«Ай сайын 100 мың теңге кредит төлеймін» – қылмысқа қатысы бар көлік иелері араша сұрады
«Ай сайын 100 мың теңге кредит төлеймін» – қылмысқа қатысы бар көлік иелері араша сұрады
Фото: ehonews.kz
199
оқылды

Аталған мекеме жыл басында Ресейден Қазақстанға көліктерді заңсыз тасымалдаған қылмыстық топты құрықтап, олар әкелген 60 көлікті алып қойған. Артынша контрабандалық жолмен келген автомобильдерді тәркілей бастады. Жер сипап қалған жүргізушілер, енді не істерін білмей дал, – деп хабарлайды AstanaTV.

Бес баланың әкесі Айдос Сұлтанов жылдың басында бес жарым миллион теңгеге «Тайота» көлігін сатып алған. Жарты ақшасын несие рәсімдепті. Жолаушы тасып, ақша тауып жүр едім дейді. Бірақ қуанышы ұзаққа бармаған, жарты жылдан кейін көлігінен айырылып қалды. Экономикалық тергеу департаментінің өкілдері көліктің елге заңсыз жолмен әкелінгенін айтып, материалдық айғақ ретінде тәркілеген.

Петропавл қаласының тұрғыны Айдос Сұлтанов: «Тамыз айында мені полицейлер тоқтатып, бұл көліктің іздеуде жүргенін айтты. Кейін көлікті алып кетті. Міне содан беріп көлігімді қайтармай жатыр, соттың шешімін тосыңыз дейді. Маған әлі бес жыл бойы ай сайын 100 мың теңгеден несие төлеу керек», – дейді.

Шетелден арзан көлік әкелгендер, базынасын жеткізу үшін елдің түкпір-түкпірінен Қызылжарға жиналды. Абайсызда опық жегендердің айтуынша, қылмыстық топтың кесірінен 1500-ға жуық адам жапа шекті. Алайда, құзырлы орган қылмыстық істе оларды жәбірленуші ретінде емес, куәгер ретінде қарастырып отырғанын түсіне алар емес.

Көкшетау қаласының тұрғыны Абылайхан Байғынбеков: «Егер тергеу бөлімі бізді жәбірленушілер ретінде қарастырса, онда біз көлікті сатқан кісіні сотқа беріп, одан өтемақыны талап ете аламыз. Ол көліктерді Қазақстанға заңсыз жолмен кіргізген біз емес. Бұл жігіттер темір тұлпарларды терлеп тапқан ақшасына сатып алды», – деді.

Экономикалық тергеу департаменті мамандары, олар куәгер санатында қалатынын жеткізді. Бірақ оны түсіндіріп жатпады. Тіпті осы уақытқа дейін қанша темір тұлпарды тәркілегендерін де айтуға құлықсыз. Заңсыз көліктер әлі де іздестіріліп жатыр деді. СҚО Экономикалық тергеу департаментінің аға тергеушісі Дулат Телекеев: «Қазақстан мен Ресей азаматтарынан құралған трансұлттық қылмыстық топқа қатысты қылмыстық іс бітуге жақын. Пысықайлар жапониялық темір тұлпарларды Ресей арқылы Қазақстанға автобөлшек ретінде кіргізіп, артынша жалған нөмірмен сатып отырған. Бұл көліктер қазір әлі де іздеуде жүр. Ал тәркіленген көліктерге қатысты нақты шешімді сот шығарады», – деді.

Сондай-ақ мамандар аталған қылмыстық топты құрықтаған кезде ірі қойманың ішінен әлі сатылып үлгермеген 60 көлікті тапқан. Ізінше күдіктілердің құжаттарын ақтарып, заңсыз көліктердің саны бұдан бірнеше есе артық екеніне көз жеткізген. Қылмыстық іс әлі сотқа жолданған жоқ. Сондықтан процестің қашан басталатыны да әзірге белгісіз.