Токио Олимпиадасында қола, Белградтағы әлем чемпионатында алтын медаль алған Қазақстан боксшысы Сәкен Бибосынов жақында шаңырақ көтеретінін айтты.
Олимпиада кезінде Үкімет тарапынан берілген қаржыны қайырымдылыққа жұмсаған Сәкен Белградта алған сыйақысын ата-анасына үлкен үй салып беруге және үйлену тойына жұмсайтынын жеткізді. Былғары қолғап шеберінің сөзінше, той Шымкент қаласында, желтоқсан айында өтеді деп жоспарланып отыр, – деп жазады Express Qazaqstan.
"Әке-шешеме, бауырларымның жағдайын жасауым керек. Егер артылып жатса, мұқтаж жандарға көмектесуге дайынмын. Алдағы жоспарымның бірі – үйленіп, отбасылы болу. Келесі айдың басында той болады бұйырса. Сол тойға дайындалуым керек. Шымкенттің қызы. Келесі жылы Азия ойындары, одан кейін 2023 жылы әлем біріншілігі. Соған дайындық жұмыстарын бастаймыз. Менің мақсатым – 2024-те Олимпиада чемпионы атанып, еліме алтын сыйлау", – дейді боксшы.