Жастарды жұмыспен қамтамасыз ету мәселелері басты назарға алынуы қажет - Елнұр Бейсенбаев
Жастарды жұмыспен қамтамасыз ету мәселелері басты назарға алынуы қажет  - Елнұр Бейсенбаев
© Елнұр Бейсенбаевтың жеке архивінен
227
оқылды
Мәжіліс депутаты Елнұр Бейсенбаев Премьер-Министр Асқар Маминнің атына жастар арасындағы жұмыссыздық мәселесіне қатысты депутаттық сауал жолдады.
"Қазіргі уақытта 14 жастан 35 жасқа дейінгі жастар саны 5,9 млн адамды, яғни ел халқының үштен бір бөлігін құрайды.
Сондықтан жастарды мемлекеттік қолдау елеулі ресурстар мен ойластырылған жүйелі шараларды талап етеді. Оның ішінде жастарды жұмыспен қамтамасыз ету мәселелері басты назарға алынуы қажет.
Пандемияның салдарынан әлемде бұл санаттағы көрсеткіштердің саны едәуір артып келеді. Дәлел ретінде, Еуростаттың 2020 жылдың қорытындысы бойынша Еуро Одақ мүшелігіндегі елдерде бұл көрсеткіш 2%-ке өсіп, орташа көрсеткіш 17%-тен жоғары деңгейді көрсетіп отыр.
Ал біздің елімізде жағдай қалай, жалпы жұмыссыз, жұмыс істеуге ынтасы жоқ, сонымен бірге уақытша табыс көздеріне машықтанған жастардың санына үңілсек. Қазіргі таңдағы жұмыссыз жастардың саны 3,6%-ды құраса, NEET жастарының үлесі 6,7%-ды құрайды, ал өзін-өзі жұмыспен қамтыған халық арасындағы жастардың үлесі 25%-ды құрап отыр.
Аталған көрсеткіштер жастар арасындағы жұмыспен қамтылу процестерінің мүлдем басқа деңгейде екенін, яғни жастар арасындағы жұмыссыздық осы үш түрлі көрсеткішпен әдемі жасырылған.
Сондай-ақ, 2021 жылғы ақпарат бойынша NEET санатындағы жастардың үлесі өндірістік, туристік потенциалы бар өңірлерде, оның ішінде Қарағанды облысында – 9,1%, Ақмолада – 8,9%, Қызылордада – 8,1% құрады", – дейді ол.