Степногор қаласындағы Бөгенбай батыр атындағы мамандандырылған спорт мектебінде балалар арасындағы әлімжеттік жасау оқиғасы қоғамда басы ашық қалған көптеген проблеманың барын анық аңғартты. Әлеуметтік желілерде желдей ескен бұл оқиғаны жұрт қазір қызу талқылап жатыр. Облыс әкімі мен тиісті облыстық ведомство басшылары арнайы барып, жиын барысында спорт мектебінің басшысы жұмыстан босатылып, тиісті бірқатар облыстық деңгейдегі басқарма басшылары мен қызметкерлер тәртіптік жауапкершілікке тартылды. Алайда бұл оқу орындарында болып жатқан оқиғаларды азайта ала ма? Заңды белден басып, басбұзар болып өсіп келе жатқан ұрпақтың санасына қалай әсер ету қажет? Өкінішке қарай, еліміздің қай түкпірінде болмасын, балалар арасындағы әлімжеттік, ұрып-соғу оқиғалары толастамай тұр. Әрі жығылған үстіне жұдырық болған оқиғаны бейнекамераға түсіріп, әлеуметтік желілер мен YouTube арналарына салатын оқиғалар көбеймесе азайған жоқ. Спорттық мектеп-интернаттағы оқиғадан кейін іле-шала облыс әкімі Ермек Маржықпаевтың төрағалығымен көшпелі жиын өтіп, құрылған облыстық комиссия қоғамда резонанс тудырған оқиғаның хронологиясын зерттеп-зерделеген. Оқиға осы жылдың 21 қазанында болған. 8-сынып оқушылары 7-сыныптың екі оқушысын жатақхана бөлмесінде ұрып-соғып, ал оны сыныптастарының бірі бейнетаспаға түсіріп тұрған. Бейнеролик жәбірленуші балалардың бірінің ата-аналарынан қалалық әлеуметтік пабликтердің бірінің иесіне түскен. Жиынды жүргізген облыс әкімі оқу орнындағы жағдай бойынша жүргізілген жұмыстардың жеткіліксіздігін жеткізді. «Олимпиадалық резервті мектепте болған бұл оқиға алаңдаушылық туғызады. Спортшылар арасында үнемі командалық рух пен нашарларға көмек қолын созатынымен ерекшеленетін. Бұл кәмелет жасына толмағандардың құқығын қорғау жөніндегі комиссияның өз жұмысына шалағай қарағанын көрсетеді. Оқу орны басшылығы тарапынан бақылаусыздық пен салғырттық осындай өкінішті жағдайға әкеліп отыр. Комиссия бірқатар лауазымды тұлғаларды тәртіптік жауапкершілікке тартты. Бірақ мұны әлі де болса жеткіліксіз деп санаймын», – дейді Ермек Маржықпаев. Жиын барысында оқиға болған Бөгенбай батыр атындағы олимпиадалық резервтегі спорт мектебінің басшысы Тұрсынбек Тоққожинов жұмыстан босатылса, облыстық Дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Әсет Бүкібаевқа қатаң сөгіс беріліп, Степногор қаласы әкіміне әлеуметтік салаға жетекшілік ететін әкім орынбасары Гүлнәз Әбілованы тәртіптік жауапкершілікке тарту тапсырылды. Қазір полиция қылмыстық кодекстің 141 «Балалардың денсаулығы мен өмірін қамтамасыз ету міндеттерін тиісті түрде орындамау» және 194-баптың 2-тармағы «Бопсалау» бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдарын бастаған. Спорт мектебіндегі сорақы жағдайдан кейін жергілікті Степногор қалалық «Nur Otan» партиясы филиалы да оқиғаға сәйкес партиялық бақылау мен әлеуметтік мәселелер жөніндегі қоғамдық кеңес мониторинг жүргізіп жатқанын мәлімдеді. Сондай-ақ партия өкілдері де мәселенің бір сәтте шешіле қалатынына күмәнмен қарайтынын жасырмады. Партияның бюролық саяси кеңесі қалалық мәслихат депутаты, бұрынғы мектеп директоры – Тұрсынбай Тоққожиновты сөгіс түрінде тәртіптік жазаға тарту туралы мәселені қарастыруды ұсынды. «Спорт мектебінің директоры Тоққожиновтың лауазымынан босатылуы жасөспірімдер арасындағы «әлімжеттік» оқиғаларды бір-ақ сәтте тыйып тастай алмайды. Әрі бұл мектеп әкімшілігі мен педагогикалық ұжымның бойкүйездігі мен салғырт ісін анық байқатады. Мектеп директоры болған оқиғаны білгенімен, қызметтік тексерісті үстірт қана жүргізген. Тіпті, іште болған оқиғаны құқық қорғау органдары мен кәмелет жасына толмағандар комиссиясына да хабарламаған. Сондай-ақ Дене шынықтыру және спорт басқармасына да еш хабар берілмеген»,– дейді Степногор қалалық «Nur Otan» партиясы филиалы. Тексеріс барысында интернат тәрбиешілерінің де жұмыс кестесі нормативтерге сәйкес келмегені белгілі болған. Анықталғанындай, кешкілік уақытта балалар мүлде қараусыз қалады екен. Сондықтан партия жиынында «Бақытты отбасы» партиялық жобасы шеңберінде мектеп-интернаттта кешенді мониторинг өткізуге шешім қабылданды.
P.S. Білім ордасындағы бұл оқиғадан кейін жергілікті билік өкілдері де, құқық қорғаушылар да қимылдай бастады. Сала басшылары жауапкершілікке тартылып, қылмыстық іс қозғалды. Дегенмен бұл әрекеттер жасөспірімдер мен балалар арасындағы қылмыстық оқиғалардың азаюына ықпал ете ала ма? Өкінішке қарай, әлеуметтік желілерде балалардың өшпенділігі мен қатыгездікпен жасаған істері тым көбейіп кеткен. Бәлкім, қоғам тарапынан басқа да амалдар мен қарекеттер қолданылуы қажет шығар?!.
Абзал АЛПЫСБАЙҰЛЫ, Ақмола облысы