Сыр халқының 65%-ы табиғи газбен қамтамасыз етілген
Сыр халқының 65%-ы табиғи газбен қамтамасыз етілген
123
оқылды
Президент жанындағы Орталық коммуникациялар қыз­метінің баспасөз конференциясында Қызылорда облы­сының әкімі Гүлшара Әбдіқалықова Мемлекет басшысының Жолдауы аясында аймақтың дамуы туралы мәлімдеді. Аймақ басшысы тәуелсіздік жылдары және Жолдау аясында атқарылған жұмыстарға тоқталып, негізгі тірек салалардағы даму көрсеткіштерді баяндады. – Елбасы Нұрсұлтан Назар­баев­тың стратегиялық бағыттағы тапсырмаларына сәйкес тәуел­сіз­дік жылдары өңір экономикасына 4 трлн теңгеден астам инвестиция тартылды. Жалпы, өңірлік өнім­дегі өнеркәсіп өндірісінің үлесі 1991 жылғы 11 пайыздан 30%-ға де­йін, ал ауыл шаруашылығының үлесі соңғы 10 жылда 3,9%-дан 6,3%-ға дейін артты. Күріштің өнімділігі мен жалпы алынған өнімі бүгінде 1991 жылғы көрсет­кіштерден 1,5 есеге өсті. Өңіріміз жұмыс істеп тұрған шағын және орта бизнес субъектілері санының өсу қарқыны бойынша елдегі үз­діктердің қатарында. Атап айт­қан­да, осы жылдың 9 айында өнер­кә­сіп өнімі өндірісі 0,5%, оның ішін­де өңдеу саласы 12,6%, ауыл ша­руашылығы өнімдерінің өнді­рісі 2,3%-ға өсті. Жұмыс істеп тұрған шағын және орта бизнес субъек­тілері саны 6,6%, құрылыс жұ­мыс­тары 2,4%-ға өсіп, пай­да­лануға берілген тұрғын үйлер кө­лемі 3,5%-ға артты, – деді Гүлшара Әбдіқалықова. Өңір басшысының айтуынша, биыл 2 408 пәтерлік 110 тұрғын үйдің құрылысы жүріп жатқан көрінеді. Оның ішінде Байқоңыр қаласында 250 пәтерлік 5 тұрғын үй бар. Жыл аяғына дейін 1 608 пәтерлік 94 тұрғын үй пайдалануға берілмек екен. Аймақ экономикасына, оның ішінде өңдеу өнеркәсібіне тар­тылған инвестиция көлемі 2,6 есе артқан. Баспасөз конференциясында облыс әкімі өнеркәсіп саласында атқарылған жұмыстарға тоқталды. Индустрияландыру бағдарла­ма­сының үшінші бесжылдығы ая­сын­да биыл құны 45 млрд теңгені құрайтын, қолданысқа түскенде 500-ге жуық жұмыс орны ашыла­тын 4 жобаны іске қосу жоспар­ланыпты. Олардың қатарында Қы­зылорда қаласындағы шу бол­ған шыны зауыты да бар. Сонымен қатар Жаңақорған ауданы «Шалқия» кен орнында тау-кен байыту комбинатының және Арал ауданында кальций­ленген сода зауытының құрылысы басталмақ. Шиелі ауданында «Ба­ла­сауысқандық» ванадий кен ор­нында осы жылдың желтоқсан айынан бастап ферромолибден өнімі өндірілмек. Мұнымен қоса, Қызылорда облысының 2023 жылға дейінгі экономикалық даму картасы аясында қой, сиыр және жылқы етінен жасалған консер­вілер, күріш, қарақұмық ботқасы, жантақ балы, қауыннан жасалған чипсы және тағы басқа азық-түлік өнімдері өндіру қолға алыныпты. Әкімнің сөзінше, өңірде ішкі нарықты өз өнімдерімен толық­тыру мақсатында 2% несиелеу бағдарламасы іске қосылған. Ол мақсатқа облыстық бюджеттен 400 млн теңге бөлінген. Спикер су деңгейінің тарты­луына байланысты суды үнемдеп, тиімді пайдаланудың жолдарын атап өтті. – Мемлекет басшысының Жолдауына сәйкес, жалпы көлемі 775 млн текше метр құрайтын Қа­раөзек су қоймасын салу баста­ла­ды. Біздің мақсат суармалы сумен байланысты проблемаларды ес­кере отырып, ауыл шаруашылығы өндірісін, әсіресе егіншілікті әр­тараптандыруды және су ресурс­тарын тиімді пайдалану, – деді Гүлшара Әбдіқалықова. Сондай-ақ аталмыш Жолдауға сәйкес, 2025 жылға дейін респуб­лика бойынша қайта жаңғырты­латын 120 каналдың 21-ін Қызыл­орда облысы аумағында жүзеге асыру көзделген. Биыл құрғақшылық салдары­н­ан Арал ауданында мал жап­пай қырылды. Суармалы судың же­тіспеуіне байланысты төтенше жағдай жарияланып, жедел шара­лар нәтижесінде жағдай тұрақтал­ды. Малшыларға көмек ретінде жемшөппен қамтамасыз етуге, сондай-ақ суат мәселесін шешуге, жайылымдарды, шабындықтарды суару және көл жүйелерін сулан­дыру мәселелерін шешуге 600 млн теңге бөлінген. Төтенше жағдайға байланысты меценат Болат Өтемұратовтың қо­рынан 280 млн теңге қаржы бөлі­ніп, аталған қаржыға Қостанай және Ақтөбе облыстарынан қа­жет­ті жем қоры тасымалданды. Соны­мен қатар Ақтөбе облысының Ырғыз ауданынан 15 мың гектар жайылымдық жерлерін 5 жылға жалға алу жөнінде келісім жаса­лып, биылғы жылдың 30 қыркүйе­гінде Арал ауданы мен Ырғыз ау­даны әкімдіктері екіжақты мемо­рандумға қол қойды. Аймақта биыл күріш егісі 89 мың гектардан 83 мың гектарға де­йін қысқартылған. Су тапшылы­ғына қарамастан өткен жылғы деңгейде 500 мың тонна өнім алы­нып, орташа өнімділік 59,8 ц/га құрапты. Баспасөз конференциясында әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасын тұрақтан­дыру мақсатында тұрақтандыру қорының жұмысы баяндалды. Жыл басынан бері облыстық бюджеттен 3 124 тонна өнім сатып алуға 900 млн теңге бөлінген. Сондай-ақ айналым схемасы бо­йынша қарыз қаражаты берілген. «Бүгінде әлеуметтік маңызы бар тауарларға баға индексі орташа республикалық деңгейден аспай­ды», – дейді әкім. Жыл бойы тұ­рақты түрде 36 ауыл шаруашылығы жәрмеңкесі өткізіліпті. Қазір өңірде жұмыссыздық деңгейі 4,9%-ды құраған. Облыс әкімі жыл басынан бері 27 мыңнан астам жаңа жұмыс орны құрылып, оның 14 мың 114 тұрақты жұмыс­пен қамтылғанын тілге тиек етті. Жұмыспен қамту орталықтары арқылы 849 мүмкіндігі шектеулі адам жұмыспен қамтылған. Гүлшара Әбдіқалықова өңір­дегі коронавирус инфекциясын тежеу бағытындағы тұрғындарға вакцина салу жұмыстарының қар­қынын тізбектеді. – Бүгінде вакциналауға жа­татын облыс тұрғындарының 86,2%-ы вакцинаның бірінші компонен­тін алса, 72,5%-ы екінші компо­нен­тін алды. Жыл басынан бері вакцина салатын кабинеттер саны 34-тен 106-ға дейін артты. Pfizer вакцинасын салуды 15 қарашадан бастадық. Бүгінде 23 400 дозасы өңірге жеткізілді. Та­лаптарға сәй­кес, 2 мұздатқыш ка­мера сатып алын­ды, жақын арада тағы 10 ка­мера мен 20 термо­кон­тей­нер жет­кізілетін болады. Бар­лығы 97 мың доза жеткізу көзделіп отыр. Дәрі-дәрмекке қатысты мә­­селе жоқ, – деді Г.Әбдіқалықова. Қызылорда облысының әкімі Гүлшара Әбдіқалықова өңірдегі әлеуметтік мәселелерге де тоқтал­ды. Әкімнің дерегінше, бүгінде об­лыс халқының 97%-ы орталық­тандырылған сумен, 65%-ы табиғи газбен қамтамасыз етілген. Ай­мақ­тағы жақсы жағдайдағы жолдардың үлесі жыл аяғына 75%-ға дейін жет­кізіліпті. Тұрғын үй-комму­нал­д­ық шаруашылығы саласында «Халық қатысатын бюджет» жо­басы қарқын алып жатыр дейді. Әкім апатты мектептерді жою мен жаңа нысандарды салу ба­ғытындағы жұмыстарға тоқталды. Елбасының тапсырмасына сәйкес, биыл Қызылордада колледж студенттері үшін 475 орындық 3 жатақхана ашылған. Сонымен қатар 1 қыркүйекке 748 орындық 3 мектеп пайдалануға берілді, оның ішінде 2 жекеменшік мектеп бар. Жыл соңына дейін 900 орын­дық тағы 2 мектеп тапсырылады екен. Оның біреуі апаттық мек­тептің орнына берілмек. Мемле­кеттік жекеменшік әріптестік ая­сында бұқаралық спортты дамыту мақсатында 7 спорт кешені пайда­лануға берілген, 6 спорт кешенінің құрылысы жалғасып жатқанға ұқсайды. Мемлекет басшысының тап­сыр­масына сәйкес, облыста 2 мың 156 баланы қамтитын мемлекеттік спорттық тапсырысты қаржы­ландыруды 2021 жылғы 212 млн теңгеден келесі жылы 4 312 бала­лар үшін 638 млн теңгеге ұлғайту жоспарланған. Сонымен қатар мемлекеттік шығармашылық тапсырыс шең­берінде 1 522 баланы қамтитын үйір­мелерге биыл облыстық бюд­жеттен 100,1 млн теңге қаржы бө­лінсе, келесі жылы 2 150 бала үшін бұл қаржы 301 млн теңгеге ұлғайтылыпты. Сыр өңірінде ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығы аясында «Тұғыры биік Тәуелсіздік» атты респуб­ли­калық ақындар айтысы, Сыр сүлейі Кете Жүсіп Ешниязұлының 150 жыл­дығына арналған «Жыр­лансын, Тәуелсіздік жыр бұлағы» атты жыр­шы-жыраулар байқауы өткізілген. «Рухани жаңғыру» бағдар­ламасы шеңберінде Сыр өңірі фоль­клоры антологиясының І то­мы «Жан­қожа батыр» жарыққа шықты. Сондай-ақ биыл атақты күріш­ші, «дала академигі» Ыбырай Жа­қаевтың 130 жылдығы аталып өті­ліп, Жалаңтөс Баһадүрдің 445 жыл­дығы аясында Қазалы ауда­нында ескерткіш орнатылған. Баспасөз конференциясы со­ңында Гүлшара Әбдіқалықова жур­налистердің сұрақтарына жауап берді.

Ерқанат СӘРСЕНБАЙҰЛЫ, Қызылорда облысы