«ТАРИФТІҢ ЕМЕС, ТӨЛЕМ МӨЛШЕРІНІҢ АРТУЫ»
Солтүстік Қазақстан облыстық Энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Бақыт Ілиясовтың түсіндіруінше, бұл – тарифтің қымбаттауы емес. «Бұл халық жазып жатқандай, тарифтің екі есеге артуы емес, дұрысы - пайдаланған су үшін төлем мөлшерінің артуы. Бүгінде топтық су құбырларын алатын болсақ, қолданыстағы тариф 855 теңгені құрайды. Яғни, су елді мекенге жеткізілген кезде 855 теңге тұрады. Ал халық суды 40 теңгеден алады. Тарифтегі айырмашылықты мемлекет субсидиялайды. Сондықтан да бұл халықты есепке алу аспаптарын орнатуға және су ресурстарына ұқыпты қарауға ынталандыратын болады. Нормативтік-құқықтық акт ашық талқыға ұсынылды. Халық өз пікірін білдіріп, депутаттар шешім қабылдайды. Олар бағаны көтеруге келісуі де, келіспеуі де мүмкін», – деді Бақыт Ілиясов. Қарашаның 24-інде талқылау аяқталып, одан соң түпкілікті шешім қабылданады. Ашық нормативтік-құқықтық актілер порталында қаулы жобасын ашық талқылауға белсене араласқан тұрғындар барынша қарсылық білдіріп жатқанымен, құжаттың бәрібір қабылданатыны туралы жорамал жасап отыр. Көпшіліктің пікірінше, бұл өзгеріс су үнемдеуге емес, тұрғындар қарыздарының қордалануына әкеліп соғуы мүмкін. Қазірдің өзінде судың арзан екеніне қарамастан сумен қамтушы кәсіпорындар халықтан қарызын жинап ала алмай отыр. Мәселен, облыс орталығының бүйірінде орналасқан аудан орталығы Мамлютка қаласын сумен қамтып келген «Мамлютское 1» ЖШС электронды сауда алаңында тиын-тебенге сатылып кетті. Оған себеп – тұрғындардың миллиондаған берешегі. Соның салдарынан кәсіпорын салық және еңбекақы төлей алмай, қарызға белшесінен батты. Жыл басынан бері оның қарызы 29 миллион теңгеге жетті. Серіктестіктің өз ғимараты, техникасы, көлігі, су тарату желілері болғанына қарамастан Мамлют аудандық экономика және қаржы бөлімі оның құнын 1 теңге, ал старттық бағасын 100 теңгеге бағалап, саудаға шығарды. Ақырында кәсіпорын небәрі 200 мың теңгеге сатылып кеткен болатын.ҮНЕМ ТҮБІ – БЕРЕКЕ
Солтүстік Қазақстан облысында соңғы 15 жыл бойы ауыл тұрғындары үшін су тарифі өзгермепті. Жергілікті басшылықтың түсіндіруінше, бұл – халықты суды үнемдеуге ынталандыру үшін қажет шара. Бұл туралы ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев өз Жолдауында да: «Біріккен Ұлттар Ұйымы алдағы 10 жылдың ішінде жаһандық деңгейде су ресурсы тапшылығы болады деп болжап отыр. 2030жылға қарай су тапшылығының көлемі 40 пайызға жетуі мүмкін. Сондықтан біз жаңа технологиялар мен цифрландыру арқылы суды үнемдеуге көшуіміз керек. Су тапшылығын жоюдың басқа жолы жоқ», – деп айтқан болатын: Бүгінде еліміздің барлық өңірінде осындай үрдіс басталды. Бақыт Ілиясовтың айтуынша, Солтүстік Қазақстан облысында Қызылордадағыдай тәсіл қолданылып отыр. Оған сенсек, өзге өңірлерде, мәселен Батыс Қазақстанда су тарифін 10 есеге ұлғайту туралы мәселе қаралып жатқан көрінеді.СУҒА ЗӘРУ АУЫЛДАР БАР
Мемлекет субсидиясының үнемделген бөлігі өңір тұрғындарын сумен қамту саласын одан әрі дамытуға жұмсалмақ. Тұрғындарды сумен қамту жағынан Солтүстік Қазақстан және Қостанай об- лыстары көш соңында келеді. Ресми мәлімет бойынша, ауылды жерде тұратын солтүстікқазақстандықтардың 82 пайызы ғана таза орталықтандырылған ауызсумен қамтылған. Биыл бұл көрсеткішті 83,5 пайызға жеткізу көзделіп отыр. Соңғы бес жылда бұл салаға 19 миллиард, биылдың өзінде 11,4 миллиард теңге жұмсалыпты. Солтүстік Қазақстан облыстық Энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Бақыт Ілиясовтің айтуынша, 2020-2025 жылдарға арналған «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасы аясында 46 шақырымнан астам су тарату желісі мен 4 шақырым су бұру желісін қайта құру жоспарланып отырған көрінеді. Орталықтандырылған су құбыры тартылған 402 елді мекенде 248 мыңнан астам адам тұрып жатыр. Ал 51 мың адам немесе 233 ауыл (36,7 пайызы) тіршілік нәріне зәру. Соның ішінде 24 мың адам құдықтың суына не басқа ауылдан тасымалданатын суға тәуелді. Мәселен, Гончаровка ауылының тұрғындары ішіп отырған құдық суы еш сын көтермейді. Тұрғындар Соколов топтық су құбырының жөнделгенін күтіп отыр. Тиісті басқарма басшысы Бақыт Ілиясов бүгінде бұл мәселе өткір тұрғандықтан, тым болмаса кешен пайдалануға берілгенге дейін Гончаровканы су құбырына қосуды сұрап хат жолдағанын айтты. Тұрғындарды сумен қамтуға миллиардтаған қаржы жұмсалып жатқанымен, тіршілік нәріне зар болып отырған осындай ауылдар әлі де баршылық. Солтүстік Қазақстан облысында тұрғындарды сумен қамтитын 22 кәсіпорын жұмыс істейді. Соның ішіндегі ең ірісі – «Есіл су» РМК. Өңірдегі топтық су құбырларының ұзындығы – 3 мың шақырым. Бұл – елдегі ең үлкен көрсеткіш. Сондықтан тозу көрсеткіші де жоғары.Роза ШӘКЕН, Солтүстік Қазақстан облысы