үшін партияның сайлауалды бағдарламасын іске асырудың 7 басымдық пен 148 нақты іс-шарадан тұратын Жол картасы жасақталды. Елбасы – партия Лидері Нұрсұлтан Назарбаевтың тапсырмасына сәйкес, әрбір өңірде, қала мен ауданда жүйелі бақылауды қамтамасыз ету үшін мақсатты индикаторлар мен мерзімдерді, сондай-ақ оған жауапты орындаушылар белгіленді. Жол картасының сапалы орындалуына жауапты болып партияның облыстық мәслихаттағы фракция мүшелері бекітілген еді. Негізгі басымдық денсаулық сақтау, білім беру, тұрғын үймен қамту, елді мекендерді газдандыру, ауызсу, жол секілді инфрақұрылымдық жобалар мен бағаны тұрақтандыру шараларына берілді. Сайлауалды бағдарлама аясында медициналық көмектің сапасын арттыру, оның ауылдық жерлерде қолжетімді болуын және дәрілік заттардың резервін қамтамасыз ету көзделген. Медициналық ұйымдарды соңғы үлгідегі заман талабына сай құрал-жабдықтармен жарақтандыруға қажетті қаражаттар қаралды. Сондай-ақ ауылдық елді мекендердегі ғимараты ескірген дәрігерлік амбулаторияларға жаңа ғимарат құрылыстарын жүргізу де жоспарға енді.
Қуатты экономика – даму кепілі
Маңғыстау облысы бойынша партияның сайлауалды бағдарламасын іске асыру аясында өңірді дамытудың Жол картасы жеті бағытта жасақталды. «Экономикалық тұрғыдан тұрақты аймақ» бағыты бойынша өңір экономикасын өркендетуде өңдеу өнеркәсібіне екпін түсіру, көлік пен логистика саласын жандандыру, агроөнеркәсіптік кешен мен отандық туризмді дамыту көзделіп отыр. Осы орайда ел Президенті Қ.Тоқаев «өңірлердің орнықты дамуын қамтамасыз етуде кәсіпкерлікті жандандыру мен инвестицияларды өсірудің маңызы зор» екенін атап өткен еді. Өңірдің кешенді даму жоспарында 2021-2025 жылдары Маңғыстау облысының Түпқараған ауданындағы «Доңға» кен орнын игерудің үшінші кезеңі басталады. Аталған жоба мұнай өндіру деңгейін 29 пайызға арттыруды қамтамасыз етеді. Жылдық мұнай өндіру көлемі 633 мың тоннадан 817 мың тоннаға дейін артады және құрылыс жұмыстары кезінде 400-ге жуық жұмыс орны құрылады. Мемлекеттік бағдарламалар және инвестициялық жобалар есебінен биыл өңірімізде 15 мың жұмыс орнын құру жоспарланса, нақты 29 мыңға жуық жұмыс орны құрылды, оның 77 пайызы тұрақты. Жол картасында «Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы» шеңберінде шағын несиелер беру мәселелері қарастырылған. Қазір құны 548 млн теңгеге жуық қаржыны құрайтын 111 жоба несиелендірілді. Нәтижесінде, 125 жаңа жұмыс орны құрылды. Бұдан өзге «Несие бойынша сыйақы мөлшерлемесін субсидиялау мен технологиялық жабдықтар лизингі» ережесі аясында 130 ауыл шаруашылығы нысандары 69 млн теңгеге жуық қаржымен субсидияланды. Сонымен қатар «Еңбек» бағдарламасы шеңберінде Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі мен «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы арасындағы өзара келісім нәтижесінде республикалық бюджет есебінен 750, ал жергілікті бюджет есебінен 250 адам «Бастау Бизнес» жобасы бойынша тегін білім алды. «Бастау Бизнес» жобасы бойынша 1 108 жұмыссыз азамат өз бизнесін ашу үшін кәсіпкерлік негіздеріне оқытылып, жоспар 2 есеге асыра орындалды. «Бизнестің Жол картасы-2025» бағдарламасы аясында жалпы құны 50,3 млрд теңгені құрайтын 1 731 жоба сәтті жүзеге асып, 400 жаңа жұмыс орны құрылып, 4 мыңға жуық жұмыс орны сақталды. Өңірде кәсіпкерліктің кең өріс алуы ішкі нарықтағы бәсекелестіктің артуына, қызмет көрсету сапасының жоғарылауына оң ықпал етіп отыр. Қ.Тоқаев «Біз Қазақстанның экспортын да белсенді түрде ілгерілететін боламыз. Мақсатымыз – шикізаттық емес экспорт көлемін 2 есе, яғни жылына 40 миллиард долларға дейін ұлғайту. Аграрлық сектор да зор әлеуетке ие. Саланы дамытудың жаңа моделіне қарай қадам басу керек» деген еді. Еліміздің екпінді дамуы үшін мұнай шикізатына иек артпай, салалық сектордың әлеуетті мүмкіндіктерін пайдаға асыру қажет. Маңғыстау экономикасын әртараптандыруда оның өркендеуіне серпіліс беретін стратегиялық бағыттардың бірегейі – агроөнеркәсіп кешенін дамыту. Биыл бұл бағытта жоспарланған алты жобаның бесеуі іске асырылып, 146 жұмыс орны құрылды. Оның ішінде жылына 5 мың тонна құс етін өндіретін фабрика, 15 мың тонна құрама жем өндіретін зауыттың өңір үшін әлеуметтік маңызы зор. Ел Президенті Қ.Тоқаев Маңғыстау облысына келген сапарында азық-түлік бағасының шарықтауына шектеу қою үшін ауыл шаруашылығы өнімдеріне қолжетімділікті қамтамасыз етуді тапсырған болатын. Жақында Шетпе ауылында түрік технологиясымен қызанақ өсіруге арналған жылыжай іске қосылды. Ауданы 1 гектарды құрайтын жылыжай жылына 150-160 тонна көкөніс береді деп жоспарланып отыр. Инвестициялық жобаның құны – 400 млн теңге. Сонымен қоса Ақтау қаласының 36-шағынауданында жаңа көтерме-тарату орталығының іргесі қаланды. Құны 1,5 млрд теңге болатын жобаны жеке инвесторлар жүзеге асырады. Өз кезегінде көтерме сауда орталығы бөлшек сауда базарлары, дүкендер, мейрамханалар және басқа да бизнес субъектілері үшін азық-түлік тауарларының көтерме саудасын ұйымдастыруға мүмкіндік береді. Облыста туризмді дамытудың мүмкіндігі мол. Ел Президенті Маңғыстау өңіріне сапары барысында Каспий жағалауы сияқты дәстүрлі бағыттармен қатар, жақын келешекте «Кендірлі» курорт аймағы мен Баутин портының да мүмкіндігін тиімді пайдалану қажеттігіне баса назар аударды. Биыл Сарша елді мекені мен «Жылы жағажай» курорттық аймағына газ тарту жұмысы аяқталады. Статистикаға сүйенсек, өңірдегі туризмді жандандыру саласында көрсетілген қызмет көлемі 3 есе өсті. Өңірге шетелдер мен республиканың түкпір-түкпірінен келген туристер саны 140 мың адамға жетті. 1 ірі жоба іске асырылды, 4 жобаның жұмысы қарқынды жалғасып отыр. Партия Төрағасы – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Маңғыстау өңірінің көлік-транзиттік, логистикалық дамуын оң бағалап, бұл бағыттағы жетістіктер еліміздің теңіз қақпасына ғана емес, жарқын болашаққа бастайтынын атап өткен еді. Сапалы жолдар ел экономикасының өркендеуіне ерекше серпін берері сөзсіз. Тәуелсіздік тарихында тұңғыш рет Кавказ, Түркия арқылы Еуропа елдеріне жаңа бағыт ашылды. Үш мемлекетті жалғайтын «Өзен–Берекет–Горган» халықаралық теміржол дәлізі ашылды. «Ауыл – ел бесігі» жобасы аясында жалпы құны 3 млрд теңгеге жуық қаржыны құрайтын 102 шақырым жол салынып, орташа жөндеу жұмысы жүргізілмекші.Өмір сапасы – әлеуметтік мемлекет өзегі
«Nur Otan» партиясының «Өңірлерді дамыту» бағдарламасының маңызды тұсы – өңірдің қарышты дамуына қарқын берер әлеуметтік жобаларды жоспарлы жүзеге асыру және сол арқылы қордаланған мәселенің шешімін табу. Маңғыстау өңіріндегі аса өзекті мәселе ауылдық елді мекендерді ауызсумен қамту екені мәлім. Тіршілік нәрінен тарығу түйткілін тарқатуда тыңғылықты жоспар бекітілді. Биыл облыста «Каспий» су тұщыту зауытының қуатын 40 мың текше метрге дейін жеткізудің екінші кезеңі басталды. Бұл жұмыстарды жыл соңына дейін аяқтау жоспарланып отыр. Сондай-ақ Қаражанбас кен орнында тәулігіне 17 мың текше метр су тұщыту зауыты іске қосылды. Аймақтағы ауызсу тапшылығын жою мақсатында жасақталған кешенді жоспарда жалпы су тұщыту қуаты 229 мың текше метрді құрайтын 6 жобаны жүзеге асыру көзделген. Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев облыс халқын ауызсумен қамтуда шектеулерді жою үшін Үкіметке «Астрахан-Маңғыстау» су құбырын жаңғырту және жаңарту жобасын жүзеге асыруды тапсырған болатын. Сондай-ақ биыл елді мекендерді орталықтандырылған ауызсумен қамтуды 96,2%-ға жеткізу, «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында 3 жоба іске асырылып, Ақжігіт, Басқұдық және Бекі ауылдарына су құбырларын тарту жоспарланған. Нәтижесінде, 17 148 ауыл тұрғыны таза ауызсумен қамтамасыз етіледі. Еліміз тәуелсіздік алғалы облыс халқының саны екі есе өсті. Бұл – облыс үшін ең үлкен жетістік. Бүгінде мұнайлы өңірдегі халық саны 730 мыңнан асты. Халық санының өсуіне байланысты қалалар аумағы кеңейіп, жаңа ауылдар мен тұтас бір аудан пайда болды. Мұнайлы ауданы – тәуелсіздік алғаннан кейін Тұңғыш Президент – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың тікелей шешімімен елімізде құрылған алғашқы аудан. Аудан құрылған кезде халқының саны 53 мың болса, бүгінде Мұнайлыны 178 мың тұрғын мекен етеді. Халық санының артуы аймақта тұрғын үй құрылысының қарқын алуына әсер еткен маңызды фактор болды. Тәуелсіздік алғалы бері Маңғыстауда 12 миллион шаршы метрге жуық тұрғын үй пайдалануға берілді. Биыл өңірде барлық қаржы көздері есебінен 10 айда жалпы ауданы 954,1 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді. Оның ішінде «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында 928 пәтер іске қосылып, 153-і көпбалалы отбасыларға және 775 пәтер несиелік тұрғын үй бағыты бойынша беріледі. Бұған қоса, «Бақытты отбасы» бағдарламасы бойынша халықтың әлеуметтік осал топтарын қолжетімді тұрғын үймен қамтамасыз ету мақсатында 139 отбасына тұрғын үй сертификаты тапсырылды. Өңірдің денсаулық сақтау жүйесіне тәжірибелі кадрларды тарту мәселесі оң шешімін тауып келеді. Жыл басынан бері облыстық аурухана ұжымы ангиохирург, реаниматолог және травмотолог мамандарымен толықты. Облыс бойынша 105 дәрігер баспанамен қамтылды. Денсаулық сақтау саласы қызметкерлерінің кәсіби біліктілігін жетілдіру мақсатында семинарлар мен тренингтер жүйелі түрде ұйымдастырылады. Мәселен, жыл басынан бері 6 семинар, 1 халықаралық конгресс өткізілді. Биылғы жылдың 10 ай көрсеткіші бойынша қатерлі ісік скринингімен халықтың 77,8 пайызы қамтылды. Қазір облыс аумағында 2 оңалту орталығы қолданысқа берілді. Олар – ересектер мен балаларға арналған Жаңаөзен қаласындағы 30 орындық «Балақай» және Қарақия ауданы Құрық ауылында бой көтерген «Аксон-Мед» оңалту орталықтары. Партияның «Өзгерістер жолы: әр азаматқа лайықты өмір!» сайлауалды бағдарламасы орта білім берудің инфрақұрылымдық дамуын қамтамасыз етуге, білім сапасын көтеруге бағытталған. Бүгінде өңірде 15 340 педагог қызмет етеді. Мұғалімдердің еңбекақысы жыл сайын өсуде. Биыл педагогтердің еңбекақысы 50 пайызға артып, осы мақсатқа республикалық қазынадан 20,8 млрд теңге бөлінді. Ұстаздар қауымына ортақ меже – сапалы білім нәрімен сусындаған саналы ұрпақ буынын өсіріп жетілдіру. Ал бұл үшін ұстанымы айқын, ісіне мығым, білімі терең, жауапкершілігі зор кәсіби кадрлар санатын қалыптастыру қажет-ақ. Осыған орай 10 мыңға жуық педагог қайта даярлау курсынан өтіп, тәжірибесін кенелте түсті. Жыл басынан бері 11 мыңнан аса педагог қамтылған «Цифрлық платформалармен жұмысты ұйымдастыру» және Bilimland.kz оқушылардың функционалдық сауаттылығын арттыру» тақырыбында семинар өткізілді. Өскелең өрендерді сапалы біліммен қамтуда мектепке дейінгі білім беру мекемелері мен орта білім ордаларының тапшылығын жою аса маңызды. Осы орайда өңірде білім беру нысандарының құрылысы қарқынды жүруде. Биыл Ақтау мен Жаңаөзен қалаларында 2 725 оқушыға арналған 7 мектеп пайдалануға берілді. Оның екеуі – мемлекеттік, қалғаны – жекеменшік мектептер. Сонымен қатар биыл 18 балабақша мен бөбекжай қолданысқа берілді. Келер жылы күрделі мәселе күрмеуін шешу мақсатында Маңғыстау облысы аумағында 7 оқу ошағы өз есігін айқара ашпақ. Қазір 5 мектептің құрылысы бастау алды. Оның үшеуі Ақтау қаласының жаңа шағынаудандарында, екеуі Мұнайлы ауданы аумағында орналасқан. Сондай-ақ жыл соңына дейін үш мектептің 887 орындық жапсаржай құрылысы аяқталады. Бұл үш ауысымда оқытатын мектептердің үлесін 12,7 пайыздан 10,5 пайызға дейін төмендетуге мүмкіндік береді. Жастарды саламатты өмір салтына баулуда елді мекендер мен шалғай ауылдарда жаңа спорттық нысандардың бой көтеруі соны серпін берері сөзсіз. Биыл Тәуелсіздіктің 30 жылдық мерейтойы қарсаңында Түпқараған ауданы Ақшұқыр ауылында көпсалалы «Сүлеймен» спорт кешені қолданысқа берілді. Қазір Жетібай ауылындағы спорт алаңына күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Бүгінде жас буынның қоғам өміріндегі белсенділігі – ел саясатының басым бағыттарының бірі. Өңірдегі жастар ресурстық орталықтары 10 мыңға жуық маңғыстаулық жастардың басын қосып, 300-ге жуық облыстық, қалалық және аудандық деңгейдегі іс-шараны ұйымдастыруға мұрындық болды. «Тазалық науқаны», «Біз біргеміз», «Лекториум», «Жастар Books», «Болашаққа сенім», «Кеңес алаңы» тақырыбында өткен іс-шаралар тәні сау, санасы сергек ұрпақ буынын тәрбиелеуде зор маңызға ие. Маңғыстау өңірінің бай мәдени асыл мұрасы мен тарихи құнды жәдігерлерін сақтау партияның Жол картасының «Тарихы мен мәдениеті бай аймақ» бағытында жүзеге асырылады. «Бөрілген» мазарында ғылыми қайта қалпына келтіру жұмыстарын жүргізу үшін 11 млн теңге қаржы бөлініп, аяқталды. Осы секілді ауқымды жобалардың ел бірлігі мен татулығына, тәуелсіздігінің тұрақтылығына қосар үлесі мол болмақ. Кешенді жоспардың бірқатар іс-шарасы өңірдегі экологиялық жағдайды жақсартуға бағытталған, атап айтқанда «Қошқар ата» қалдық қоймасын қалпына келтіру жұмыстары басталды. Өңірде алдағы уақытта 4 қатты тұрмыстық қалдық полигоны салынады. Өңірдің қауіпсіздігі мен қоғамдық құқықтық тәртібін қамтамасыз ету үшін 3 модульдік өрт сөндіру бөлімінің құрылысы, сондай-ақ «Қауіпсіз қала» жобасын іске асыру жоспарланып отыр. Бүгінде Маңғыстау облысындағы 143 мектепке бейнебақылау камералары орнатылды. 68 мектеп арнайы лицензиясы бар күзет ұйымдарымен қамтамасыз етілді. Олардың қызметі Ішкі істер министрлігі берген лицензия негізінде жүргізіледі.Жасампаз жобалар жалғасын табады
Өңірде болған оң өзгерістерді тізбектей келе түйген ой – даму бедері айқын, межесі биік өндірісті өлкеде өркендеу үдерісі үздіксіз іске асуда. Бұқара мен билік жігін бекітер бағдарлама аясында жарқын болашақ пен бақуатты тұрмыстың берік діңгегіне айналар ауқымды жобаларды іске асыру жалғаса бермек. Ел Тәуелсіздігінің 30 жылдық мерейтойы қарсаңында ұлт тарихының тереңіне үңіліп, өткенді ой елегінен өткізіп, кемел келешекке көз тастау аса маңызды. Шынтуайтында, Елбасы секілді сарабдал саясаткер салған сара сүрлеу – ата-бабамыз аңсаған Ұлы мұратқа жетелер жасампаз жаңғыру жолы. Бүгінгі Тәуелсіз Қазақстанның кемел келбеті – тағдыр тезіне түскенімен, рухы қайыспаған Мәңгілік елдің айшықты бедері. Біз еңселі егемендік пен айбынды азаттығымыздың қадірін осылайша ұғынамыз. «Nur Otan» партиясы азаматтардың лайықты өмір сүру деңгейін қамтамасыз етумен қатар, қоғамдағы тұрақтылықты, халықтың бірлігі мен келісімін сақтауды көздейді. Ымыралы ынтымақ, бейбіт тұрмыс – қазақстандықтардың қастерлі құндылығы. Елбасының «Мәңгілік ел» идеясымен сабақтасқан партияның саяси бағдары – тәуелсіз еліміздің сыртқы сын-қатерлерге тегеурін танытар берік қалқаны, халықты бір мақсатқа жұмылдыратын, тұтастыққа негізделген қоғамның қозғаушы күші. Сондықтан партияның сайлауалды бағдарламасын іске асыруда өркенді өңірде өрелі өзгерістер орын ала бермек.Нұрлан Ноғаев, «Nur Otan» партиясы Маңғыстау облысы филиалының төрағасы, Маңғыстау облысының әкімі