Екі ел арасындағы әуе келісімі
Екі ел арасындағы әуе келісімі
204
оқылды
Мәжіліс Спикері Нұрлан Нығматулиннің төрағалығымен өткен жалпы отырыста депутаттар бірқатар халықаралық келісімді ратификациялайтын заң жобаларын мақұлдап, Сенатқа жолдады. Бұл құжаттардың қатарында Қазақстан мен АҚШ арасындағы Әуе қатынасы туралы келісім де бар. Келісімде екі елдің өзара «ашық аспан» қағидаттарын қолдануы көзделген. Оның аясында елдер әуе тасымалдау­шыларының, межелі пункттер мен рейс жиіліктердің санын шектемей, өзара ұшуларды орындай алады. Осы келісім Қазақ­станның халықаралық әуе жол­дарының географиясын кеңейтуге ықпал етеді. Сондай-ақ ол Қазақ­стан мен Америка арасындағы сауда-экономикалық, мәдени ынтымақтастықты нығайтуға мүмкіндік береді. Жиында Қазақстан мен Ресей арасындағы «Минералдық ты­ңайт­қыштар шығару зауытын салу және пайдалану» жобасын іске асыру туралы келісімді ратификациялау туралы» заң жобасы құпталды. Құжатқа 2020 жылғы 21 шілдеде Мәскеуде қол қойылған және ол қуаты 1 миллион тоннаға дейінгі минералдық тыңайт­қыш­тар мен индустриялдық өнімдер өндіретін жаңа зауыт салуға, кемінде 1 200 жаңа жұмыс орнын құруға бағытталған. Құжатта жергілікті шикізатты өндіруден бастап экспортқа бағдарланған өнімді шығаруға дейінгі толық өндірістік циклі бар өндірісті құру мақсатында осы жобаны іске асыру үшін жеңілдіктер, қолдау шаралары мен преференциялар қолдану көзделеді. Бұған қоса, «Кейбір заңнама­лық актілерге құқық қорғау органдары, прокуратура және сот арасында өкілеттіктердің және жауапкершілік аймақтарының аражігін ажырата отырып, үш буынды модельді енгізу мәселе­лері бойынша өзгерістер мен то­лықтырулар енгізу туралы» және «Жануарларға жауапкершілікпен қарау туралы» және оған ілеспе заң жобалары да ІІ оқылымда мақұлданды. Енді оларды Сенат талқылайды. Жалпы отырыста палата «Қоғамдық бақылау туралы» жаңа заң жобасын ілеспе түзетулерімен жұмысқа алды.

Елдос Сенбай