Ауыл әкіміне жоғары білім қажет пе?
Ауыл әкіміне жоғары білім қажет пе?
366
оқылды
Әлбетте қазір қолданыстағы заңнамаға сай жоғары білімінің болуы ауылдық округ әкімі атан­ғысы келетін кез келген кандидатқа қойылатын басты талапқа жатады. Дегенмен ел ішінен арнаулы орта біліммен-ақ халықты соңына ерте алатын ықпалды азаматтар та­былады. Есесіне, елді мекендерде жоғары білімді, басшылыққа ла­йықты білікті маманды шам алып іздеуге тура келеді. Осы тұр­ғыдан алғанда ауыл тізгінін арнаулы орта білімі бар азаматтарға ұстатуда ұтарымыз көп болатын сияқты. Апта бұрын өткен Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің VI отырысында да дәл осы мәселе төңірегінде сөз қозғалды. Ауыл әкімдерінің сайлау институтын жетіл­ді­рудегі бұл бастама кандидаттар арасындағы бәсекені арттырып қана қоймай, арнаулы орта білімі бар азаматтардың жергілікті жердегі жоғары лауазымды қызметке сайлануына мүмкіндік бергелі тұр. Әзірге ұсыныс ретінде айтылған бұл бастаманың өміршеңдігі турасында біз пікірлескен сарапшылардың да ойы осыған саяды. Ауыл әкімдерінің қызметіне қатысты үлкен реформаның Президенттің өткен жылғы халыққа Жолдауынан басталып, биылғы шілде айынан іске аса баста­ға­нынан көпшілік хабардар. Сол реформа арқылы ауыл тұрғындары өз әкімдерін сайлау құқығына ие болды. Сонымен бірге елді мекендердің әлеуметтік-эконо­ми­ка­лық дамуына үлес қосуға ниетті 1 419 аза­мат әкімдік қызметке өзін-өзі ұсынды. Ел тарихында тұңғыш рет өткізілген ауыл әкім­дері сайлауының нәтижесінде ха­лықтың шынайы сенімі мен сайлау­шы­лар­дың басым дауысына ие болған 730 аза­мат ауыл әкімі қызметіне кірісті.

Теориядан тәжірибе маңыздырақ

Дәл осы реформаны одан әрі жетіл­діруде Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің мүшелері «Ауыл әкімі жоғары білімді болуы керек» деген талапты алып тастауды құп көреді.
– Ауыл әкіміне кандидаттың білім дең­гейіне байланысты қойылатын талапты жеңілдету туралы ұсыныс бізге тосыннан келмеді. Кеңес отырысында дәл осы баста­маға Президент назарын аударған әріп­тестерімізбен бірге 4 облыстағы 12 ауыл­дық округтегі әкім сайлауының басы-қа­сында болдық. Саяси партия жетекші­ле­рімен, кандидаттармен және ауыл тұрғын­дарымен болған кездесулерде негізінен дәл осы мәселе көтеріліп, олар бір ауыздан ауыл әкімінің сайлауында орта білімі бар азаматтарды кандидат ретінде тіркеуге алу­ды қолдады. Жалпы, ауылдарда бұл қыз­метке лайықты бірден-бір кандидаттар – шаруа қожалықтарының жетекшілері. Алайда оларда жоғары білім жоқ, – дейді Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің мүшесі, саясаттанушы Марат Шибұтов.
Кеңес отырысында Президенттің өзі бұл ұсынысты қолдап, оның заңды­лы­ғын жан-жақты зерделеуді салалық ве­дом­ство­ларға тапсырды. Олардың нен­дей қо­рытынды шығарып, қандай уәжге келері белгісіз. Әйтсе де, азаматтық қоғам өкіл­дері мен сала мамандары бұл баста­маны қолдауға лайықты деп бағалайды. Қазақстан Фермерлер одағының төрағасы Жигули Дайрабаев ауыл әкімінің кандидатурасын іріктеуде нақты жағдайды ескеріп, білімнен бұрын өмірлік тәжіри­беге иек арту қажеттігін айтады.
– Бұл мәселеге бүгінгі күннің тұрғысы­нан қарау керек. Қазір де ауылдан қалаға көшетіндердің қарасы қалың. Қалаға қа­рай алғаш болып жоғары білімді, қарым-қабілетті азаматтар бет түзейтіні де ешкім­ге жасырын емес. Осы тұрғыдан алып қа­рағанда ауыл өмірінен хабардар, ертелі-кеш, тіпті жыл он екі таусылмайтын ­қы­руар шаруаның бел ортасында жүрген арнаулы орта білімі бар азаматтарға әкім атануға мүмкіндік беруді құптаймын. Басқаны былай қойғанда, әлемде жоға­ры білімсіз-ақ алпауыт компанияның негізін қалап, дүниежүзіндегі ең табысты адамдар­дың қатарына енген тұлғалар та­былады, – дейді Дайрабаев.
Расында, алақандай ғана ауылды бас­қарып, оның тыныс-тіршілігін ұйым­дас­тыруда терең теориялық білімнен гөрі тәжірибеге иек артылатыны белгілі. Соны­мен бірге аздап құқықтық және қаржылық сауаттылықтың болуын да жоққа шығара алмаймыз.

Мәселе дипломда емес

Біздің бұл байламымыз «Болашақ» бағ­дарламасымен Ұлыбританияның Уор­вик университетінде білім алып, қазір СҚО, Уәлиханов ауданындағы Қайрат ауылдық округінің әкімі қызметін атқарып жүрген Ержан Битниевтің де пікірімен үндесті.
– Бүгінде шалғай ауылдарда маман тапшылығы бар. Сондықтан көп жағдайда ауыл әкімі қызметін мектепте директор немесе директордың орынбасары болған азаматтар атқарып жатады. Есесіне, ел ішіндегі арнаулы орта білімі және көш­басшылық қабілеті бар азаматтар ескерусіз қалып кетеді. 4 жылдық тәжірибесі бар басшы ретін­де ауыл әкімінің қызметі жоғары білімді аса қажет ете қоймайтынын сеніммен айта аламын. Мұнда оның тәжірибесі және ха­лықпен жұмыс істеу қабілеті іс жүзінде сыналады. Ал біз ауыл әкімі міндетті түрде жоғары білімді болуы керек деп заңмен шектеп қойдық. Бұл шектеу арнаулы орта білімді, қабілетті мамандардың жолына кедергі болуда. Оның үстіне әкімдік қызметке мектеп мұғаліміндей белгілі бір саладағы терең білімнің де қажеті шамалы, – дейді Ержан Қадырұлы.
Оған қоса ауыл әкімі атануға ниетті азаматтың жоғары білімді болуы керек деп талап қойғанда біздегі маман даярлаушы жоғары оқу орындарындағы білім сапасын ескермеске болмайды. Президенттің өзі былтырғы халыққа Жолдауында диплом басып шығарумен ғана айналысатын жекеменшік жоғары оқу орындарын сын тезіне алғаны есте.
– Ауыл әкімінің кандидатурасында басты мәселе оның жоғары білім туралы дип­ломының болуында емес. Ең әуелі кандидаттың ауылдың жағдайын білуі, халықпен жұмыс істей алуы сияқты қабілеттері ескерілгені жөн. Әсіресе, өзі әкім болғысы келетін ауылда өскені дұрыс. Оның үстіне біздегі жоғары оқу орын­дарындағы білім сапасы белгілі. Демек, білім деңгейі ауыл әкімін таңдауда шешуші рөлге ие болмауы керек, – дейді белгілі саясаттанушы Ербол Еділов.
Осылайша, Үкіметтің жергілікті жер­дегі ресми өкілі саналатын ауыл әкімінің біліміне қатысты пікір білдіргендер бір ауыз­дан университет аяқтаудың қажеті ша­малы екенін айтты. Расында, қарапа­йым қисынға салсақ, ауыл өмірінің бел ортасында жүріп, көзін еңбекпен тырнап ашқан, жоғары білім алуға қолының қысқалығы себеп болған азаматтардың әкімдік қызметті атқаруына ешқандай кедергі жоқ сияқты көрінеді.