2008 жыл: жаһандық дағдарыстың жаңғырығы
2008 жыл: жаһандық дағдарыстың жаңғырығы

Қазақстан әлемдік қауымдастыққа кіріге түсіп, жаһандық экономикаға ықпалдастық танытқаны – Тәуелсіздіктің арқасы. 2008 жыл осы интеграциялық сабақтастық әбден пісіп-жетілген кезең еді. Сол себепті де ең бірінші кезекте бұл жыл Қазақстан үшін жаһандық қаржы дағдарысымен есте қалды. Әрине, бұл то­қыраудың толқынын бүкіл әлем сезінген болатын. Әйтсе де, одан да өзге маңызды оқиғалардан еліміз кенже қалған жоқ.

Қажырды бір уысқа жинаған жыл

Осы жылы қатты сезілген жа­һан­дық қаржы дағдарысы 2007 жы­лы мұхиттың арғы бетіндегі алып экономика АҚШ-тан бастал­ғаны баршаға аян. Ол 2008 жылы әлемдік мәселеге айналып кетті. Қаржылық-кредиттік құлдырау­дың арты азық-түлік тапшылығына ұласты. Мұнай бағасы бірде түсіп, бірде өсіп, ойнақшып тұрды. Осы­лайша, дағдарыс толқыны әлем елдерін бір сілкіп алған. Бұл бір жағы әр экономиканың қанша бе­рік екенін тексеріп көрудегі сын болды. Олардың ішінде тәуелсіздік алғанына 17 жыл ғана толған жас ел – Қазақстан да бар еді. Тарихи тоқырау біздің мемлекетті де бір ширатып алды. Елбасының тапсырмасы бо­йынша дағдарысқа қарсы кешенді шаралар жоспары қарастырылған «Жол картасы» бағдарламасы қабылданды. Онда ең бірінші ке­зекте жұмыссыздық пен қымбат­шылыққа тосқауыл қою міндеті көзделді. Әсіресе, жұмыссыздық деңгейін арттырмау Үкіметтің күн тәртібінен түскен жоқ. Өйткені Америка мен Еуропа елдерінде бұл мәселе күрт белең алып кеткен болатын. Биліктің бір қадамы уақытша жұмыс орындарын ашу арқылы жұмыссыздар санын кеміту, осы аралықта индустриялық жобаларды енгізу арқылы жаңа жұмыс орындарын шапшаңдатып ашу болды. Сонымен бірге, қаржылық сая­сатты әлсіретіп алмау үшін екінші деңгейлі банктерге көмек жасалды. Президент шұғыл шешім қабыл­дап, осы уақытқа дейін жеке-дара қызмет істеп келген мемлекеттік «Қазына» тұрақты даму қоры мен «Самұрық» мемлекеттік активтерді басқару холдингін бір уысқа жинап, «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қорын құрды. Бұл маңызы зор шешім болды. Жаңа бірлескен ұйым қысқа мерзім ішінде әлсіреп қалған екінші деңгейдегі банк­тердің басқару пакеті акцияларын иемденіп, сыртқы қарыздарды қай­та құрылымдаумен, ішкі «қай­та­рылмайтын несие» атты ауыр жүкті өз мойнына алумен тікелей айна­лысып, нәтижесінде жеке­мен­шік қаржы жүйесіне айтар­лықтай демеу жасай алды. Кейін­нен «Самұрық-Қазынаның» банк­терді қолдауы арқылы дағдарыс бастауында қаң­тарылған құры­лыстарға жан бітті. Осы 2008 жыл­ғы дағдарысқа күрес­ке 10 миллиард АҚШ доллары кө­лемінде қаржы бөлінді. Олар – банк секторын тұрақтандыру, құрылыс және үлес­керлер мәселесі, шағын және орта бизнес, ауыл шаруа­шы­лығы, ин­дустриялық бағдарлама. Соның ішінде, мәселен ауыл ша­руашы­лығына 360 миллиард теңге, ин­дус­трия саласына 1 миллиард доллар жұмсалды. Бұл салалар осыншама ақшаны ешқашан алып көрген емес еді. Осылайша, бес бағытты қамтыған дағдарысқа қар­сы шаралар бағдарламасы эконо­миканың нақты секторына тікелей көмек көрсетуді көздеді. Бұл әлем­дік дағдарыстың салқы­нына төтеп беруге бірден-бір төте жол болды. Одан кейінгі қадам дағдарысты ахуалдан жаңа мүмкіндіктер іздеу тұрғысында болды. Қазақстан әлем­ді шайқаған аласапыран сал­дарымен күресіп қана қоймай, оған қарсы иммунитеті барын да көрсетті. Жас мемлекет өзінің даму жолында экономикалық құбы­лыс­тан жаңғырып шығуға бел байлады. Соның аясында, «Жол картасында» жинақталған тәжірибелер уақытша сипаттан ұзақмерзімді приоритетке айналды. Осы реттен алғанда 2008 жыл Қазақстан үшін сәтті болды деп айтуға болады. Қаржы жүйесі тұрақталды. Дағдарысқа қара­мас­тан елімізге инвестицияның бұ­рын-соңды болмаған көлемі құ­йыла бастады. Осы жылы банк­тер­дің сыртқы активтері 1,6 млрд дол­лардан асып, сыртқы қарыз­дары 6,9 млрд долларға қысқарды. Елдің ішкі жалпы өнімінің көлемі шамамен 135 миллиард АҚШ дол­ларына жетті. Бұл әр адамға, жан басына шаққанда 8 мың 450 дол­лардан келеді деген сөз. Бұл бұрын қол жетпеген елеулі меже еді. Ин­фля­ция деңгейі 10 пайыздан төмен болды. Ал жұмыссыздық 7,6%-дан 6,5%-ға азайды. Түйіндей айтқан­да, жаһандық дағдарыстың жаң­ғырығы жеткен кездегі Қазақ­стан­ның антикризистік саясаты ТМД елдерінің ішінде ең тиімді болып саналғанын әлем елдері де мо­йындайды.

Жаңа мереке – «Астана күні»

Заңнамаға енгізілген өзгерістер мен толықтыруларға сәйкес осы жылы ел тарихында жаңа мереке – «6 шілде – Астана күні» пайда болды. Бұл күннің таңдалып алы­нуы 1994 жылдың 6 шілдесі күні Қазақстан жоғары кеңесінің ел ас­танасын Алматыдан Ақмола қала­сына көшіру туралы Қаулы қа­былдағанымен тікелей байла­нысты. Ал Елбасы Нұрсұлтан На­зарбаевтың туған күнімен тұспа-тұс келгені – әрине, қуанышты жайт. Ол астананы көшіру туралы ел көкейінде жүрген нақты шешім­ді 1997 жылы қабылдады. Осы­лайша, 1998 жылы 6 мамыр күні Ақмола қаласының аты Астана болып ауысты. 2008 жылы Елба­сы­ның сөзімен айтсақ, «Еуразияның әлемге ашылған қақпасына» 10 жыл толған болатын. Жаңа мереке – «Астана күніне» орай, Қазақстанға Ресей Федера­циясының президентi Дмитрий Медведев, Түрiк Республикасының президентi Абдулла Гүл, Әзербай­жан Республикасының президентi Ильхам Әлиев, Армения Респуб­ликасының президентi Серж Сар­кисян, Тәжiкстан Республика­сының президентi Эмомали Рах­мон, Қырғыз Республикасының президентi Құрманбек Бакиев, Түрікменстан Республикасының президентi Гурбангулы Берды­мұ­хамедов, Грузия президентi Ми­хаил Саакашвили келдi. Елбасы елімізге келген шет мемлекеттердің президенттерімен екі жақты кез­десу өткізіп, оларға Астана мерей­тойына шақыруын қабыл алып, ал­тын уақыттарын қиып келген­дерi үшiн алғысын айтты. Осы күні елордадағы «Қазақ елі» монументінің ашылу салта­наты өтті. Идеяның негізгі авторы Елбасы Н.Назарбаев болатын. Монументтің биіктігі – 91 метр. Бұл Тәуелсіздік алған 1991 жылдың символизмдік үлгісі болатын. «Өткенге топырақ шашсаң, болашақ саған тас атады», – деген атадан қалған ұлағатты сөз бар. Тарихын ұлықтамаған, барын бағаламаған жұрттың бағы жанып, жоғы түгенделмейдi. Бүгiнгiдей кең байтақ жерi бар, киелi төрi бар қазақ шын мәнiнде, жұлдызы жанған бақытты халық. Алайда бұл бақыт бiзге оңайлықпен, өздiгiнен келген жоқ. Қазақ өз тарихында ұлт ретiнде талай мәрте жойылып кете жаздады. Тағдырдың талай ащы зары мен тауқыметiн тартты. Бүгiнгi тәуелсiздiкке дейiнгi ара­лықта халқымыздың сан ғасырлық аумалы-төкпелi тағдыры, арманы мен аңсары арпалысқа толы күресi жатыр. Iштей булыққан бұлқы­нысы мен өкiнiшi, жеңiстерi мен жеңiлiстерi де жатыр. Бүгiнде Ал­тай мен Атырау, Сыр мен Тобыл арасындағы байтақ өлкеде орын тепкен Қазақстан Республикасы ежелден қалған ұлы iстердiң, ұлағатты дәстүрлердiң, iргелi мем-лекеттердiң заңды мұрагерi болып саналады», – дедi Елбасы Нұр­сұлтан Назарбаев «Қазақ елi» мо­нументiн ашу салтанатында.

«Бейжің – 2008» – дағдарыстан серпілткен жаһандық дода

Осы жылғы әлемдік дағдарысқа қарамастан жоғары деңгейде өткен «Бейжің – 2008» Олимпиадасының бір алауы Алматыдағы «Медеу» спорт кешені арқылы эстафеталық жол тартқан болатын. Олимпиа­далық ойындардың басты рәмізін салтанатты табыс ету рәсімін Ел­басы Нұрсұлтан Назарбаев ашты. Сондай-ақ 8 тамыз күні ҚХР аста­насы Бейжіңде өткен ХХІХ жазғы Олимпиада ойындарының салта­натты ашылуына Елбасы Нұрсұл­тан Назарбаевтың өзі барып қа­тысты. Төртжылдықтың ең басты спорттық жарысының ресми ашы­лу салтанатына әлемнің 80-нен астам елінің мемлекет және үкімет басшылары қатысты. Жалпы, Бей­жің Олимпиадасына әлемнің 200-ден астам елінен 11 мыңға жуық спортшы қатысты. Олим­пиада ойындарында 41 спорттың түрінен 302 медаль жиынтығы сарапқа салынды. Бұл тәуелсіз Қазақ­стан­ның тарихындағы спорт­шыла­ры­мыз қатысып отыр­ған осы­мен төр­тінші жазғы олим­пиа­далық ойындар болатын. «Бей­жің –2008» олимпиадалық ойын­дарында қа­зақстандық спортшы­лар спорттың 6 түрінен 13 медаль иеленді.

Нұрлан ҚОСАЙ