Алматыда үш баласымен бірге суицид жасаған әйел: Куәгерлер оны қоқыс тастап жатыр деп ойлаған
Алматыда үш баласымен бірге суицид жасаған әйел: Куәгерлер оны қоқыс тастап жатыр деп ойлаған
Фото: kazlenta.kz

Алматыда үш баласымен бірге тоғызыншы қабаттан секіріп кеткен әйелдің оқиғасын көзбен көрген куәгерлердің бірі қайғылы оқиға орын алған кездегі көргендерін айтып берді.

Аулада жүрген ол алғашында келіншекті терезеден қоқыс тастап жатыр деп ойлағанын айтады. Тек сәбилер жерге құлаған кезде ғана оқиғаға көзі жеткен.

Куәгер құлаған үш баланың кішісі жерде біршама уақыт ауыр демалып жатып барып, көз жұмғанын айтты.

«Сегізінші қабаттағы қыз, "не істеп жатырсыз, лақтырмаңыз" деп айқайлады. Ол жүгіріп шығып, бақыра бастады. Сосын бір еркек, артынша мен де жүгіріп келдім, сол кезде осы жағдайларды көрдім. Балалар жерде жатыр, кішкентайы демалып жатты. Мен "жедел жәрдем" деп айқайладым, бәрі дәрігер шақыра бастады. Жедел жәрдем көлігі келді, ары қарай не болғанын білмеймін. Көзімнің көруі нашар, жоғарыдан қоқыс ұшып келеді екен деп қалдым. Бәрі де етбетімен жатты, жер-көктің бәрі қан», – деді атын айтқысы келмеген тағы бір куәгер.
Бұған дейін қалалық полиция балаларын лақтырып, артынша өзі де терезеден секіріп кеткен әйелдің мұндай қадамға отбасындағы жанжалдың кесірінен болғанын хабарлаған болатын. Марқұм 28 жастағы келіншек 2014 жылы күйеуге шыққан екен. Айта кетейік, қайғылы оқиға бүгін сағат 12:20 шамасында Алматыдағы Жетісу-1 шағынауданында болған еді. 28 жастағы әйел тоғызыншы қабаттан алдымен үш баласын лақтырып, артынан өзі секіріп кеткен. Балалардың үлкені – 6, ортаншысы – 5, кішісі 2 жаста болған.

Нұрболат АДЫРБЕК,

Алматы