“Есірткі пайдаланады”: Павлодарда 2 айлық баланың анасы ата-ана құқығынан айырылмақ
“Есірткі пайдаланады”: Павлодарда 2 айлық баланың анасы ата-ана құқығынан айырылмақ
© polisia.kz
Павлодарда 2 айлық баланың анасы ата-ана құқығынан айырылмақ, – деп хабарлайды Polisia.kz. 15 қарашада полицияға Короленко көшесіндегі 2-үйдің тұрғындары “жақында балалы болған әйел есірткі пайдаланады” деген шағым түсірген. Осы шақыру бойынша Павлодар қаласы Орталық полиция бөлімінің ювеналдық полиция қызметкерлері шыққан.
– Тексеру көрсеткендей, аталған мекенжайда 30 жастағы әйел әкесімен және әжесімен бірге тұрады. Әйелдің екі айлық баласы бар. Тексеру кезінде антисанитарлық пәтерде заттар шашылып жатқан, кішкентай баланың өмір сүруіне жағдай жоқ. Көршілердің айтуынша, 30 жастағы ана есірткі пайдаланады, баланы тәрбиелеумен айналыспайды. Нәрестенің үсті-басы кір, күтімсіз, аш болған. Сондықтан бала “Облыстық балалар үйі” ММ орналастырылды, қазір ол бақылауда, – деп хабарлады Павлодар облысы Полиция департаментінің баспасөз қызметі.
Сондай-ақ, 30 жастағы әйелге қатысты материал Кәмелетке толмағандардың істері және олардың құқықтарын қорғау жөніндегі комиссиясына жіберілді, онда оның ата-ана құқықтарын шектеу туралы мәселе қаралады.