Түркияның экс-президенті алматылық студенттермен кездесті
Түркияның экс-президенті алматылық студенттермен кездесті
284
оқылды

Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетіне Түркияның экс-президенті Абдулла Гүл университеттің оқытушы-профессорлар және студенттерімен кездесу өткізді.

Белгілі саясаткермен кездесуге аталған оқу орнының ректоры Жансейіт Түймебаев, ақын, қоғам қайраткері Олжас Сүлейменов, жазушы Смағұл Елубай, Марат Тоқашбаев, Қали Сәрсенбай, Сәбит Шілдебай сынды зиялы қауым өкілдері, дипломаттар мен БАҚ өкілдері қатысты. Шара басында сөз сөйлеген Жансейіт Түймебаев құрметті мейманға университетке келгені үшін алғысын айтып, Қазақстан мен Түркия арасындағы көпжылдық жемісті ынтымақтастықтың маңыздылығын атап өтті.  width=
«Қазақстан мен Түркия – бауырлас мемлекет. Екі елдің қарым-қатынасы Тәуелсіздікке дейін басталған. Қазақстан егемендігін алғанда алғаш құттықтап, достық ниетін жеткізген Түркия мемлекеті болатын. 1992 жылы Қазақстан мен Түркия мемлекеттері ресми түрде дипломатиялық қарым-қатынас орнатты. Сондықтан біз үшін Тәуелсіздіктің 30 жылдығына орай және алдағы екі ел ынтымақтастығының 30 жылдығы аясында Түркия Республикасының 11-ші Президенті Абдулла Гүл мырзаның университетімізге келгені айрықша мәртебе», – деді университет басшысы.
Өз кезегінде Түркияның экс-президенті Абдулла Гүл Қазақстан Тәуелсіздігінің 30 жылдығымен құттықтап, ыстық лебізін білдірді. Сондай-ақ, құрметті мейман Қазақстанды дамытудағы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың елеулі рөлін айрықша атап өтті.  width=
«Осындай кездесуді ұйымдастырып, жылы қабылдағандарыңыз үшін ұйымдастырушыларға алғысымды білдіремін. Қазақстан біздің Атажұртымыз. Баршаңызды Тәуелсіздіктің 30 жылдығымен құттықтаймын. Бүгінде елдеріңіз әлемдік қоғамдастықта лайықты орын алып отыр. Бұл Нұрсұлтан Әбішұлының үлкен еңбегі. Ол халық пен елдің игілігі үшін көптеген шараларды ұйымдастырып, Қазақстанды жаңа деңгейге көтерді. Бүгінде Ұлт Көшбасшысының сара жолын Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев абыроймен жалғастырып келеді», – деді Абдулла Гүл.
Артынан құрметті мейман жиналғандарға дәріс оқыды. Сонымен қатар, өзінің саяси саладағы көп жылдық тәжірибесімен бөлісіп, қатысушылардың сұрақтарына жауап берді. Шара соңында Абдулла Гүлге Қазақ Ұлттық университетінің «Құрметті профессоры» атағы беріліп, Әл-Фараби Алтын медалімен марапатталды.  width= Еске сала кетейік, Абдулла Гүл 2002-2003 жылдар аралығында Түркияның премьер-министрі, Ал, 2007-2014 жылдар аралығында Түркияның президенті болды.