Әлем «жасыл» энергетикаға ден қойды. Күні кеше БҰҰ-ның климаттың өзгеруі туралы 26-конференциясында (COP26) барлық тәуелсіз ел қорытынды мәлімдемеге қол қойды. Онда қоршаған ортаны ластайтын көмір энергетикасынан кезең-кезеңмен бас тарту, экологиялық таза отын түрлеріне басымдық беру, сөйтіп жер қызуын 1,5 градусқа дейін төмендетуге күш салу көзделген. Бұл ретте Елбасының 2018 жылы қолға алынған, көмір жағып келген өңірлерімізді «көгілдір отынға» көшіруді қарастыратын «Сарыарқа» жобасы көреген қадам болды.
Қазақ жері газға бай
«Nur Otan» партиясының «Өзгерістер жолы: әр азаматқа лайықты өмір!» атты сайлауалды бағдарламасында елді газдандыру мәселесіне баса мән берілген: Нұр-Сұлтан, Қарағанды, Көкшетау, Өскемен, Павлодар, Петропавл және Семей қалаларының тұрғындары табиғи газға қол жеткізетіні белгіленді. Қазақстанды кең ауқымды газдандыру мәселесінің маңызын Елбасы – партия Төрағасы Нұрсұлтан Назарбаев «Nur Otan» партиясының 2019 жылғы 27 ақпандағы кезекті XVIII съезінде атап өтті: ол шамамен 1,1 миллион қазақстандықтың үйі газбен жабдықталуы керегін мәлім етті. Бүгінде Елбасы қойған бұл міндеттер орындалуда. Қазақ жері газға аса бай. Қазіргі табылған көлемінің өзі шамамен 70 жылға жетеді. Қорлар жөніндегі мемлекеттік комиссия Қазақстанда алуға келетін 3,8 триллион текше метр газ қоры бар деп бекітті. Әлеуетті ресурстары 6-8 трлн текше метрге дейін жетеді. Газ қоры жөнінен Қазақстан әлемде 22-орында. Ал ТМД бойынша 3-орында тұр (Ресей және Түрікменстаннан кейін). Тәуелсіздік алған 1991 жылы елде 7,9 млрд текше метр «көгілдір отын» өндіріліпті, ал 30 жыл өткенде ол 56 миллиард текше метрге жуықтады. Құрылымы бойынша өндірілетін қазақстандық газ негізінен, «ілеспе мұнайлық газ» болып келеді. Ал тек газды және газды конденсатты кен орнына Амангелді және Шағырлы-Шөмішті кен орындары жатады. Бүкіл барланған газ қорының 98%-ы Қазақстанның батысында шоғырланған. Соның ішінде 87%-ы – ірі мұнай-газ және мұнай-газды конденсатты кен орындарына тиесілі. Нәтижесінде, республикада өндірілген «көгілдір отынның» 90%-ына жуығын Қарашығанақ, Қашаған, Теңіз және Жаңажол жобалары қамтамасыз етіп отыр. 2020 жылы ілеспе мұнай газының шамамен 31%-ы қабаттар арасындағы қысымды ұстап тұру үшін жерастына кері айдалды. 14%-ын – жер қойнауын пайдаланушылар төл технологиялық мұқтаждықтарына, өзі үшін электр энергиясын өндіруге және кәдеге жаратуға бағыттады. Қалған 55%-ы өңделді. Былтыр өңделген газдың 62%-ы ішкі нарыққа, 38%-ы экспортқа жөнелтілген екен. Дегенмен Энергетика министрлігінің мәліметінше, биыл «көгілдір отын» тапшылығының туындауына орай өңделген газ толығымен отандық нарыққа жіберілуде. Энергетикалық қауіпсіздікті сақтау, өскен тұтынысты қамту және газ саласын тұрақты дамыту үшін ресурстық базаны кеңейту қажет. «Шикі газ өңдеуді және тауарлық газ жасауды Қаламқас-Теңіз, Прорвинск кен орындары тобы, Өріктау секілді қазірден игеруге дайын, барланған жаңа кен орындары есебінен ұлғайту жоспарланған. Бұған қоса, 172 млрд м3 қоры бар, шекарадағы Имашев кен орнында барлау жүргізіліп, зерттеледі. Қашаған кен орнын кеңейту жобаларының тұжырымдамасы ілеспе шикі газды коммерцияландыруды басымдық ретінде белгілейді. Қазір «ҚазТрансГаз» АҚ-мен бірлесіп, шикі газдың жылына 1 млрд текше метрін өңдейтін зауыт салу бойынша инвестициялық шешім қабылданды», – деп түсіндірді министрлік.Елдің жартысы газға көшті
Бүгінде Қазақстанды газдандырудың 2015-2030 жылдарға арналған Бас схемасы жүзеге асырылып отыр. Үкіметтің тапсырмасы бойынша, Энергетика министрлігі 2021 жылғы 31 желтоқсанға дейін осы бас схеманы өзектендіріп шығады. Өйткені бұл құжатта «Сарыарқа» секілді ірі жобалар ескерілмеген. Бас схемаға сәйкес, орталық және солтүстік өңірлерді газдандыру үшін «Тобыл – Көкшетау – Астана» бағытындағы жаңа газ құбырын салу жоспарланған болатын, алайда енді бұл «Сарыарқа» құбыры есебінен жүзеге асырылмақ. Әзірге, қолданыстағы бас схеманың шынайы сценарийінде 2030 жылға дейін Қазақстан халқының 56%-ы газбен қамтылады деп жоспарланған. Жаңа салынатын газ құбырларының жалпы ұзындығы шамамен 29 мың шақырымды құрамақ. Шамамен 1,6 мың елді мекен газбен жабдықталады. Бірақ жоспар асыра орындалатын түрі бар.Сыр мен Сарыарқаның серіктестігі
2018 жылғы 11 желтоқсанда Елбасы Н.Назарбаев телекөпір арқылы «Сарыарқа» магистралды газ құбырының құрылысын бастап берді. «Бұл – біздің аса ірі жобамыз. Газ өндіруші саналатын мемлекетіміз Қазақстанның орталығын газдандыруға назар аударып отыр. Бұл – өршіл жоба, ол халықты көгілдір отынмен қамтамасыз етіп, өнеркәсіптің көтерілуіне үлес қосады», – деді Тұңғыш Президент. Елбасы қойған міндетті және ел Президенті Қ.Тоқаевтың «Игілік баршаға! Сабақтастық. Әділдік. Өрлеу» сайлауалды бағдарламасындағы тапсырмасын орындау аясында 2019 жылғы желтоқсанда «Сарыарқа» магистралды газ құбырының І кезеңінің құрылысы уақытылы аяқталып, іске қосылды. Яғни, 1 061,3 шақырымға созылған газ құбыры Қызылордадан бастау алып, Нұр-Сұлтанға жетті. «Сарыарқаның» І кезеңі елорданы ғана емес, сондай-ақ еліміздің орталық және солтүстік өңірлерінің бір бөлігін экологиялық таза отын түрімен жабдықтауға мүмкіндік берді. Бұл – тәуелсіздік жылдарындағы еліміз үшін елеулі, тарихи маңызды оқиғалардың бірі. Осының арқасында 2021 жылғы жағдай бойынша ел халқын газдандыру деңгейі 53,07%-ға жетті! 9,8 миллион адам табиғи газға қол жеткізді. Соның ішінде 6 өңірдің газдандырылуы 90%-дан асқан! 2010-2020 жылдары ішкі нарықта газ тұтыну көлемі 9 млрд м3-ден 17,2 млрд м3-ге дейін – 91%-ға өсті. Сондай-ақ ел Үкіметінің 2018 жылғы 29 қарашадағы №797 қаулысымен бекітілген, табиғи газды мотор отыны ретінде пайдалануды кеңейту жөніндегі Іс-шаралар жоспары іске асырылуда. Қазір «Сарыарқа» газ құбырының ІІ және ІІІ кезеңінің құрылысын салу пысықталып жатыр. Ол іс Энергетика министрлігі жыл соңына дейін өзектендіретін бас схемаға сүйенетін болады. «Енді солтүстік өңірлерді газдандыру үшін газ құбырының екінші және үшінші кезеңдеріне кірісу пысықталуда. «Сарыарқа» газ құбырының бірінші кезеңінің газ трассасы бойында Нұр-Сұлтанда, Қарағанды және Ақмола облыстарында газ тарату желілерінің құрылысы өрістеуде», – деп хабарлады Энергетика министрлігі. Бас қаланы газдандыру 3 кезекке бөлінген. Нұр-Сұлтан әкімдігінің мәліметінше, 3 қарашада елордада мыңыншы абонент газға қосылды. «ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ-мен бірге былтырдан бері тұрғын үйлерді газға кезең-кезеңмен қосу жұмысы жүргізілуде. Бірінші кезекте 9 мың жеке тұрғын үй газға қосыла алады. Бұған дейін Көктал-1, Көктал-2, Теміржолшылар, Агроқалашық (бір бөлігі), Промышленный және Оңтүстік-Шығыс елді мекендерінің тұрғындары осы мүмкіндікке ие болды. Ал қарашада Оңтүстік-Шығыс, Агроқалашықтың қалған бөліктері қамтылады. Сондай-ақ Күйгенжар, Мичурино, Интернациональныйды газбен жабдықтау желілерінің құрылысы жүргізілуде, олар жыл соңына дейін іске қосылмақ. Сонда 5 мың жеке үйге газ барады. Жалпы, бұл салада реформалар қолға алынуда, жаңғырулар жүруде. Мысалы, «ҚазТрансГаз» ұлттық газ компаниясына айналады: геологиялық барлаудан дайын өнім шығаруға дейінгі бүкіл жұмысты сол атқарады. Президент жуырда «жаңа кен орындарын игеруде басымдық құқығын «ҚазТрансГазға» беру» ұсынысын мақұлдады. Қазақ газ өңдеу зауытының базасында салынатын жаңа газ өңдеу зауыты 2023 жылы пайдалануға берілуі тиіс. «Қазақстанның газ саласын дамытудың 2030 жылға дейінгі кешенді жоспары» бекітілетін болады. Ендеше «жасыл» энергетикаға көшуде Қазақ елінің қарқыны жаман емес деуге болады.Елдос СЕНБАЙ