АИТВ жұқтырғандар саны артып келеді. Дертті жұқтырған 400 адамның дені – Атырау қаласында. Оқушы, студент жастардан да анықталып отырған дерттің елу сегіз пайызы – ер-азаматтар.
Атырау облысында АИТВ жұқтырушылар саны жыл сайын тіркеледі. Ең алғаш 1993 жылдың қазанында бір адамнан анықталса, қазір дертті жұқтырғандар саны 400-ге жеткен. АИТВ жұқтырғандардың 321-і –қазақстандықтар, ал 79-ы – шетелдіктер.
Бұл туралы Атырау облыстық ЖИТС-ке қарсы күрес орталығы алдын алу бөлімінің маманы Мереке Баймұханова мәлім етті.
Биыл 10 айда 32 адамнан алғаш рет АИТВ анықталған. Вирус жұқтырғандардың 87 пайызы 15 пен 49 жас аралығындағылар екен. Бұл өткен жылдың осы уақытымен салыстырғанда 14 жағдайға көбейген.
Атырау облыстық ЖИТС-ке қарсы күрес және алдын алу орталығы эпидемиология бөлімінің меңгерушісі Ж.Төлемісованың айтуынша, індеттің құрығына іліккендердің 58,2 пайызы ерлер, ал 41,7 пайызы – әйелдер.
Олардың жас ерекшелігі әртүрлі. Мәселен, 19 жасқа дейінгілер 3,4, 20-39 жас аралығындағы 68,3, 40 пен 62 жас аралығындағы 28,6 пайыз адам вируспен күресіп келеді. Әлеуметтік мәртебесі бойынша нақтылайтын болсақ, 116 адам жұмыс істейді, 173-і еңбекпен қамтылмаған.
Маманның айтуынша, вирусты жұқтырудың негізгі жолы жыныстық қатынас. АИТВ адамдарға 80 пайыз осы жолмен жұққан. Бір сәттік ләззат үшін жеңгетайлықпен жолға қойылған бизнестің де бұл аурулардың таралуына жол ашып отырғаны сөзсіз. Одан қалса, бір шприцпен бірнеше нашақордың да қан тамырлары арқылы екпе салуы жұқтыру көрсеткішіне елеулі үлесін қосады.
АИТВ адамның иммун тапшылығы вирусы жұққан бойда ешқандай белгі байқалмайды. Бұл вирус иммундық жасушаларды жылдар бойы біртіндеп зақымдап, төртінші сатысына өткенде сырқатты асқындырып жібереді. Ең қауіптісі – ауру жұқтырғандардың өздері білмей тұрып, басқа адамдарға ауру жұқтырушы болатыны.
Бір қуанарлығы – Атырау облысында ЖИТС-пен есепте тұратын науқас жоқ. Біз көрсетіп отырған көрсеткіш – АИТВ жұқтырушылар. Олар дәрігерге үнемі қаралып, өз денсаулығына көңіл бөлген жағдайда өзгелермен бірге өмір сүріп, отбасылы бола алады.
Диспансерлік есепте тұрғандармен психолог, инфекционист, гинеколог, фтизиатр, дерматолог мамандар жұмыс істейді. Оларға қолдау көрсетіп, тиісті медициналық көмекті толық көрсете отырып, сапалы ұзақ өмір сүруіне жағдай жасайды. Емін үнемі қабылдап жүрген адам айналасындағыларға қауіпсіз. Олардың жағдайын түсініп, шеттетіп, оқшауламай, керісінше қолдау көрсетсек, бұл аурудың таралуын азайтуға мүмкіндік болады.
Атырау облыстық ЖИТС-ке қарсы күрес орталығында әлеуметтік осал топтарды қорғаныш құралдарымен қамту үшін достастық кабинеті мен сенім бекеттері жұмыс істейді. Бұл кабинеттердің медицина қызметкерлері рейдтерге шығып, қорғаныш құралдарын таратып, ағарту жұмысын атқарады. Алайда түрлі сала мамандарына, жалпы орта білім беретін мектептерде, арнайы орта және жоғары оқу орындарында мұғалімдер, оқушылар және студенттерге санитарлық-ағарту шаралары жүргізіліп, ақпараттық материалдар тарату жолға қойылса да, өңірде АИТВ жұқтыру көрсеткіші төмендемей тұр. Бұл дерттің мектеп жасындағылардан анықталуы дабыл қағарлық. Атырауда 6 мектеп оқушысы және осыншама студент АИТВ жұқтырған.
Жоғары оқу орнының студенті Нұрлы Талаптың айтуынша, дерек көздерінде әлемде әр 10 секунд сайын 1 адам АИТВ инфекциясын жұқтыратыны туралы мәлімет бар. Адамнан-адамға жыныстық жолмен, анадан балаға емізу арқылы және қан құю кезінде жұғатын дертті жұқтырған адамның ең жақын адамы ауырғанда донор бола алмайтынының өзі кім-кімді де ойландырса, қанекей...
Тұрсын ЖҰМАБЕКҚЫЗЫ,
Атырау облысы