Су есептегіш есебінен жаңылды ма?
Су есептегіш есебінен жаңылды ма?
235
оқылды
Солтүстік Қазақстан облысының тұрғындары жаңа жылдан бастап су үшін қазіргіден екі есе артық ақша төлеуі мүмкін. Су есептегіш құралы бар тұрғындар тіршілік нәрінің бір текше метрі үшін қазіргі 30 теңгенің орнына 60 теңге, есептегіш құралы жоқтар 40 теңгенің орнына 80 теңге­ден шығындалуына тура келеді. Осы туралы нормативтік-құ­қық­тық акт көпшіліктің талқылауына ұсынылды. Түпкілікті шешімді облыстық мә­слихаттың депутаттары қабыл­дай­ды. «Солтүстік Қазақстан облысы бойынша ауызсумен жабдықтаудың баламасыз көздері саналатын аса маңызды топтық және оқшау сумен жабдықтау жүйелерінен халыққа берілген ауызсудың бір текше метрі үшін төлемақы мөлшерін бекіту туралы» деп аталатын шұбалаңқы атауға ие құжат қарашаның 24-іне дейін жұртшылық­тың талқылауына ұсынылды. Оған сәйкес, өңірдегі 267 елді мекеннің тұрғындары үшін су бағасы екі есе қымбаттайды. Яғни, тәулігіне 140 литрге дейін су жұмсаған тұр­ғындар жаңа жылдан бастап 1 текше метрі үшін 60 не 80 теңге төлейді деп көр­сетілген. Бұл айырмашылық есептегіш құ­ралдың бар-жоғына байланысты. Айта кетейік, бұған дейін солтүстік­қазақстан­дықтар 30 және 40 теңге төлеп келген болатын. Бұл өзгеріс 225 мыңнан астам адамды қамтымақ. Олар бұл өзгерісті құптап отырмағаны түсінікті. «Суды қымбаттатуға үзілді-кесілді қарсымын. Баға не үшін көтерілмек? Судың сапасы өте нашар. Кейде сап-сары су ағады. Құбырлар ескі. Неліктен тариф бірден екі еселеніп отыр? Тұрғындардың табысы көтерілген жоқ. Бұл дегеніңіз – халықты тонау», – дейді солтүстік­қазақ­стандық Жағыпар Жапаров.

«ТАРИФТІҢ ЕМЕС, ТӨЛЕМ МӨЛШЕРІНІҢ АРТУЫ»

Солтүстік Қазақстан облыстық Энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Бақыт Ілиясовтың түсіндіруінше, бұл – тарифтің қымбаттауы емес. «Бұл халық жазып жатқандай, тарифтің екі есеге артуы емес, дұрысы - пайдаланған су үшін төлем мөлшерінің артуы. Бүгінде топтық су құбырларын алатын болсақ, қолданыстағы тариф 855 теңгені құрайды. Яғни, су елді мекенге жеткізілген кезде 855 теңге тұрады. Ал халық суды 40 теңгеден алады. Тарифтегі айырмашылықты мемлекет субсидиялайды. Сондықтан да бұл халықты есепке алу аспаптарын орнатуға және су ресурстарына ұқыпты қарауға ынталандыратын болады. Нормативтік-құқықтық акт ашық талқыға ұсынылды. Халық өз пікірін білдіріп, депутаттар шешім қабылдайды. Олар бағаны көтеруге келісуі де, келіспеуі де мүмкін», – деді Ба­қыт Ілиясов. Қарашаның 24-інде талқылау аяқ­талып, одан соң түпкілікті шешім қабыл­данады. Ашық нормативтік-құқықтық актілер порталында қаулы жобасын ашық талқылауға белсене араласқан тұрғындар барынша қарсылық білдіріп жатқанымен, құжаттың бәрібір қабылданатыны туралы жорамал жасап отыр. Көпшіліктің пікірінше, бұл өзгеріс су үнемдеуге емес, тұрғын­дар қарыздарының қордалануына әкеліп соғуы мүмкін. Қазірдің өзінде судың арзан екеніне қарамастан сумен қамтушы кә­сіпорындар халықтан қарызын жинап ала алмай отыр. Мәселен, облыс орталы­ғының бүйірінде орналасқан аудан ор­талығы Мамлютка қаласын сумен қамтып келген «Мамлютское 1» ЖШС электронды сауда алаңында тиын-тебенге сатылып кетті. Оған себеп – тұрғындардың мил­лиондаған берешегі. Соның салдарынан кәсіпорын салық және еңбекақы төлей алмай, қарызға белшесінен батты. Жыл басынан бері оның қарызы 29 миллион теңгеге жетті. Серік­тес­тіктің өз ғимараты, техникасы, көлігі, су тарату желілері болғанына қарамастан Мамлют аудандық экономика және қаржы бөлімі оның құнын 1 теңге, ал старттық бағасын 100 теңгеге ба­ғалап, саудаға шығарды. Ақырында кәсіпорын небәрі 200 мың теңгеге сатылып кеткен болатын.

ҮНЕМ ТҮБІ – БЕРЕКЕ

Солтүстік Қазақстан облысында соңғы 15 жыл бойы ауыл тұрғындары үшін су тарифі өзгермепті. Жергілікті басшы­лықтың түсіндіруінше, бұл – халықты суды үнемдеуге ынталандыру үшін қажет шара. Бұл туралы ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев өз Жолдауында да: «Біріккен Ұлттар Ұйымы алдағы 10 жылдың ішінде жаһандық деңгейде су ресурсы тапшылығы болады деп болжап отыр. 2030жылға қарай су тапшылығының көлемі 40 пайызға жетуі мүмкін. Сондықтан біз жаңа технологиялар мен цифрландыру арқылы суды үнемдеуге көшуіміз керек. Су тапшылығын жоюдың басқа жолы жоқ», – деп айтқан болатын: Бүгінде еліміздің барлық өңірінде осындай үрдіс басталды. Бақыт Ілиясовтың айтуынша, Солтүстік Қазақстан облысында Қызылордадағыдай тәсіл қолданылып отыр. Оған сенсек, өзге өңірлерде, мәселен Батыс Қазақстанда су тарифін 10 есеге ұлғайту туралы мәселе қаралып жатқан көрінеді.

СУҒА ЗӘРУ АУЫЛДАР БАР

Мемлекет субсидиясының үнемделген бөлігі өңір тұрғындарын сумен қамту саласын одан әрі дамытуға жұмсалмақ. Тұрғындарды сумен қамту жағынан Солтүстік Қазақстан және Қостанай об- лыстары көш соңында келеді. Ресми мәлімет бойынша, ауылды жерде тұратын солтүстікқазақстандықтардың 82 пайызы ғана таза орталықтандырылған ауызсумен қамтылған. Биыл бұл көрсеткішті 83,5 пайызға жеткізу көзделіп отыр. Соңғы бес жылда бұл салаға 19 миллиард, биылдың өзінде 11,4 миллиард теңге жұмсалыпты. Солтүстік Қазақстан облыстық Энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруа­шылық басқармасының басшысы Бақыт Ілиясовтің айтуынша, 2020-2025 жылдарға арналған «Нұрлы жер» мемлекеттік бағ­дарламасы аясында 46 шақырымнан астам су тарату желісі мен 4 шақырым су бұру желісін қайта құру жоспарланып отырған көрінеді. Орталықтандырылған су құбыры тар­тылған 402 елді мекенде 248 мыңнан астам адам тұрып жатыр. Ал 51 мың адам немесе 233 ауыл (36,7 пайызы) тіршілік нәріне зәру. Соның ішінде 24 мың адам құдықтың суына не басқа ауылдан тасымалданатын суға тәуелді. Мәселен, Гончаровка ауы­лының тұрғындары ішіп отырған құдық суы еш сын көтермейді. Тұрғындар Соколов топтық су құбырының жөнделгенін күтіп отыр. Тиісті басқарма басшысы Ба­қыт Ілиясов бүгінде бұл мәселе өткір тұр­ғандықтан, тым болмаса кешен пайда­лануға берілгенге дейін Гончаровканы су құбырына қосуды сұрап хат жолдағанын айтты. Тұрғындарды сумен қамтуға мил­лиардтаған қаржы жұмсалып жатқанымен, тіршілік нәріне зар болып отырған осындай ауылдар әлі де баршылық. Солтүстік Қазақстан облысында тұр­ғын­дарды сумен қамтитын 22 кәсіпорын жұмыс істейді. Соның ішіндегі ең ірісі – «Есіл су» РМК. Өңірдегі топтық су құбыр­ларының ұзындығы – 3 мың шақырым. Бұл – елдегі ең үлкен көрсеткіш. Сондық­тан тозу көрсеткіші де жоғары.

Роза ШӘКЕН, Солтүстік Қазақстан облысы