Ақтаңдақтар ақиқатын жазған тарихшы
Ақтаңдақтар ақиқатын жазған тарихшы
748
оқылды
Академик Манаш Қозыбаев отандық тарихты жазуда аз қалам тартқан жоқ. Тарих ғы­лы­мы­ның қаншама ақтаңдақ­тарын анықтап бергені де рас. Әсіресе, қазақстандықтардың соғыс қимылдарына қатысқан әскери тарихына да қалам тартқан тарихшы. Ғалымның майдан тақырыбына жазған еңбектерінің өзі бір төбе. Кеңестік кезеңде жаһанды шу­латқан Екінші дүниежүзілік соғыс Қазақстанға орасан зор адами және экономикалық шығын әкелгені белгілі. Фашистік Германиямен текетіреске түскен КСРО үшін Ұлы Отан соғысы саналған шайқаста қазақстандықтардың жеңіске қос­қан үлесі жетерлік. Осындай алып екі мемлекеттің арыстанша айқасқа түскен жылдарында қазақстандық­тардың майданға берген көмегі мен әскери құрамалардың шетінен ұрыс даласына аттанып, жанқияр­лық ерліктер танытқанына тарихшы ғалым М.Қозыбаев бірқатар еңбек арнады. Сол еңбектердің бірқатарына тоқталып өткенді жөн көрдім. 1960 жылы ғалымның «Қазақ­стан коммунистері Ұлы Отан соғы­сы жылдарында» атты еңбегі жарияланды. Бұл кезде соғыстың аяқ­тал­ғанына небәрі 15-ақ жыл уақыт толған. Бұл еңбекте Кеңес-Герман айқасына қазақстандық­тардың май­данға жаппай аттануы мен тыл­дағы тынымсыз көмек­тері туралы жазылған. Қазақстанда құрылған әскери құрамалардың арасында КСРО жүрегі саналған Мәскеу қаласын қорғауда генерал-майор И.Панфилов басқарған 316-атқыштар дивизиясы даңқының әлемге аян болға­нын, 28 батырдың ерлігін, талантты командир Бауыржан Момыш­ұлының және ол басқарған батальон жауынгерлерінің айқаста жалпылама ерліктің, батырлықтың неше түрлі үлгілерін көрсеткенін жазды. Мәскеуді қорғауда Қазақстан­нан барған 30-гвардиялық, 391-ат­қыштар дивизиялары, 39, 100, 101 атқыштар бригадалары қатыс­қа­нын, ал Санкт-Петербург қаласын қорғауға Қазақстанда құрылған 310 атқыштар дивизия­сының ерлігіне тоқталған. Қара теңізден солтүстік мұхитқа дейін ұласқан қан майданда қазақстан­дықтардың ерлікпен күрескенін дәлелдеп көрсеткен. Қан майданның кесірінен еңбек қаруын соғыс қаруына ауыстырып, арпалысқа түскен жерлестеріміз Төлеген Тоқтаров, Баубек Бұлқы­шев, Рәшит Жанғозин, Хаби Хабибуллин, генерал-майор И.Панфилов және т.б. мыңдаған абзал азамат­тардың халқы үшін аянбай айқасқанын айқындаған. Соғыс тақырыбына арналған еңбектердің арасында КСРО-ның фашистік Германияны жеңгеніне 25 жыл толуына байланысты ға­лым­ның «Қазақстан – майдан арсеналы» атты көлемді еңбегі 1970 жылы жарыққа шықты. Ұлы Отан соғысының тарихы мен нәтиже­леріне, оның батырларының өлмес істері мен ерліктеріне арналған бұл еңбек үлкен қызығушылық танытты. КСРО-ның фашистік Герма­ния­мен үлкен жекпе-жегінде ке­ңес­тік мемлекеттік жүйенің үлкен ішкі күші жан-жақты сыналғаны айтылды. Қызыл армияның жауынгерлік туы астында 1 миллион 200 мың қазақстандық тұрғанын, 700 мыңға жуық жұмысшы еңбек колонналарына жұмылдырылғанын, соғыс кезінде республика халқының 26% - ы жұмыс істейтін және еңбек армиясы қатарына қосылғанын, 1941 жылы бір ғана Қарағанды облысының әскери комиссариаттарына патриоттардан 25 мыңнан астам өтініш келіп түссе, олардың 10 мыңы әйелдер болғанын анық­тап айтты. Қазақстандықтардың КСРО астанасы Мәскеуді кеудемен қор­ғағанын, Ленинград (Санкт-Петербург) қаласын қорғап, Сталинград (Волгоград) қабырғаларында ерлікпен шайқасқанын, Украинаны, Беларусьті, Балтық республикаларын азат етуге қатысқанын, олар­дың Варшава, Бухарест, София, Белград, Будапешт, Прага, Вена азат етушілерінің қатарында болып, Рейхстагтың төбесіне Жеңіс туын қадап, даңққа бө­ленгенін ғалым ерекше тербеліп жазды. Отан қорғаудағы халық пен армия­ның міндеттері – «бәрі де майдан үшін, бәрі де жеңіс үшін!» деген ұранмен байланысты бол­ғаны ғалым еңбегінде сипатталды. Академик М.Қозыбаевтың 1977 жылы шыққан «Равнение на коммунистов» атты ғылыми еңбегі Ұлы Отан соғысының сұрапыл жылдарында қазақстандық жастардың соғысқа қосқан ерлігі мен еңбегін өз алдына жеке сипаттады. Ұлы Отан соғысының алғашқы күндерінен жастар өздерінің па­триот­тық борышын терең түсініп, соғыс басталған бірінші күннен-ақ майданға жіберуді сұрап, әскери комиссариаттарға лек-легімен ке­ліп жатты. Алматы қалалық жастар ұйымдарының мүшелері Нұрбай Саламатов, Тәкен Әзімбаев, Бай­құтбай Мырзақұлов, Өмірғали Орын­беков қаланың Фрунзе (сол кездегі атымен) аудандық әскери комиссариатына өтініш жазды. Қыз­дар­дан майданға алу туралы жазған өтініштер мыңдап саналды. Түркіс­тан облысы бойынша соғыстың алғашқы бір жылы ішінде майданға сұранған 755 қыздың 597-і батысқа жөнелтілгені ерекше аталады. Соғыстың алғашқы кезеңінде Алматы, Шығыс Қазақстан, Жамбыл және Түркістан облыстарында тау ішінде соғысуға бейімделген 11 503 атқыш жауынгерлер дайындалды. 242 мың жігіттер мен қыздар майданға Қазақстаннан аттанды, бұл республика жастар одағы мү­ше­лерінің 70 пайызы екенін ерекше атады. Мыңдаған қазақстандық жастар Украйнаны, Беларусьті, Балтық елдері, Молдавияны азат ету үшін болған ұрыстарға қатысты. Сондай сын сағаттардағы шайқаста ерлікпен қаза тапқан Сәди Рақым­жанов, Баубек Бұлқышев, Қанаш Хамзин, Әлия Молдағұлова, Мән­шүк Мәметова, Абдолла Үсенов сынды мыңдаған жас қырандардың есімін бүгінгі ұрпақ ерекше ілтипатпен, сый-құрметпен еске алатынын айрықша атады. 1980 жылы М.Қозыбаевтың Ұлы Отан соғысының ерлік жолына арналған «Ұлы ерлік» еңбегі соғыс даласындағы екі өмірдің адамының бетпе-бет кездесіп, қан майданда жеңіс үшін күрескен ерлік тақырыбына арналды. Соғыстың басында Қызыл Армияда 198 атқыштар дивизиясы болса Сталинград шайқасы кезінде оның саны 382-ге жеткенін, ал 1944 жылдың басында Кеңес Армиясы 480 атқыштар, мото­атқыш­тар, атты әскер және десанттық дивизиядан, 55 жеке бригададан, 85 танк және механикаландырылған корпустан 80 артиллерия, миномент дивизиясынан, 128 авиация дивизиясынан және басқа жеке бө­лімшелерден тұрғанын, 1945 жылы Қарулы Күштер қатарында 13 миллион 450 мыңдай адам болғанын дәлелдеп жазды. Соғыс жылдары 23 академия және жоғары офицер мектебінде 230 әскери училище, 200-ден астам әр түрлі курстарда офицер даярланды. Соғыстың соңғы сәтінде Кеңес Қарулы Күштерінің қатарында 12 Кеңес Одағының маршалы, дербес әскер түрлерінің 3 бас маршалы, 11 жеке әскер түрлерінің маршалы, 2 флот адмиралы, 5 597 генерал мен адмирал болғанын айғақтады. Жеңіс жолында жанқиярлық ерлік көрсеткен 7 150 офицер, генерал мен адмирал Кеңес Одағының батыры атағын алғанын айтып, Ұлы ерлік жолында күресушілерді статистикалық және деректік мәлі­меттермен растап берді. Ғалымның жеңістің 40 жыл­дығына арналып жарияланған «Қа­зақстан қаһарлы жылдарда» атты еңбегі Қазақстан еңбекші­лерінің соғысқа берген қажырлы көмегі туралы баяндайды. Колхозшылар мен совхоз жұ­мысшыларының ерлікпен еңбек етіп, Ұлы Отан соғысының отқа оранған жылдарында Қазақстан Отанға 4 829 мың тонна картоп, 1193,1 мың тонна қант қызылшасы, 600 мың тонна ет, 960 мың тонна сүт т.б. ауыл шарушылығы өнім­дерін өткізіп, көптеген адам мол табыстарға жеткенін жазды. Ет өндіру күрт өсті, тек Семейдің ет комбинаты соғыс жылдары 103 470 тонна ет, 21 130 тонна шұжық, 100 млн консерві, 18 344 тоннаға жуық концентраттар жасады. Балық консерві зауыттары Балқашта, Тасаралда, Павлодарда, Іледе, Аралда іске қосылды. Майданға ысталған, консервіленген балық өнімдерді көптеп жөнелтілді. Майданға және елге 9 млн пұттан астам құмшекер, 33 мың пұт рафинад – қант, 3,7 мил­лион май суы, 55 млн пұт қы­зыл­ша жомы жө­нел­тілгенін тия­нақ­ты түрде көрсетіп берді. Бүгінде 90 жылдық торқалы тойы тойланып жатқан танымал та­рихшы М.Қозыбаев Қазақстан­ның соғыс жылдары фашизмге қарсы күресіне арналған бірқатар еңбектер жариялады. Еңбектерінде жеңіске жету үшін қиян-кескі кү­рес нәтижелерінің көрінісін, адамзат өркениетінің өмірі мен өлімі туралы, табыс пен құрбандықтың көрінісін көрсетіп берді. Қазақ­стан­дық жауынгерлердің жанқияр­лық ерлігі мен ерен еңбегінің же­ңіске қосқан үлесін тиянақты талдап, тарих ғылымына мол мұра етіп қалдырды.

Болат САЙЛАН, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың профессоры. Ауған соғысының ардагері