"Комсомольская правда-Қазақстан" газетінің бас редакторы Виктор Кияница 57 жасында қайтыс болды. Алматы қаласының Қоғамдық денсаулық басқармасы ақпаратты растады, – деп хабарлайды Almaty.tv телеарнасы.
Виктор Кияница – "Алтын жұлдыз" конкурсының лауреаты, Мемлекет басшысының қызметін жан-жақты түсіндіргені және жария еткені үшін Қазақстан Республикасы Президентінің бұқаралық ақпарат құралдары саласындағы сыйлығының иегері (2019), Қазақстан Республикасы Журналистика академиясының академигі.
Виктор Витальевич Кияница 1964 жылы 4 шілдеде Алматыда дүниеге келген. М.Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетін "Журналистика" мамандығы бойынша тәмамдаған. Өзінің журналистік қызметін "Комсомольская правда" газетінің тілшісі болып бастаған. 90-жылдардың басында Қазақстан және Орта Азия бойынша "Московские новости" газетінің, кейін Қазақстандағы "Огонек" журналының тілшісі болды. 1997-1998 жылдары Gala-TV телекомпаниясының шеф-редакторы қызметін атқарды, 1998 жылы "Хабар" агенттігінің "Жеті күн" бағдарламасының жетекшісі болды.1998-1999 жылдары Кияница Премьер-министрдің баспасөз қызметін, содан кейін Нұрсұлтан Назарбаев Білім беру қорының қоғамдық байланыстар орталығының баспасөз қызметін басқарды (2000-2001).
"Мұнай және газ көлігі" ЖАҚ қоғаммен байланыс департаментін басқарды (2001-2002).
2002-2003 жылдары Қазақстандағы "Комсомольская правда" ЖШС бас директоры болды. Содан кейін "ҚазМұнайГаз" ұлттық компаниясының баспасөз қызметінде біраз үзіліспен жұмыс істеді.
2005 жылы "Страна и мир" газетінің бас редакторы болды (2005). Қазақстан Республикасының Ресей Федерациясындағы елшілігінің кеңесшісі болды.
Ол соңғы жылдары"Комсомольская правда-Қазақстан" газетінің бас редакторы болған еді.