Мейірім төккен «Мейірім» жобасы
Мейірім төккен  «Мейірім» жобасы
470
оқылды
«Жетім көрсең, жебей жүр» дейді дана қазақ. Иә, жетімін жылатпаған, жесірін қаңғытпаған елміз. Өзгені өзекке теппей, бауырға баса білген халықпыз. Осынау қасиетіміз ғасырлар ғазалдарында, Ұлы дала дастандарында таңбаланып та қалды. Бабадан қалған мұраның мәңгілік алауын сөндірмей Жамбыл өңірі өткен жылы «Мейірім» жобасын жандандырған болатын. Міне, осы игі бастаманың бүгінде игілігін көріп, аялы алақанның жылуын сезініп отырған жандар аз емес. Өткен жылдың өлшемінде ата-ана қамқорлығынсыз қалған және балалар үйінде тәрбиеленіп жатқан 133 балаға әлеу­меттік қолдау көрсету мақсатында 88 ме­кеме мен демеушілер түсіндірме жұмыс­тарын жүргізген. Нәтижесінде, «Отбасы банкі» АҚ-та арнайы есепшот ашылған. Дәл қазір Тараз қаласында ата-ана­сының қамқорлығынсыз қалған 583 ба­ла тіркелсе, соның ішінде жоба ая­сын­да 205 балаға әлеуметтік келісім­шарт жасалған. Осылайша, жасөс­пі­рімдер «Мейірім» жо­басының мейірі­мін сезінген. Балалар үйінде тәрбиеленушіні бауы­рына алғаш басқандардың бірі – Жамбыл облысының әкімі Бердібек Сапарбаев. Ай­мақ басшысы Альбина Қадырова есімді қызды қамқорлығына алып, Отбасы бан­кін­дегі есепшотына 1 миллион теңге аударды. Осы орайда 2015 жылдан бастап Өмірлік қиын жағдайдағы балаларды қолдау орта­лығында тәрбиеленіп жат­қан Альбина жайлы тәрбиешісі Жанерке Шохаевадан сұрап білдік.
– Альбина орталыққа алғаш келгенде өзі­нің зеректігімен, ашық-жарқын міне­зімен ерекшеленді. Кез келген ортада тез тіл табысып, өзін еркін ұстай біледі. Беріл­ген тапсырманы жауапкершілікпен атқа­рады. Бүгінде орталығымызда бала­лардың да­муына арналған үйірмелерде көзге түсіп жүр. «Мейірім» жобасына енгенін Альбина ерекше қуанышпен қабылдады. Ел ағалары жандандырған бастамаға айтар алғысым шексіз, – дейді тәрбиеші.
Ал 14 жасар Альбина өткен күннің өл­шемінде өзегін өртеген оқиғаларды ерекше толғаныспен еске алды. Әсіресе, анасының мейірімді жүзі жиі елес береді екен. Өзегін кернеген өкінішін үнсіз жұтып, балалық шағының ең шуақты күндері отбасымен бірге тойлаған туған күнін сағынатынын, анасы дүниеден өткеннен кейін өмірі күрт өзгергенін айтып егілді. Жаңа ортаға үйрену 8 жасар бүлдіршінге оңай тимегені анық. Ол айдың сәулесі мен күннің шуағынан да анасының мейірбан жүзін елестетіп, әне-міне келіп қалардай әлі күнге үмітін сөндіре алмай жүр. Бірақ «Мейірім» жобасын жан­дандырып, қамқорлығына алған облыс әкімінің аялы алақаны жарқын болашағына бағдаршам бола­тынына сенеді.
– Тәрбиеші аналарымның қолдауы мен жылы сөздерінің арқасында мен бұл орта­лыққа тез бейімделдім. Жақсы білім мен тәрбие алып жатырмын. Орталықта барлық тәрбиеленушінің дамуына арналған үйір­мелер жұмыс істейді. Мен «Балауса» би үйір­месіне қатысқанды жақсы көремін. Би­ге біраз шыңдалып та қалдым. Халық­ара­лық, республи­калық, облыстық байқау­лардың жүл­дегері атандым. 2019 жылы Та­раз қала­сында өткен «Мисс Тараз» байқа­уына қатысып, «FABUS Ханшайымы» но­ми­нациясын жеңіп алдым. 2020 жылы Бу­рятия Республикасында онлайн фор­мат­та ұйым­дастырылған халықаралық би бай­қауында бағымды сынап, екінші орынды иелендім. Мені қамқорлығына алған тәлім­герім – облыс әкімі Бердібек Сапарбаевқа алғысым шексіз. Бола­шақ­та еліміз бен ел ағаларының жасаған жақ­сылығын еселеп қайтаратын бола­мын. Ол үшін мен білім алып, өз білік­тілігімді дәлелдеймін, – дейді Альбина.
Өмірлік қиын жағдайдағы балаларды қолдау орталығының директоры Айжан Мейірханова «Мейірім» жобасына олардың 56 тәрбиеленушісі енгенін айтады. Осы балалардың есепшотына тәлімгерлері 1 миллион теңге көлемінде ақша аударып, мереке сайын сый-сия­патпен де қуантады. Сондай азаматтың бірі – «Әскерилендірілген теміржол күзеті» акционерлік қоғамының Тараз қаласы филиалының басшысы Еркін Мусилимов. Тәлімгер Есімжан Шәбден есім­ді баланы қамқорлығына алған. Еркін Есімжанның туған күнінде, атаулы мереке­лерде үнемі құттықтап, қуанышын бөлісуді дәстүрге айнал­дырған. Сонымен қатар атымтай жомарт азамат Есімжанның бола­шақта оқуға түсуіне және оқу бітіргеннен кейін жұ­мысқа орналасуын да өз мойнына алып­ты. Ал Есімжан мемлекетке, тәрбие­леген тәрбиешілерге және қамқорлық танытқан тәлімгерінің жақсылығын өзі­нің жеткен жетістігімен қайтаруды басты парызы санайтынын айтады. Дәл қазір Өмірлік қиын жағдайдағы балаларды қолдау орталығында бірнеше ұлттың балалары тәрбиеленіп жатса да барлығы тату. Бір үйдің баласындай бір-біріне жанашыр, қамқор. Иә, «Мейірім» жобасы балғындарға ме­йірімін төккені анық. Мұндай сауап­ты игі бастама көпке үлгі екені даусыз. Оған қоса, «балам» деп басын сипайтын елі барда, «елім» деп еміреніп, ел ертеңін ойлайтын ұрпақ өсетіні айқын. «Ме­йірім» жобасы сонысымен де құнды.

Саятхан Сатылған, Жамбыл облысы