Грузияның қамауға алынған экс-президенті Михаил Саакашвили 50 күнге созылған аштық акциясын тоқтатты.
«РИА Новости» ақпарат агенттігінің жазуынша, бұл туралы Медициналық кеңес мүшесі Нино Шарашенидзе мәлімдеген. Ол Саакашвилидің тамақты тағайындалған режим бойынша ішіп жатқанын, денсаулығының тұрақты екенін айтты.«Науқасқа барлық тиісті емдеу шаралары жүргізіледі. Қажетті емдеу тактикасын әзірледік. Бұл процеске тек кеңес мүшелері емес, республикалық аурухана дәрігерлері мен гастроэнтерологтар да қатысты. Науқастың денсаулық жағдайы тұрақты», - деді дәрігер журналистерге берген сұхбатында.Дәрігердің айтуынша, Саакашвили басының ауыратынын айтып шағымданған. Мамандар оны мұқият бақылап отыр. Бұған дейін саясаткердің қан құсып, әлсіздігінен түрмеде төсегінен тұра алмай жатқаны хабарланған болатын. Бір айдан астам аштық жариялаған бұрынғы президент түрмеде есінен танып қалды деген де ақпарат тараған. Естеріңізге сала кетейік, Саакашвили Грузияда 1 қазанда ұсталған болатын. Оған грузиялық банкир Сандро Гиргвлианиді өлтірді және депутат Валерий Гелашвилиді ұрып-соқты деген айып тағылып, сырттай сотталған болатын. Саакашвили тағылған екі айып бойынша алты және үш жылға бас бостандығынан айырылды. Қамауға алынған соң саясаткер аштық жариялады. Алайда Грузия билігі оны босатудан бас тартып отыр. Жақында елдің Премьер-министрі Ираклий Гарибашвили Саакашвилидің ұзақ уақыт түрмеде қалатынын, ол сот тағайындаған бүкіл мерзімін өтейтінін айтты.