Академик Манаш Қозыбаев отандық тарихты жазуда аз қалам тартқан жоқ. Тарих ғылымының қаншама ақтаңдақтарын анықтап бергені де рас. Әсіресе, қазақстандықтардың соғыс қимылдарына қатысқан әскери тарихына да қалам тартқан тарихшы. Ғалымның майдан тақырыбына жазған еңбектерінің өзі бір төбе. Кеңестік кезеңде жаһанды шулатқан Екінші дүниежүзілік соғыс Қазақстанға орасан зор адами және экономикалық шығын әкелгені белгілі. Фашистік Германиямен текетіреске түскен КСРО үшін Ұлы Отан соғысы саналған шайқаста қазақстандықтардың жеңіске қосқан үлесі жетерлік. Осындай алып екі мемлекеттің арыстанша айқасқа түскен жылдарында қазақстандықтардың майданға берген көмегі мен әскери құрамалардың шетінен ұрыс даласына аттанып, жанқиярлық ерліктер танытқанына тарихшы ғалым М.Қозыбаев бірқатар еңбек арнады. Сол еңбектердің бірқатарына тоқталып өткенді жөн көрдім. 1960 жылы ғалымның «Қазақстан коммунистері Ұлы Отан соғысы жылдарында» атты еңбегі жарияланды. Бұл кезде соғыстың аяқталғанына небәрі 15-ақ жыл уақыт толған. Бұл еңбекте Кеңес-Герман айқасына қазақстандықтардың майданға жаппай аттануы мен тылдағы тынымсыз көмектері туралы жазылған. Қазақстанда құрылған әскери құрамалардың арасында КСРО жүрегі саналған Мәскеу қаласын қорғауда генерал-майор И.Панфилов басқарған 316-атқыштар дивизиясы даңқының әлемге аян болғанын, 28 батырдың ерлігін, талантты командир Бауыржан Момышұлының және ол басқарған батальон жауынгерлерінің айқаста жалпылама ерліктің, батырлықтың неше түрлі үлгілерін көрсеткенін жазды. Мәскеуді қорғауда Қазақстаннан барған 30-гвардиялық, 391-атқыштар дивизиялары, 39, 100, 101 атқыштар бригадалары қатысқанын, ал Санкт-Петербург қаласын қорғауға Қазақстанда құрылған 310 атқыштар дивизиясының ерлігіне тоқталған. Қара теңізден солтүстік мұхитқа дейін ұласқан қан майданда қазақстандықтардың ерлікпен күрескенін дәлелдеп көрсеткен. Қан майданның кесірінен еңбек қаруын соғыс қаруына ауыстырып, арпалысқа түскен жерлестеріміз Төлеген Тоқтаров, Баубек Бұлқышев, Рәшит Жанғозин, Хаби Хабибуллин, генерал-майор И.Панфилов және т.б. мыңдаған абзал азаматтардың халқы үшін аянбай айқасқанын айқындаған. Соғыс тақырыбына арналған еңбектердің арасында КСРО-ның фашистік Германияны жеңгеніне 25 жыл толуына байланысты ғалымның «Қазақстан – майдан арсеналы» атты көлемді еңбегі 1970 жылы жарыққа шықты. Ұлы Отан соғысының тарихы мен нәтижелеріне, оның батырларының өлмес істері мен ерліктеріне арналған бұл еңбек үлкен қызығушылық танытты. КСРО-ның фашистік Германиямен үлкен жекпе-жегінде кеңестік мемлекеттік жүйенің үлкен ішкі күші жан-жақты сыналғаны айтылды. Қызыл армияның жауынгерлік туы астында 1 миллион 200 мың қазақстандық тұрғанын, 700 мыңға жуық жұмысшы еңбек колонналарына жұмылдырылғанын, соғыс кезінде республика халқының 26% - ы жұмыс істейтін және еңбек армиясы қатарына қосылғанын, 1941 жылы бір ғана Қарағанды облысының әскери комиссариаттарына патриоттардан 25 мыңнан астам өтініш келіп түссе, олардың 10 мыңы әйелдер болғанын анықтап айтты. Қазақстандықтардың КСРО астанасы Мәскеуді кеудемен қорғағанын, Ленинград (Санкт-Петербург) қаласын қорғап, Сталинград (Волгоград) қабырғаларында ерлікпен шайқасқанын, Украинаны, Беларусьті, Балтық республикаларын азат етуге қатысқанын, олардың Варшава, Бухарест, София, Белград, Будапешт, Прага, Вена азат етушілерінің қатарында болып, Рейхстагтың төбесіне Жеңіс туын қадап, даңққа бөленгенін ғалым ерекше тербеліп жазды. Отан қорғаудағы халық пен армияның міндеттері – «бәрі де майдан үшін, бәрі де жеңіс үшін!» деген ұранмен байланысты болғаны ғалым еңбегінде сипатталды. Академик М.Қозыбаевтың 1977 жылы шыққан «Равнение на коммунистов» атты ғылыми еңбегі Ұлы Отан соғысының сұрапыл жылдарында қазақстандық жастардың соғысқа қосқан ерлігі мен еңбегін өз алдына жеке сипаттады. Ұлы Отан соғысының алғашқы күндерінен жастар өздерінің патриоттық борышын терең түсініп, соғыс басталған бірінші күннен-ақ майданға жіберуді сұрап, әскери комиссариаттарға лек-легімен келіп жатты. Алматы қалалық жастар ұйымдарының мүшелері Нұрбай Саламатов, Тәкен Әзімбаев, Байқұтбай Мырзақұлов, Өмірғали Орынбеков қаланың Фрунзе (сол кездегі атымен) аудандық әскери комиссариатына өтініш жазды. Қыздардан майданға алу туралы жазған өтініштер мыңдап саналды. Түркістан облысы бойынша соғыстың алғашқы бір жылы ішінде майданға сұранған 755 қыздың 597-і батысқа жөнелтілгені ерекше аталады. Соғыстың алғашқы кезеңінде Алматы, Шығыс Қазақстан, Жамбыл және Түркістан облыстарында тау ішінде соғысуға бейімделген 11 503 атқыш жауынгерлер дайындалды. 242 мың жігіттер мен қыздар майданға Қазақстаннан аттанды, бұл республика жастар одағы мүшелерінің 70 пайызы екенін ерекше атады. Мыңдаған қазақстандық жастар Украйнаны, Беларусьті, Балтық елдері, Молдавияны азат ету үшін болған ұрыстарға қатысты. Сондай сын сағаттардағы шайқаста ерлікпен қаза тапқан Сәди Рақымжанов, Баубек Бұлқышев, Қанаш Хамзин, Әлия Молдағұлова, Мәншүк Мәметова, Абдолла Үсенов сынды мыңдаған жас қырандардың есімін бүгінгі ұрпақ ерекше ілтипатпен, сый-құрметпен еске алатынын айрықша атады. 1980 жылы М.Қозыбаевтың Ұлы Отан соғысының ерлік жолына арналған «Ұлы ерлік» еңбегі соғыс даласындағы екі өмірдің адамының бетпе-бет кездесіп, қан майданда жеңіс үшін күрескен ерлік тақырыбына арналды. Соғыстың басында Қызыл Армияда 198 атқыштар дивизиясы болса Сталинград шайқасы кезінде оның саны 382-ге жеткенін, ал 1944 жылдың басында Кеңес Армиясы 480 атқыштар, мотоатқыштар, атты әскер және десанттық дивизиядан, 55 жеке бригададан, 85 танк және механикаландырылған корпустан 80 артиллерия, миномент дивизиясынан, 128 авиация дивизиясынан және басқа жеке бөлімшелерден тұрғанын, 1945 жылы Қарулы Күштер қатарында 13 миллион 450 мыңдай адам болғанын дәлелдеп жазды. Соғыс жылдары 23 академия және жоғары офицер мектебінде 230 әскери училище, 200-ден астам әр түрлі курстарда офицер даярланды. Соғыстың соңғы сәтінде Кеңес Қарулы Күштерінің қатарында 12 Кеңес Одағының маршалы, дербес әскер түрлерінің 3 бас маршалы, 11 жеке әскер түрлерінің маршалы, 2 флот адмиралы, 5 597 генерал мен адмирал болғанын айғақтады. Жеңіс жолында жанқиярлық ерлік көрсеткен 7 150 офицер, генерал мен адмирал Кеңес Одағының батыры атағын алғанын айтып, Ұлы ерлік жолында күресушілерді статистикалық және деректік мәліметтермен растап берді. Ғалымның жеңістің 40 жылдығына арналып жарияланған «Қазақстан қаһарлы жылдарда» атты еңбегі Қазақстан еңбекшілерінің соғысқа берген қажырлы көмегі туралы баяндайды. Колхозшылар мен совхоз жұмысшыларының ерлікпен еңбек етіп, Ұлы Отан соғысының отқа оранған жылдарында Қазақстан Отанға 4 829 мың тонна картоп, 1193,1 мың тонна қант қызылшасы, 600 мың тонна ет, 960 мың тонна сүт т.б. ауыл шарушылығы өнімдерін өткізіп, көптеген адам мол табыстарға жеткенін жазды. Ет өндіру күрт өсті, тек Семейдің ет комбинаты соғыс жылдары 103 470 тонна ет, 21 130 тонна шұжық, 100 млн консерві, 18 344 тоннаға жуық концентраттар жасады. Балық консерві зауыттары Балқашта, Тасаралда, Павлодарда, Іледе, Аралда іске қосылды. Майданға ысталған, консервіленген балық өнімдерді көптеп жөнелтілді. Майданға және елге 9 млн пұттан астам құмшекер, 33 мың пұт рафинад – қант, 3,7 миллион май суы, 55 млн пұт қызылша жомы жөнелтілгенін тиянақты түрде көрсетіп берді. Бүгінде 90 жылдық торқалы тойы тойланып жатқан танымал тарихшы М.Қозыбаев Қазақстанның соғыс жылдары фашизмге қарсы күресіне арналған бірқатар еңбектер жариялады. Еңбектерінде жеңіске жету үшін қиян-кескі күрес нәтижелерінің көрінісін, адамзат өркениетінің өмірі мен өлімі туралы, табыс пен құрбандықтың көрінісін көрсетіп берді. Қазақстандық жауынгерлердің жанқиярлық ерлігі мен ерен еңбегінің жеңіске қосқан үлесін тиянақты талдап, тарих ғылымына мол мұра етіп қалдырды.
Болат САЙЛАН, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың профессоры. Ауған соғысының ардагері