Баға, қайда барасың?
Баға, қайда барасың?
404
оқылды
Солтүстік Қазақстан облысында құс еті мен жұмыртқа бағасы аз ғана уақыттың ішінде аспандап шы­ға келді. Азық-түліктің барлығы қым­баттап жатқандықтан, халық бұған да үнсіз көнген еді. «Бақсам, бақа екен» демекші, сөйтсек елі­міз­дегі «Адем-Кус» және Атай СК» құс фаб­рикалары ымыраласып, ба­ға кө­терді деген күдікке ілігіп отыр. Бүгінде бірінші санатты тауық жұ­мырт­қасының 500 теңгеден арзаны жоқ. Екінші және үшінші санатты ұсақ жұмыртқаның өзі қымбат – 380-400 теңге. Кішігірім дү­кен­дерде жұмыртқаның ондығы 600 тең­геден де сатылады. «Биыл бірінші сыныпқа барған ұлым мектепте күніне бір-ақ рет тамақ­танатындықтан, үйден таңғы асын берген соң ғана шығамыз. Әділдің сүйікті тағамы – қуырылған жұ­мыртқа. Күнде та­ңертең осы та­ғам­ды сұрайды. Күні бойы аш жүр­месін деп сұрағанын береміз. Кеше үй­дің аула­сындағы азық-түлік дүкенінен жұ­мырт­қа­ның ондығын 600 теңгеден сатып ал­дым», – дейді Петропавл тұрғыны Әли Ахметов. Жалғыз ол емес, шамасы кел­ген со­лтүс­тікқазақстан­дық­тардың барлығы да бел­гіленген бағамен келісіп, керегін амалсыз­дан сатып алып жүр. «Құс тұмауының сал­да­рынан қаншама құс қырылып қал­ды. Тірі қалғандарының көзі құр­тылды. Жуыр­да көршілес Ле­бяжье ауылындағы тауықтар тағы қырылды. Ауыл маңындағы көлге ұшып келген жабайы құстардан тұмау жұқ­тырыпты. Ауылдағы аға­йынның қорасын­дағы құс саны едәуір азайды. Оның үстіне, биыл жемазық қымбат әрі қат. Жанар-жа­ғармай бағасы да аспандап кетті. Сондықтан жұмыртқа бағасы ша­рықтап шыға келе­ті­ніне іштей да­йын болғанбыз», – дейді Құ­ра­лай ауылының тұрғыны Бақыт Жомарт. Кім білсін, бәлкім осы жайт та әсер ет­кен болар. Бірақ Премьер-Министр Асқар Мамин Үкіметтің Цифрлық кеңсесінде орталық мем­лекеттік органдар басшыла­ры­ның және өңір әкімдерінің қа­ты­суы­мен әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының баға­ларын реттеу мәселелері бойынша өткізген кеңесте айтылғанындай, Ақмола, Павлодар, Солтүстік Қа­зақстан және Қарағанды облыс­тарында тауық жұмыртқасын өт­кізуді жүзеге асыратын 7 құс фаб­рикасының басшылары бәсеке­лестікке қарсы сөз байласқан деген күдік бар. Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі баға бо­йынша бәсекелестікке қарсы ымы­раласу белгілері бойынша құс фабрикаларына қатысты тергеуді бастап та кеткен көрінеді.

БІР ЖЫЛ ІШІНДЕ ЕКІ РЕТ ЫМЫРАЛАСУ

Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің Солтүстік Қа­зақстан облысы бойынша департа­ментінің басшысы Марлен Хамзин бұл ақпаратты растады. Оның ай­туынша, бұл деректі департамент қызметкерлері анықтапты. «Бағаның қымбаттауына са­раптама жүргізген кезде сөз бай­ласу белгілері бар екенін байқадық. Биыл наурыз айында Солтүстік Қазақстан облысының аумағында 2020 жылы және 2021 жылдың қаңтар-ақпан айларында бірінші санаттағы тауық жұмыртқасын өндірудің және көтерме сатудың нарығына талдау жүргізілді. Бұған бөлшек саудадағы әлеуметтік ма­ңызы бар тауар бағасының өсуі себеп болды. Жүргізілген талдау қо­рытындысы бойынша 4 құс фаб­рикасының іс-әрекетінде бәсе­ке­лестікті қорғау саласындағы заңна­маны бұзу белгілері анықталып, Кәсіпкерлік кодексінің 170-бабы бұзылғанына қатысты, атап айт­қан­да нарық субъектілерінің ба­ғаны белгілеу және ұстап тұру бөлігінде бә­секелестікті шектеуге бағытталған келі­сілген іс-әре­кеттеріне тыйым салатын ха­барла­малар шығарылды. Хабарламалар мерзімінде орындалды. Ал шілде айында бізге облыстық Кәсіпкер­лік және индус­трия­лық-инно­ва­циялық даму бас­қар­ма­сынан хат келіп түсті. Онда көтерме жет­кізу­шілер бағаны қымбаттатқанына бай­ланысты 1-санаттағы жұмырт­қаның бөл­шек саудадағы бағасы өскені көрсетілген. Инфляцияға қарсы ден қою шаралары жөніндегі Жол картасы аясында Бәсеке­лес­тікті қорғау және дамыту агент­ті­гінің тап­сырмасын, сондай-ақ басқарманың хатын орындау үшін, монополияға қарсы заңна­маны бұзушылықтардың алдын алу мақ­сатында департамент 2021 жылғы қаңтар-қыркүйек кезеңінде осы тауар нарығына қайтадан талдау жүргізді. Талдау барысында 2 құс фабрикасының әрекеттерінде бұрын жіберілген хабарламаларда көрсетілген заңбұзушылық бел­гілері бар екені тағы да анықтал­ды», – деді Марлен Викторович. Кәсіпкерлік кодексінің 199-ба­бына сәйкес, егер монополияға қарсы орган хабарлама шыға­рыл­ған сәттен бастап бір жыл ішінде сол нарық субъектісінің әрекет­те­рінде дәл сол бұзушылықтың бел­гілерін тапса, хабарлама жі­бермей-ақ тергеу жүр­гізу туралы шешім шығаруға құқылы екен. Сондықтан әрекеттерінде моно­полияға қарсы заңнаманы бұзу белгілері анық­талған құс фаб­ри­каларында осы дерекке қатысты тергеу бастау ту­ралы шешім қабыл­данды. Бұл жұмыс үш айға созылады. Үкіметтегі кеңесте айтылға­нын­дай, тауық жұмыртқасы, құс еті және қант нарығы субъекті­ле­ріне бағалық сөз байласу белгіле­рінің болуына және түрлі бағаны қолдануына қатысты 12 хабарлама жібе­рілген. Айта кетейік, осындай жағдай биыл­дыққа екінші рет тір­келіп отыр. Наурыз айында Шым­кент, Қостанай, Павлодар, Қа­ра­ған­ды, Ақмола, Ақтөбе, Жам­был және Атырау облыстарында ор­на­ласқан 13 жұ­мыртқа өндіруші баға туралы сөз байлас­қаны әшке­ре­ле­ніп, оларға бағаны арзандату ту­ралы ескерту жолданған болатын.

СЕБЕП ПЕН САЛДАР

Былтыр құс тұмауы Солтүстік Қазақстан облысының 12 ауданын­да тіркеліп, 1,5 миллиондай құс қырылып қалған. Жұмырт­қа және құс етін өндірушілердің шығынына тұмауға қарсы вакцина қосылды. Әрі құс фабрикаларына мемлекет тарапынан төленетін субсидия азайтылды: бұрын бір жұмыртқаға 2,5 теңгеден төленсе, қазір 1,5 теңге ғана. Келесі жылдан бастап бұл субсидия мүлдем тоқтатылмақ. «Атамекен» кәсіпкерлер пала­тасы бұған қарсы. Ұлттық кәсіп­керлер палатасы Сол­түстік Қазақ­стан облыстық филиалы ди­рек­торының орынбасары Марат Ыс­қақов нарықтағы күрделі жағдайды ескеріп, демеуқаржыны тоқтатпақ түгіл ұлғайту керек деп есептейді. «Құс фабрикаларына бөлінетін суб­сидия қазіргідей бір жарым емес, 3 теңгеден төленгені дұрыс. Демеуқаржы төлеу мақ­сатына біздің облыс үшін шамамен 2 мил­лиард теңге қажет. Біздің палата Ауыл шаруашылығы министрлігіне осындай ұсыныс жолдады. Себебі был­тырғы құс тұмауынан кейін тұралап қалған өндіріс орындарына қолдау қажет. Сонда ғана жұмыртқа өндірісін және экспортын жолға қоя аламыз», – деді «Атамекен» ұлт­тық кәсіпкерлер палатасы Сол­түстік Қазақстан облыстық фи­лиалы директорының орыба­сары Марат Ысқақов. Бұған қоса, жанар-жағармай мен мал азығының қымбаттауы өнім­нің өзіндік құнын өсіруге ық­пал етті. Арпаның тоннасы был­тыр 50 мың теңгеге бағаланса, биыл екі есеге қымбаттады: 100 мың теңге. Айта кетейік, жұмыртқаның өзін­дік құнының 65-70 пайызы жем­азық бағасына байла­нысты. Жал­пы, жұмыртқа өндірісі елімізде 25 пайызға азайған. Бұған дейін жұмыртқа бағасы 700 тең­геге дейін жетеді деген жорамал айтылған болатын. Тиісті шаралар қолданылмаса, баға аспандай берері анық. Айтпақшы, жуырда Ұлттық статистика бюросы Солтүстік Қа­зақстан облысындағы инфляция деңгейі туралы ақпарат жария­лаған еді. Бір қызығы, оған сенсек, жыл басынан бері өңірде жұмыртқа 5,6 пайызға, арпа 5,5 пайызға арзан­дады деп көрсетілген. Ал азық-түлік бағасы небәрі 8,1 пайызға ғана қымбаттапты.

Роза ШӘКЕН, Солтүстік Қазақстан облысы